Елбасының Алғыс хатымен марапатталды

Түркістан қаласында пандемия кезінде әлеуметтік көмекті үлестіруге атсалысқан ерікті жастарға Елбасының Алғыс хатын тапсыру салтанаты өтті. Марапатты облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев тапсырды.
Жастардың елге деген жанашырлығын жоғары бағалаған өңір басшысы «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, «Nur Otan» партиясының үйлестіруімен елімізде «Біз біргеміз» акциясы қолға алынды. Акция Түркістан облысында жоғары деңгейде өтіп жатыр. Игі істі жүзеге асыруда ерікті жастарымыздың елге көмегі көп болды. Карантинде де жұмыс істедіңіздер. Еңбектеріңізді Елбасы бағалап отыр. Отаншыл, мемлекетшіл азаматтар өздеріңіздей жалынды жастардың арасынан шығады» дей келе, оларды Түркістан облысының құрылғанына 2 жыл толуымен құттықтады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған болатын. Өңірдегі еріктілер сенімді ақтап жүр. Осы орайда «Біз біргеміз» акциясын жүзеге асыруға көмектескен Түркістан облысы «Jas Otan» жастар қанатының 138 еріктісі де Елбасының Алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты жиында облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Амалбек Өміртай өңір басшысына жастар атынан волонтерлардың бас киімін тапсырды. Облыстағы 40 мыңнан астам әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмекті үлестіруге 600-ден астам қоғам белсендісі, еріктілер атсалысты.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі.