Рухани жаңғыру – ұлт болашағының жарқын бастамасы

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамын көрсететін келелі ойларға, салиқалы пікірлерге, батыл шешімдерге толы құнды дүние. Бұл мақалада ұлттық болмысымызды әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтерілген. Автор Қазақстан үшін қайта түлеудің айрықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және халық санасының қалай өзгеретіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліскен.

Ал, Ұлттық жаңғыру дегеніміз, түптеп келгенде  ұлттық санамен тығыз байланысты. Түпкі мақсаты – ұлттық бірегейлікті сақтау. Ел ішінде бейбітшілік пен келісімді үйлестіре отырып, береке мен бірлік салтанат құрған табысты, бәсекеге қабілетті ел болу. «Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді» дейді Елбасы Н.Назарбаев. Ал, жаңғыру атаулы тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге жоғарыдан қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса, ол елді адастырады. Демек, рухани жаңғыру – ұлттық сананың түрлі жақсы жақтарын қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Қазіргі кезде жүріп жатқан саяси-экономикалық реформалар барысында еліміз бірқатар табыстарға қол жеткізуде. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Яғни ұлтымыздың барлық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға сай келеді. Руханиятқа, білім-ғылымға маңыз беру– үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерілеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Демек, мұны тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс деп те айтуға болады.

Ақыл-парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген азаматтарымыз көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті мемлекет болатыны айдан анық. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелестік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Бәсекеге қабілеттілік саясат пен экономикада, білім, ғылымда, технологияда, яғни барлық салада салтанат құруы тиіс.

А.МАҚҰЛБЕК, ОҚМУ-дің кафедра меңгерушісі.

Ж.ЖҮНІСБЕКОВА, оқытушы.

 

 

Пікір қалдырыңыз