ОЛАР КҮНІ-ТҮНІ ЖҰМЫС ІСТЕДІ
Коронавирусқа қарсы іс-шараларға жұмылдырылған 1409 полиция қызметкері ақшалай сыйақымен қамтамасыз етілген.
Маусымның бірінен бастап облыс, қалааралық блок-бекеттер алынды. Блок-бекеттерде өз міндеттерін мінсіз атқарған полицейлерді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков марапаттады. Полиция полковнигі полицейлерді марапаттау үшін арнайы Түркістан-Қызылорда күрежолындағы «Сауран» блок-бекетіне барды. Онда коронавирус індетінің таралу жолдарының алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында күшейтілген режимде жұмыс істеген полицейлермен тілдесіп, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтың алғысын жеткізді.
Полиция
департаментіне қарасты жергілікті полиция қызметінің инспекторы, полиция
лейтенанты Нұрбол Кужимовтың айтуынша, тәртіп сақшылары халық үшін әрқашан қызмет
етуге дайын.
-2 айдан астам уақыт ішінде күні-түні қызмет атқардық. Күшейтілген режимде жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен, біз үшін тұрғындардың амандығы, қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуы маңызды. Бұл - біздің міндетіміз. Сол себепті біздің еңбегімізді елеп-ескерген басшылыққа алғысымыз шексіз. Одан бөлек, 2 ай блок-бекетте атқарған қызметіміз үшін қосымша сыйақы берілді, - деді инспктор.
Айта кетейік, Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланғана салысымен 100-ге
жуық блок-бекет қойылды. Онда 1500-ге жуық тәртіп сақшылары қызмет етті.
Төтенше жағдай тоқтатылғаннан кейін облыста 8 блок-бекет қалған болатын.
Сонымен қатар, коронавирусқа қарсы іс-шараларға жұмылдырылған 1409 қызметкер
ақшалай сыйақымен қамтамасыз етілген.
«Оңтүстік»-ақпарат.