Tүpкicтaн облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы

24.05.2020 жыл, №20 Түркістан қаласы

«Түркістан облысы аумағында коронавирустық инфекциясының таралуын алдын алу жөніндегі шектеу іс-шараларды және карантинді ұзарту туралы»

Мен, Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Нұрбек Садықбекұлы Нышанов, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 7-1 бабы 1 тармағының 13 тармақшасы негізінде, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 22 мамырдағы №37 қаулысына, Түркістан облысы тұрғындарының арасында COVID-19 аурушаңдығының өсуіне байланысты, халық арасында коронавирустық инфекциясының таралуын алдын алу мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Түркістан облысының аумағында карантин және шектеу іс-шаралары 2020 жылы 25 мамыр күні сағат 07.00-ден бастап 2020 жылғы 8 маусым күні сағат 00.00-ге дейін ұзартылсын.

1) №1,2 қосымшаға сәйкес халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін автокөліктерді қоспағанда, азаматтардың Түркістан облысына кіріп-шығуына тыйым салынады;

2) облыс тұрғындарына халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін автокөліктерді (тамақ өнімдерін, дәрілік заттарды тасымалдайтын жүк және жеңіл көліктер, сондай-ақ мамандандырылған және қызметтік көліктер) қоспағанда, қала және аудан арасында жүруге тыйым салынады.

3) 2 және одан да көп адамның бірлесіп серуендеуі кезінде бетпердені міндетті түрде тағу және әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып (2 метрден кем емес) халықтың тұратын жерінен шығуына жол беріледі.

4) тұратын жері бойынша отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады;

5) таныстарына, көршілеріне, туыстары және әріптестеріне баруына тыйым салынады;

6) жерлеу іс-шараларын жүргізу кезінде кемінде 2 метр қашықтықты сақтай отырып, 20-дан астам адамның (отбасы мүшелерінің) жиналуына жол берілмейді;

2. Қала және аудан әкімдеріне, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасына, мемлекеттік органдардың басшыларына, Түркістан облысының полиция департаментіне және кәсіпкерлік субъектілеріне:

1) ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынсын.

2) сауда-ойын-сауық орталықтары жанындағы балалардың ойын алаңдары, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің, түнгі және фитнес клубтардың, тренажер залдардың (орталықтары), батут және фудкорттардың, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарының (дамыту, білім беру орталықтары, үйірмелер, факультативтер және т.б.) тамақты шығарумен және жеткізіп беру объектілерінен басқа қоғамдық тамақтану объектілерінің (асханалар, кафелер, барлар, ресторандар, тойханалар, мейрамханалар), жұмсақ балмұздақ сататын нысандардың, жұмсақ балмұздақ жеткізіп беретін нысандарды қоспағанда, компьютер клубтарының, моншалардың (кабинкаларынан басқа), сауналардың, мал базарларының, жеке және 15 адамға дейінгі оқу-жаттығу процестерінің жүргізуін қоспағанда спорт кешендерінің (үйірмелер, секциялар) қызметін тоқтата тұруды;

3) діни нысандардың қызметіне тыйым салынсын;

4) жұмыс алгоритміне сәйкес күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, медициналық орталықтар, стоматологиялық клиникалардың (кабинеттердің) жұмыс жасауы (жазылу бойынша);

5) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып және жұмыс режимін уақытша шектеумен, азық-түлік және азық-түлік емес базарларының сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істеуі;

6) жұмыс режимін сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін уақытша шектеумен, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, ауданы 500 шаршы метрге дейінгі азық-түлік емес дүкендердің жұмысы;

7) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып құрылыс дүкендерінің, саяжай мүкәммалын, оптика (дүкендер), гүл дүкендерінің, зоомагазиндердің адамдардың жиналуын және ұзақ әрі тығыз байланыста болуын болдырмайтын объектілердің жұмысы;

8) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, техникалық қызмет көрсету станцияларының, көлік жуу орындарының, шиномонтаждау, автобөлшектер дүкендерінің, автосалондардың жұмысы сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін (алдын ала жазылу бойынша);

9) медициналық бетперде киген келушілерді қабылдауды қамтамасыз етумен және күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, сұлулық салондарының жұмысы (алдын ала жазылу бойынша);

10) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, бизнес орталықтарының (сақтандыру компаниялары, адвокаттың, нотариустың, бухгалтердің және консалтингтік, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктің, ломбардтардың және т. б. қызметтері) жұмысы;

11) Халыққа қызмет көрсету жөніндегі объектілері күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, жиналуды және ұзақ әрі тығыз қарым-қатынасты болдырмайтын баспаханалық қызметтер көрсететін нысандар, тігін ательелері, аяқ киім шеберханалары, химиялық тазарту, кір жуу орындары, ұялы телефондарды жөндеу нысандарының жұмысы;

12) санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, халықтың тұруы бойынша қызмет көрсету саласындағы туризм объектілері мен ұйымдардың (қонақүйлер, демалыс үйлері, туристік базалар және т. б.) жұмысы;

13) көктемгі егіс жұмыстарына тартылған ұйымдар мен қызметкерлердің жұмыс алгоритмін сақтау:

14) медициналық ұйымдарда, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік нысандарда, балалар үйлерінде, әлеуметтік оңалту орталықтарында, мүгедек балаларға арналған оқу орындарында, интернат үлгісіндегі карантин және санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтау;

15) балалардың денсаулығын түзеу кабинеттерінің (алдын ала жазу бойынша) қызметкерлер мен балалардың денсаулық жағдайына бақылау жүргізумен (термометрия), ЖРВИ белгілері бар қызметкерлер мен балаларды шеттетумен, сондай-ақ күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып жұмыс жасауын;

16) күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, халыққа қызмет көрсету орталықтарының;

17) әлеуметтік қашықтықты және банкоматтардың, банктердің терминалдарының, POS-терминалдардың күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимін сақтай отырып, екінші деңгейдегі банктердің жұмысы;

18) қозғалыстың интервалын ұлғайтумен және линиядағы қозғалыс құрамын 50%-ға дейін азайтып, жұмыс алгоритміне сәйкес дезинфекция режимін күшейтіп қалаішілік қоғамдық көліктің қозғалысы сағат 7.00-ден сағат 21.00-ге дейін шектеумен жүргізілсін.

19) қоғамдық тамақтану обьектілері: мейрамханалар, барлар, кафелер, асханалар жұмысы азаматтардың осындай кәсіпорындарға бармай, өз бетінше шығару немесе тапсырыспен жеткізу режимінде сағат 8.00-ден сағат 22.00-ге дейін, жеткізу барысында санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, сонымен қатар дайын тағамдарды дайындау орындарында келесі талаптарды сақтай отырып шектелсін.

3. Қала және аудан әкімдеріне, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасына, Түркістан облысының полиция департаментіне, аумақтық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармаларына:

1) жұмысын қайта бастаған нысандарға санитариялық-эпидемиологиялық, санитариялық-дезинфекциялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізу;

2) карантин режимін және шектеу шараларын сақтамаған тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартуды қамтамасыз ету;

4. Қала және аудан әкімдеріне, Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасының басшысына:

1) клиникалық хаттамаға сәйкес тексеру үшін 3 күнге дейінгі мерзімге COVID-19 науқастарды инфекциялық стационарға жатқызуды. Симптомсыз вирус тасымалдаушылық кезінде (SARSCoV-2 ПТР РНК оң нәтижесі, өкпені аспаптық визуализациялау кезінде шағымдардың, клиникалық симптомдардың және патологиялық өзгерістердің болмауы) пациент емдеуші дәрігердің шешімі бойынша және Түркістан облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті аумақтық басқармаларының эпидемиологының келісімі бойынша шығарылады;

2) ЕАЭО елдерінен және Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автоөтпе жолдарында өткізу пункттері арқылы келген адамдар COVID-19-ға зертханалық тексеруге және 12 тәулік бойы үйде өзін-өзі оқшаулауға (үй карантині) жатады.

3) Вахталық әдіспен жұмыс істейтін, «Теңізшевройл» ЖШС объектілерінен демобилизацияланған адамдар COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін келген орны бойынша карантиндік стационарда 2 тәулікке дейін оқшаулауға жатады, оң нәтижелі адамдар емдеу үшін инфекциялық стационарға ауыстырылады, COVID-19-ға теріс нәтижелі адамдар 12 тәулік бойы үйде (үй карантині) оқшауланады. Үйде оқшаулау үшін жағдай болмаған кезде жергілікті атқарушы органдар айқындаған үй-жайларда оқшаулау ұсынылады.

5. Тиісті аумақтың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері өңірдегі қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантиндік шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдауға құқылы.

6. Облыс аумағына жұмысын қайта бастаған объектілер Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 22 мамырдағы №37 қаулысының қосымшаларында берілген талаптарды орындауы міндетті.

7. Қаулы меншік нысанына қарамастан барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы міндетті.

8. Осы қаулы барлық мүдделі ведомстволарға жеткізілсін, халықты БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы хабардар етсін.

9. Осы қаулының орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.

10. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Н.Нышанов

 

Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы «24» мамырдағы № 20 Қаулысына №1 қосымша

Түркістан облысына кіру және Түркістан облысынан шығу үшін рұқсат етілген көлік құралдары түрлерінің және азаматтардың ТІЗБЕСІ

1. Ауыл шаруашылығы және бал ара шаруашылығымен байланысты арнайы техника мен автокөлік құралдары.

2. Жүк тасымалдау және транзитті жүк тасымалдау:

2.1. Кез келген жүк түрлерінің транзиттік жүк тасымалдары: тек жүк көлігі; көлік құралдары тиелген немесе бос; жүргізуші және екі жолаушыдан артық емес;

2.2. Азық-түлік тауарларын, дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар, дезинфекциялық заттар (оның ішінде шағын көлемді, ірі көлемді және жеңіл көліктер) жүк көлігімен тасымалдау: көлік құралдары тиелген немесе бос; жүргізуші және екі жолаушыдан артық емес;

2.3. Құрылыс материалдарын, ЖЖМ (жанар-жағармай) және басқа да материалдарды жүк көлігімен тасымалдау (оның ішінде шағын көлемді және ірі көлемді): тек жүк көлігі; көлік құралдары тұрмыстық немесе бос болуы мүмкін; жүргізуші және бір жолаушыдан артық емес.

2.4. Халықтың қауіпсіздігін, тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ, санитариялық эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу үшін құқық қорғау және басқа да ұйымдардың арнайы инженерлік, құрылыс және әскери

техникасы.

3. Түркістан облысының қауіпсіздігі мен тіршілігін қамтамасыз ету үшін көлік құралдары және қызмет мамандары:

3.1. Медициналық көмек қызметтерінің, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтердің қызметкерлері, медициналық персонал, фармацевтикалық компаниялар, сондай-ақ қызметтік және жеке автомашиналарда медициналық мекемелердің қызметін қамтамасыз ететін ұйымдардың қызметкерлері мен зертханалық мамандары, бөгде адамдарсыз және отбасы мүшелерінсіз (дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, жүргізушілер – қызметтік куәліктерді, жеке куәлікті және жұмыс орнынан анықтамаларды көрсеткен жағдайда);

3.2. Азаматтық қорғау, өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері және апатты-құтқару жұмыстары, апатты-техникалық қызметтер, бөгде адамдар мен отбасы мүшелерінсіз (қызметтік куәліктерді, жеке куәлікті және жұмыс орнынан анықтамаларды көрсеткен кезде);

3.3. Жерлеу, салт-жоралық қызмет көрсету қызметтерінің қызметкерлері, сондай-ақ, растайтын құжаттары болған жағдайда 4 бірліктен аспайтын автокөлікте ілесіп жүретін 20 адамнан аспайтын жеке тұлғалар;

3.4. Мамандандырылған инкассаторлық көлік;

3.5. Қызметтік куәліктерін немесе жұмыс орнынан анықтамаларды көрсеткен жағдайда Түркістан облысының құқық қорғау және басқа да арнайы органдардың қызметкерлері (жеке автокөлігімен) және қызметтік көлікпен (бұл рұқсат басқа облыстар мен қалалардың органдарына қолданылмайды);

3.6. ҚР Ұлттық ұланының, ҚР Қарулы Күштерінің және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері мен қызметтік көлігі қызметтік куәлігін немесе әскери билетті және әскери бөлім командирі қол қойған қызметтік қажеттілігін растайтын құжаттарды көрсеткен жағдай; мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер тек арнайы автокөлікпен;

3.7. Бұрын Қазақстан Республикасының аумағына кірген шет мемлекеттердің азаматтары, олар Түркістан облысынан шыққан кезде;

3.8. Ерекше жағдайларда Түркістан облысынан емделуге кететін Қазақстан Республикасының азаматтары денсаулық сақтау мекемелерінің растайтын құжаттарын көрсеткен жағдайда;

3.9. Ерекше жағдайларда Түркістан облысына жедел емделуге келетін басқа өңірлердің тұрғындары Түркістан облысының денсаулық сақтау мекемелерінің растайтын құжаттарын көрсеткенде;

3.10. Медициналық картасынан үзіндінің негізінде емдеу аяқталғаннан кейін Түркістан облысының медицина ұйымдарынан шығарылған басқа өңірлердің тұрғындары;

3.11. Түркістан облысының перзентхана үйлерінен медициналық картадан үзінді көшірме негізінде нәрестелері мен босанған әйелдер;

3.12. Пойыздық және локомотив бригадаларының мүшелері, сондай-ақ, теміржол тасымалдау процестеріне қатысушылар, әуе кемелерінің экипаждары (қызметтік куәліктерді, жеке куәлікті және жұмыс орнынан анықтамаларды көрсеткен жағдайда);

3.13. Басқа өңірлердің тұрғындары және медициналық картадан үзінді көшірме бойынша карантиндік оқшаулаудан өткен шет мемлекеттердің азаматтары Түркістан облысынан шыққан жағдайда;

3.14. Автомобильдердің кіру және шығу құқығынсыз және оларды тасымалдау құралдарынсыз, КВИ талдауларынан басқа биоқалдықтар мен талдаулар жүргізуге арналған биоматериалдарды блокпостарда зертханалық қызметтер арқылы беруге рұқсат етіледі;

3.15. Зертханалық қызметтермен биоматериалдарды КВИ талдауларын жүргізу үшін автомобильдердің кіру және шығу құқығымен және оларды тасымалдау құралдарымен жеткізуге рұқсат етіледі;

3.16. Түркістан облысы бойынша төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік комиссияның арнайы рұқсаты бойынша ерекше жағдайларда Түркістан облысынан шығатын/кіретін адамдар.

 

Түркістан облысының Бас мемлекеттің санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы «24» мамырдағы № 20 Қаулысына №2 қосымша

Түркістан облысына кіруге және шығуға рұқсат етілген қызметтік көлік құралдарындағы қызметкерлер бөгде адамдар мен отбасы мүшелерінсіз (қызметтік куәліктерді, жеке куәлікті және жұмыс орнынан анықтамаларды көрсеткен кезде) және өңірдің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындардың тізбесі

1. «Казпочта» АҚ;

2.«Қазақтелеком» АҚ;

3. «КЕГОК» АҚ;

4. «ҚазТрансГаз» АҚ;

5. «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ;

6. «Азиатский Газопровод» ЖШС;

7. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ;

8. «Интергаз Орталық Азия» АҚ;

9. «ҚазТрансОйл» АҚ;

10. «ҚазақстанТемірЖолы» ҰҚ» АҚ;

11. «Қазавтожол» АҚ;

12. «Қазахавтодор» ЖШС;

13. Ұялы байланыс операторлары;

14. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС;

15. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ;

16. Телекоммуникация байланыс операторлары (Транстелеком, Казахтелеком, «ASTEL» АҚ, «KazTransCom» АҚ Шығыс филиалы, «DiTel» ЖШС, «Nano Tech Service» және барлық телекоммуникация ұйымдары);

17. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалы.

 

Пікір қалдырыңыз