Халқымыздың бірлігі бәрімізге күш-қуат береді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 мамырда Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзінде дерттің таралуы әлі де бәсеңдемей отырғанын айтты. «Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады» деді Президент. Дегенмен, қазіргі таңда 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шыққан. Сондай-ақ, саябақтар ашылып, жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді. Мұнан бөлек, елімізде біраз дүкендер, сән салондары, білім орталықтары, тағы басқа нысандардың қызметі де қайта жанданбақ. Айта кетерлігі, соңғы екі айда халықтың денсаулығын қорғау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылған. Халық ескеретін бір жәйт, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстанған дұрыс. Көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру, әлеуметтік арақашықтықты сақтау қалыпты жағдайға айналуы тиіс. Көшеде топтасып жүретіндер 3 адамнан аспауы керек. Ал, мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істей береді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде облыстар арасындағы көлік қатынасына қатысты шектеулер қала беретіндігін айтты. Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді.
Бұл – ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе. Жұмыс орнында әлеуметтік арақашықтық және қатаң санитарлық режим сақталуы қажет.
Мемлекет басшысы 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілгенін еске салды.
«Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, ел Президенті өңдеуші кәсіпорындарды қолдауға қатысты тапсырма берді. «Өңдеу өнеркәсібіне екпін қоя отырып әртараптандырылған экономиканы құру – біздің басымдық болып қала береді. Осы секторда ұзақ мерзімдегі жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстанның Даму банкін қосымша каптиталдандыруды қамтамасыз ету керек» деді Мемлекет басшысы. Мұнымен қоса Президент озық өнеркәсіптік жобаларды қолдауға қатысты тиісті қадамдарды атап өтті.
«Сонымен бірге, өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері аясында жиналатын қаржы есебінен Өнеркәсіпті дамыту қорын құруға болады. Оның жұмысы үдемелі өңдеуші кәсіпорындарды үш пайыздан астам емес ставка бойынша қолжетімді несиелеумен қамтамасыз етуге бағытталады» деді Мемлекет басшысы.
Қазіргі уақытта азаматтарды қолдау мен бизнесті дамытуға арналған осы және басқа да шараларды жүзеге асыру үшін экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Бұл жоспар жуық арада бекітіледі. Мемлекеттік органдар оны жүзеге асырудың барлық жолдарын мұқият пысықтауы қажет.
Мұнан бөлек алдағы уақытта мемлекеттік қолдауға, күрделі шақта әлеуметтік қолдауға, лайықты зейнетақыға – тек ресми жұмыс істеп, салық төлейтін азаматтар ие болмақ. Сол себепті уақытша жұмыссыз қалған азаматтар мен дәл осы санаттағы азаматтар – Үкімет пен әкімдердің жіті назарында болуы тиіс. Үкімет еңбек нарығындағы тіркеуді барынша жеңілдетіп, процедураларды қысқартып, жұмыссыз қалу мәртебесі мен тиісті төлем беру ісін жеңілдетуі тиіс.
Үкімет бірнеше өңірдегі ауылда «алқаптан сөреге дейін» кооперациялық тізбекті дамыту бойынша ілкі жобаны іске қосуы тиіс.
«Қазіргі ахуал белгілі шындықты нақты қуаттап берді: азық-түлік қауіпсіздігі – толықтай алғанда мемлекет қауіпсіздігінің басты элементі. Сондықтан біз шаруаларға барынша қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатқан форардтық сатып алуларға қосымша оффтейк-келісімшарттар енгізу және «ҚазАгро» кредиттері бойынша берешектерді қайта құрылымдау жолы арқылы қаржыландыру тетігі кеңейтіледі» деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ҚР Үкіметі Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңес құруы қажеттігін айтты.
«COVID-19 және соған ұқсас вирустар бір реттік құбылыс емес сияқты. Сондықтан бізге практикалық тұрғыда ғана емес, сонымен бірге ғылыми көзқарас тұрғысынан да үнемі дайын болу қажет. Үкіметке беделді ғалымдар мен сарапшыларды тарта отырып, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңес құрғаны жөн» деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президентінің пайымынша, білімді барынша икемді жасап, балалар мен студенттерді қашықтан оқыту режимінің хаттамалары мен әдістемелерін әзірлеу, еліміздің барлық оқу орындарын шынайы цифрландыруды аяқтау қажет.
«Заманауи қашықтан оқыту технологияларын қарқынды енгізу қажет. Білім беру бағдарламаларының мазмұнын қайта қарап шығып, оларды қолжетімді және интерактивті жасау керек. Педагогтардың өзін дайындау жаңа талаптар ескеріле отырып жүзеге асырылуы тиіс» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Денсаулық қорғау жүйесінде түбегейлі өзгерістер керек. «Қазіргі дағдарыс бүкіл әлемге медицина, білім беру, әлеуметтік қорғау сынды әлеуметтік сала мәселелері қаншалықты маңызды екендігін көрсетіп берді. Бізге денсаулық қорғау жүйесінің сапасын арттыруға, медициналық мекемелерді толыққанды технологиялық қайта жабдықтауға, медицина қызметкерлерінің құзіретін арттыруға бағытталған түбегейлі өзгерістер қажет. Шұғыл әрекет ету жүйесін бейімдеу кез келген сипаттағы төтенше жағдайға талап етіледі» деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы халықты инфекциялық бақылау, телемедицина енгізу және қашықтан диагностикалау үшін әдістер әзірленуі тиістігін баса айтты.
«Ұлттық санитарлық-эпидемиологиялық қызметті түбегейлі күшейтуге тура келеді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы шетелдік капиталға деген бәсеке қызған шақта капиталды ұстаушының әрбірімен тікелей жұмыс жүргізу керектігін мәлім етті.
2020 жылдың 1 қазанына дейін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты банкроттық процедураны қозғауға тыйым салынады.
«Өкінішке қарай, бүкіл әлемдегідей біз де барлық кәсіпорындар мен барлық жұмыс орындарын сақтап қалып, әрбір бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз ете алмаймыз. Сондықтан төтенше жағдай режимінің енгізілуінен барынша зардап шеккен экономика секторлары үшін нормативтік деңгейде төтенше жағдай режимінің енгізілуі форс-мажорлық жағдай деп мойындау маңызды. Бұл ретте жеке кәсіпкерлік және шағын бизнес өкілдері сотқа жүгінген кезде төтенше жағдай форс-мажорлық жағдай деп мойындалуы тиіс» деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы осынау қиын-қыстау кезеңде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігін қолдау, жекеменшік пен бәсекелестікті қолдау маңызды екендігіне назар аударды.
«Жосықсыз кредиторлар тарапынан қысымға жол бермеу мақсатында осы жылдың 1 қазанына дейін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты банкроттық процедурасын қозғауды тоқтатуды тапсырамын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
1 мамыр күні Өзбекстан Республикасындағы «Сардоба» су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысында су тасқыны болғаны белгілі. Мемлекет басшысы қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың дүние-мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету басты назарда тұрғанын айта келіп, «зардап шеккен ауданға көмектесіп жатқан азаматтардың бәріне ризашылығымды білдіремін» деді.
Комиссия отырысын қорытқан Мемлекет басшысы: «Біз күрделі кезеңді бастан өткерудеміз. Халқымыздың бекем бірлігі бәрімізге күш-қуат береді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Біз бұған дейін талай сынақтан сүрінбей өттік. Бұл қиындықты да еңсереміз» деп Қазақстан халқына ақжолтай тілегін арнады.