Екі елдің Үкімет басшылары
Мырзакент ауылында жаңа шағынауданның құрылысын бастап берді
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Мақтаарал ауданында болып, Мырзакент кентінде Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Ариповпен кездесті.
Үкімет басшылары Мақтаарал ауданының су басқан аумақтарын аралап көрді, сондай-ақ Жаңажол ауылдық округінің Нұрлыжол, Өргебас және Фирдоуси ауылдарында болып, су тасқыны салдарын жою аясында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.
Апаттық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарға 1300-ден астам адам мен 220 техника, оның ішінде Өзбекстаннан 200-ден астам маман мен 100-ге жуық өрт сөндіру машиналары, экскваторлар, тракторлар, су сорғыштар және басқа да техникалық құралдар жұмылдырылды.
Мақтаарал ауданының әкімшілік орталығы Мырзакент ауылында Қазақстан мен Өзбекстан Премьер-министрлері жаңа шағынауданның құрылыс жоспарымен танысып, алғашқы тұрғын үйлердің іргетасын қалау рәсіміне қатысты және тұрғындармен кездесу өткізді.
Мырзакент кентінде су тасқыны салдарынан зардап шеккен Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Достық елді мекендерінен 500 отбасы үшін жеке тұрғын үйлер, мектептер, балабақша мен фельдшерлік пункттер салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын екі елдің мамандары бірлесіп жүргізетін болады.
А.Мамин мен А.Арипов Фирдоуси ауылындағы қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын тексеріп, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғындары жаңа немесе жөнделген баспанамен толық қамтамасыз етілетінін атап өтті. Олардың әрқайсысына республикалық бюджеттен 100 мың теңгеден беріледі. Сонымен қатар іскерлік топ өкілдері зардап шеккендерге демеушілік көмек көрсетеді.