Еріктілер елеулі-елеулі істер тындыруда

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов және «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев Мақтаарал ауданында жұмыс істеп жүрген еріктілермен кездесті. Олар басқосуда волонтерлардың жұмыстарымен танысып, алдағы уақытта атқарылатын шаруаларды түсіндірді.

Ауданда орын алған төтенше жағдайға байланысты облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Жастар орталығының жанынан «Біргеміз, Мақтаарал» волонтерлар штабы құрылған. Штаб жетекшісі болып «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Амалбек Өміртай бекітілді.

Аудандағы ауылдарды тасқын су басуына байланысты жалпы 31 мыңнан астам азамат қауіпсіз аймаққа эвакуацияланса, бұл жұмыста да еріктілердің үлесі бар.

«Волонтерлық жұмыстарға «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері де белсене қатысуда. Еріктілер эвакуациялық бекеттерде күштік құрылымдардың шаруасына да көмектесіп жатыр. Төтенше жағдай орын алған алғашқы күндерде жергілікті ауыл жастарынан ұйымдастырылған волонтерлық топтар 12 шақырым қорғаныс бөгеттерін тұрғызуға атсалысты. Сонымен қатар, олар мәдениет, қоғам қайраткерлерімен бірігіп, тұрғындарды сабырлылыққа шақыру жұмыстарына да белсене араласуда» деді облыстық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Жансерік Жұман.

Бұдан бөлек, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының жастары мен волонтерлық ұйымдардан, республикалық «Jas Otan» жастар қанатынан гуманитарлық көмектер келуде. Бүгінгі таңда волонтерлардың күшімен тұрғындарға 10 мыңнан астам медициналық бетперде мен антисептикалық құралдар таратылып берілді.

 Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.


Пікір қалдырыңыз