«NUR OTAN»-нан гуманитарлық көмек келдi
Мақтаарал ауданына «Nur Otan» партиясының 40 тоннадан астам гуманитарлық көмегі келіп жетті. Бұл көмек «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің бастамасымен «Біз біргеміз» акциясы аясында жолданып отыр.
Тұрғындарға бірінші кезектегі қажет заттар мен азық-түлік Мақтаарал ауданындағы апатқа байланысты құрылған штабтың орталық қоймасына жеткізілді. Партия ұсынған 40 тонна азық-түлік 1500 отбасыға 30 келіден теңдей үлестіріліп беріледі деп жоспарланған.
Түркістан облысының әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев гуманитарлық көмекті жеткізген азаматтарға ризашылығын білдірді.
«Елбасы, «Nur Otan» партиясы әрдайым қиындықта қалған елдің жанынан табылып, көмек көрсетіп келеді. Міне, бүгін Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы көмек келіп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Мақтааралды қалпына келтіруді назарда ұстап, қолдау көрсетіп жатқанын да білесіздер. Қазір бізге қол күші, сіздердің жәрдемдеріңіз қажет. Бірнеше бағыт бойынша жұмыс айқындалып жатыр. Эвакуациялық орталықтарда, азық-түлік қоймаларында тұрғындарға жағдай жасалуы тиіс. Осы ретте
«жасотандықтар» жастарды, еріктілерді ұйымдастырып, ортақ іске жұмылдыруы керек» деген облыс әкімі бұл жұмыстарды үйлестіруді «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаевқа тапсырды.
Мақтааралдық тұрғындар қиын кезеңде елдің қасынан табыла білген жетекші партия өкілдеріне алғысын жеткізді. Су тасқынына байланысты штаб құрылған күннен бастап «Nur Otan» партиясының өкілдері мен «Жас Отан» жастар қанатының жастары Мырзашөлге шұғыл аттанып, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетіп жатыр. Олар еріктілер штабын құрып, гуманитарлық көмекті үйлестіруге және басқа да жұмыстарға тартылған.