Қаракер атты Өрісбай үш майданның ардагері еді

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

1939 жылы «Ұйымшыл» ұжымшарының төрағасы Өрісбай Бәйдібеков КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына ұсынылды да Мәскеуге жол тартты. Ауылдан ұзап аттап қадам баспаған төрағаға бәрі де таңсық еді. Әйткенмен, оған бәрінен де айрықша тосын көрінгені «Мәскеулік қамсыздандыру» деген жүйе еді. Осы жүйе бойынша қала тұрғындары таңертеңгі сағат 9.00-де жұмысында отырады да сағат 18.00-де теп-тегіс үйлеріне, кинотеатрларға, демалыс орындарына асығады. Әйелдері қолшатыр ұстайды. Кішкене сөмкелерін қолдарынан тастамайды. Олар көбіне дүкендер аралайды. Қызметкерлері де, қарапайым жұмысшылары да жарасымды киінеді. Дүкендері азық-түліктің неше түріне сықап толып тұр. Тіпті, жылқының етіне дейін табылады. Өрісбай консерві дегенді алғаш Мәскеу дүкендерінен көрді.

Кешқұрым Мәскеу көшелеріндегі жарық самаладай жарқырайды. Көп қабатты үйлердің бірде-біреуінде жарық өшпейді. Таңертең автобуспен жұмысқа бара жатқандар, дүкенде кезекте тұрғандар кітап, газет-журнал оқиды. Барқадамды адамдардың бақуатты тіршіліктеріне тәнті қаласың. Ал, Одақтың түкпір-түкпірінен келген депутаттар алдында Сталин кеңес өкіметінің барлық одақтас республикаларында осындай аста-төк тоқшылық заман орнап келеді дегенде Өрісбай жағасын ұстады.

Ол 1902 жылы Қазығұрт тауының баурайындағы қазіргі Төлеби ауданы, Ұйымшыл ауылында дүниеге келді. Көзін тырнап ашқалы көріп келе жатқаны жоқшылық, тапшылық, жүдеу өмір. Ол он бес жасқа толғанда дүние дүрлігіп барып, әупіріммен басылды. Кеңес өкіметі кедейлерді байлармен теңестіреміз деп жанталасты. Артель, серіктестік, қосшы дегендер ұйымдастырылды. Артынша олар колхозға біріктірілді. Сайын далада мал бағып, қымыз ішіп күнелткен қазақ кетпен-күрек ұстап, қолдары күс-күс болып, күнге қақталып, еріндері кезерді. Бір таңырқатарлығы, осы жұмыстардың бәрі тауық шақырған бозала таңнан күн батып, көз байланғанша жалғасатын. Жоспар деген бір «жендет» шықты. Бір әйел күніне 25 сотық жерді аударып шығуы тиіс. Ал, ер-азаматтар иығына бұдан да ауыр жұмыстар артылды. Сөйтіп жүрген шаруалар бір уыс бидайға зар еді.

Осылай «шықпа, жаным, шықпа» деп өлместің күйін кешіп жүргенде аждаһадай аранын ашып отыз бір, отыз екінің ашаршылығы келді. Алыс-жақыннан төбе құйқаңды шымырлатар суық хабар жетіп жатты ғой. Босқан жұрт Ташкент, Ауғанстан аса бастапты. Орта жолда қырылып, ақ сөңке болып қалғандары қаншама. Колхоз астығынан бір уыс бидайды бергізу қиынға айналған соң Өрісбай еңбекшілерге бау ектірген. Алма, өрік қағынан сусын жасап ішкен тұрғындар бұл қасақана ұйымдастырылған қырғыннан да әупірімдеп өтіп еді. Қас қылғанда қырық бірінші жылдың қаһарлы күндері төніп келе жатты.

Өрісбай бұл кезде аудандағы іргелі шаруашылықтың тізгінін ұстап тұрды. Дестелеп сөйлеп кеткен кезде аузымен құс алатын шешен, еңбекшілерді жұмысқа жұмылдырғанда көш бастай алатын көсем жігіт аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына да ұнайтын. Ол өз ұлтына жүрек төрінен орын берді, іске жарайтын адамдарды демеп, атын оздырып жіберуге күш салды, көмек сұрап келгендерге «жоқ» демей, жыртығына жамау болып жүрді. Сондықтан ба, бірінші хатшы да, аудандық әскери комиссар да алдына әлденеше барса да «сендей азаматтар мұнда да ауадай қажет, майданға азық-түлік, киім-кешек жөнелтуіміз керек. Соны ұйымдастырып, дайындайтын сендерсіңдер» деп майданға жібермеген.

Бір күні Өрісбай қыстаудағы қойшының үйіне келсе, пеші тартпай, үйдің ішін көкала түтін басыпты. Шиеттей балалар шырылдап бұрыш-бұрышта бүрісіп отыр. Осыны көрген Өрісбай шыдай алмады. Пешті бұзып, қайта орнатты. Сылап, от жағып көріп еді, мұржасы жалынды гүр етіп тарта жөнелді. Әп-сәтте үй іші жылып сала берді. Балалардың бетіне қан жүгірді.

Малшылардың жай-күйімен танысып, керекті кеңесін, көмегін беріп ауылға оралса, Мекенбай деген көмекшісі қолына қызыл шүберек байлап, екі езуі екі құлағында, далақтап алдынан шықты.

– Аудандағылар мені қойманың бас қазынашысы әрі қарауыл етіп сайлап кетті. Ендігі жерде қойма кілті менде болады, – дейді танауы делдиіп.

Өрісбай көмекшісінің шаш ал десе бас алатын ит мінезін білуші еді. Аудандағылар қолына бір жапырақ қағаз ұстатып, білегіне қызыл шүберек байлап кеткен соң амал қанша, көнді. Алайда, Мекенбай қолына билік тиген соң, елге қырғидай тиді. Колхозшыларға масақ та тергізбей, жұмыстан қайтқанда қойын-қоныштарын тінткілеп, зықысын шығарды. Өрісбай бұған «олар туыстарың ғой, аштан қатырмақсың ба?» деп жұқалап айтып көрді. Өйткені, Мекенбайдың қалтасынан бірер уыс бидай шыққан адамға жау көргендей шүйлігіп «өкіметті тонап жатырсыңдар, ә? Көздеріңе көк шыбын үймелетіп, итжеккенге айдатып жіберейін бе?» деп зіркілдеп жатқанын талай көрген. Қойма кілті өзінде жүргенде Өрісбай ауыл тұрғындарын аш қылмады. Ал, Мекенбай колхоз төрағасының жазып берген рұқсат қағазына пысқырмады да. «Колхоздың астығы – өкіметтің астығы. Оны ешкімге бере алмаймын» деп қасарысты. Оу, «Мекенбай-ау, ағайынбыз, туыспыз, қандаспыз, аштан қатырамысың, түге!» дегендерге «Сталин жолдасқа қарсысың ба? Партияға қарсысың ба?» деп өрекпіп, өршеленіп кететін.

Мекенбай мен Мекенбай сияқтылардың қысастығы мен қастандығы, көреалмаушылықтарынан әбден запы болған Өрісбай бір күні қойманың есігін айқара ашты да барлық колхозшыларға бидайды теңдей етіп бөліп берді.

– Облыстан, ауданнан тексерушілер келер, мені айтыңдар. Бәрің бірдей аштан қатқанша, мен-ақ сотталып кетейін, – деді ол ауылдастарына.

Ертеңіне қаракер атымен облыс орталығына суыт аттанды. Басшыларға «қылмысын» мойындап, айыбын майданда өтеп, жазасын қанмен жуғысы келетінін жеткізді. Облыс басшылары ауданмен байланысты. Аудандағылар колхоз төрағасының тындырымдылығын, іскерлігін, адалдығын айтып ақтап алғысы келген болар, сірә, алайда, облыстағылар істі ушықтырмай, оны майданға жіберу керек деп шешті. Қырық бірінші жылдың күзінде Өрісбай даңқты Волоколамск тас жолындағы шешуші шайқаста ерлігімен көзге түсті. Мәскеу түбіндегі «Красная поляна» деревнясын неміс фашистерінен азат етуге қатысты. Атқыштар дивизиясы пулеметшілер взводының командирі Өрісбай Бәйдібеков Берлинге дейінгі жолды жүріп өтті. Жауынгерлік ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен және көптеген медальдармен марапатталды.

Жеңіс жауынгерлері Берлин көшелерінде аяқтарын нық басып келе жатты. Олар енді «әне-міне, елге қайтамыз» деп үміттеніп жүрген. Бірақ, тап осы кезде кеңес өкіметі мен Жапония арасында қақтығыс басталған еді. Жапон самурайларын өз ошақтарында талқандап, қос қырғыннан аман қалған жауынгер туған елге көл-көсір сағынышын арқалап келе жатты. Майданға аттандырып тұрып маңдайынан сүйген аяулы анасы түсінен шықпай-ақ қойған. «Аяулы анашым, мені көргенде қалай қуанар екенсің?» деп жүрегі жұлым-жұлым болып ұзақ ойланды. Алайда, бір Аллаға перзентін тапсырып, көз жасын сығып қала берген аяулы жанды ол қайта көре алған жоқ. Ана қабірі басында майдангер егіліп тұрды.

– Анашым! Аманатыңды адал орындап оралдым. Ақ сүтіңді ақтадым. Ботаңның елге аман-есен келгенін көре алмадың-ау, – деп жұбана алмай ұзақ жылады.

Қан майданда Өрісбай да әлденеше рет жарақат алды. Жауырынына оқ қадалды. Оң қолының саусақтарын оқ жұлып кетті. Әйткенмен, жаралы жауынгер ауылына оралысымен бір күн де текке жатпады. Аудан басшылары оны қайтадан «Ұйымшыл» колхозына басқарма төрағасы етіп бекітті.

Бір күні Өрісбай малшыларды аралап келе жатты. Жылқышылар қасына келгенде сүйріктей сұлу бір қаракер ат үйір ішінен кісінеп шығып, бұлар тұрған жерге шауып келді. Өрісбай өзі майданға кеткенге дейін мініп жүрген қара сүмбіл атты бірден таныды. Жылқы да иесін иығынан, мойнынан иіскелеп тұра қалды. Сонда қаракер аттың қос жанарынан парлаған жасты көрген адамдар шыдап тұра алмады.

...Теміржол вокзалына келген Өрісбай қаракер аттың жүгенін көше сыпырып жүрген бір қарт кісінің қолына ұстатып тұрып:

– Ақсақал, мен майданға кетіп барам. Мына атты мүмкіндігіңіз болса «Ұйымшыл» колхозына жеткізіп берсеңіз, – деп аманаттап кетіп еді.

Қазақ қашан да аманатқа қиянат жасамаған. Өрісбай кейін вокзал маңынан сол бір ақсақалды көп іздеді. Қайран қазағымның қарағайдай қайратты да ақжүрек қарттары-ай десеңізші! Қайда кетті екен? Әлде ақ тырнаға айналып, ұзақ сапарға аттанды ма?

Елуінші жылдары Өрісбай Нұргүлді жолықтырды. Жеңгелері оны Тәутеш деп атайды екен. Түркістандағы педагогикалық училищені бітірген Тәутеш кейін Шымкент педагогикалық институтына оқуға түсті.

Өрісбай Бәйдібеков «Ұйымшыл» колхозын қырық жыл басқарды. Ауылда мектеп, мәдениет ошақтарын, тұрғын үй салдырды. Ауыл ажарланып, күннен-күнге көркейе түсті. Колхоз экономикасы еселеп артты. Осы жемісті еңбегі үшін ол «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, көптеген медальмен марапатталды. Он рет қатарынан аудандық Кеңестің депутаты болып сайланды.

Өрісбай мен Тәутештен тараған он перзент те еліне елеулі, халқына қалаулы болып өсіп-өнді. Алды медицина ғылымдарының докторы, соңы педагогика ғылымдарының кандидаты. Бұл шаңырақтан сондай-ақ дәрігер, мұғалім, экономист, бухгалтер шықты. Өрісбай атаның немересі Гүлісхан Нахбаева шахмат спортынан бүгінде әлемді мойындата бастады. Ол – халықаралық дәрежедегі гроссмейстер.

Иә, Өрісбай Бәйдібеков Отанға шексіз қызмет етудің өнегесін көрсеткен ерлердің бірі. Тіршілігінде барақатты, белсенді, қарбалас-қиындықтарға толы ғажап та жарық ғұмыр кешті. Осындай адамдардың арқасында дүние көркем де ғибратты. «Өткенді білу – өскеннің белгісі» деп халқымыз бекер айтпайды. Ендеше, Өрісбай ақсақалдың тағлымы мол өмірі мен қызметі егемен елдің жас құрақтай желкілдеген өрендері үшін таптырмас қазына.

 


Пікір қалдырыңыз