Құрақ құрап, көрпе тігеді

Түлкібас ауданында ешкімге алақан жаймай, күнделікті нәпақасын қолөнермен тауып жүргендер аз емес. Солардың бірі – Төребаевтар отбасы. Т.Рысқұлов ауылының тұрғыны Ғалымжан Төребаев жары Перизат екеуі бірнеше жыл бұрын тапсырыспен көрпе-төсек тігіп, сатумен айналысты.

Қолдарынан шыққан бұйымға көпшіліктен сұраныстың жоғары екенін түсінген ерлі-зайыптылар кәсіптерін кеңейте түсті. Сөйтіп, базардан «Балжан» қыз жасауы орталығын ашты. Бүгінде бұл орталық қыз ұзатып, келін түсіріп, құда болуға талпынған жандардың кәдесіне жарап тұр. Перизат Ломоносов мектебінде бастауыш сыныпқа сабақ береді. Қолы қалт еткенде сүйікті кәсібімен айналысады. Сүндет той, тұсаукесер, бесік тойға арналған жасауларды ерінбей-жалықпай, өз қолдарымен тігіп, тапсырыс берушінің көңілінен шығуға талпынады. Сондай-ақ, тойбастар, құда тоғыз, ағайын тоғыз, ентікпе, тағы басқа кәде-сыйлардың қоржындарын да даярлап, сатады. Көмекші екі тігінші келіншек бар. Олар да еңбектеріне қарай ақыларын алып, бала-шағаларына ырзық тауып отыр. Үлкен екі ұлы да қолғанат. Ал, орталықтарының атауын кішкентай қызы, балдай тәтті Балжанның атымен атапты.

– Біз ең алдымен сапаға мән береміз. Сапасы мықты мата мен мықты жіптерді ғана таңдаймыз. Сонымен бірге көрпенің түсі, дизайны, құрақ – оюлардың көз тартарлық мінсіз болуын қадағалаймыз. Халық – сыншы ғой, талғамдары да жоғары. Қымбат, арзан деп жатпайды, балаларының қуанышы үшін олардың қажеттеріне жаратады. Ал, біз елден алғыс алсақ, тапқан табысымыз сіңімді, еңбегіміздің өнімді болатынына көз жеткіздік, – дейді Ғалымжан.

«Адамның бір қызығы – бала деген» демекші, ұлын есейтіп, қызын бойжеткізген әрбір ата-ана оларды аяқтандырып, құтты орындарына қондыруды армандайды. Жиғанымыз тойға шашылсын деген халықпыз ғой. Ұл-қызының жасау-жарақтарын да жап-жақсы етіп беруге тырысады. Бұл тұрғыда жақсы ниет жолында, адал кәсіп атқарып жүрген Төребаевтар отбасының абыройлары асқақ.

Жақында қызын ұзатқалы отырған Құлан ауылының тұрғыны Ш.Елубаева «келесі айда қызымды ұзатпақпын. Көрпе жасауын сақадай-сай дайындап қойып, жайбарақат жүрмін. Басында Шымкент қаласының тігіншілеріне тапсырыс берсем бе екен деп ойланып жүргенде, бір танысым өзіміздің базардағы Ғалымжанның көрпе-төсектерін көр деп кеңес берді. Барсам, әп-әдемі, жинақы, тігістерінде мін жоқ. Ойланбастан сатып алдым. Сіңлім де осы кісіге тапсырыс берді» дейді бізге.

Перизаттың ісмерлігі анасы Замирадан дарыпты. Ғалымжан жары екеуі әу бастан бұл кәсіптерін қолдағы қаржыларымен бастаған. Енді кәсіптерін өрістетіп, жеке цехтарын ашуға талаптанып жүр. Халық сұрап тұрса, қалап тұрса істерін неге өркендетпеске?! Ендеше, кәсіптерің берекелі болғай дейік оларға.

Айгүл СҮНДЕТОВА. Түлкібас ауданы.

 

Пікір қалдырыңыз