«Икемді жұмыс кестесі» енгізіледі

ҚР Президенті Әкімшілігі мен Премьер-министр Кеңсесі және Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмыс істеуіне жол бермеу үшін икемді жұмыс кестесін енгізуді тапсырғаны белгілі.

Соған сай мемлекеттік қызметшілерді «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 32-бабының 4-тармағына сәйкес, үстеме жұмыс істегені үшін демалыс күндері (сағаттары) беріліп, өтемақы төлеу қарастырылған. Осыған орай департамент қызметкерлері мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақытта жұмыс орнында негізсіз қалу жағдайларын болдырмау бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде.

Мәселен, жуырда Шымкент қаласы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі мен әкім аппаратының жауапты қызметшілерінің қатысуымен әл-Фараби аудандық әкімі аппараты мен басқармалардағы мемлекеттік қызметшілердің белгіленген жұмыс уақытынан артық жұмыс істеуін жоюға, еңбек тәртібін сақтауға байланысты профилактикалық іс-шара жүргізілді. Нәтижесінде Шымкент қаласының әкімдігіне мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмыс істеуін азайту, жұмыстан тыс уақытта жұмыс орнында негізсіз қалуға жол бермеу ұсынылды. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілер негізсіз үстеме жұмысқа тартылған болса, аталған мекеме басшысының мәселесі әдеп жөніндегі кеңестің отырыстарында қаралуы мүмкін.

Айта кетейік, мемлекеттік органдарда «икемді жұмыс кестесін» енгізу мәселелері қаралуда. Қазір қала аумағындағы 4 мемлекеттік органда «икемді жұмыс кестесі» енгізілген.

«Оңтүстік»-ақпарат.

 

Пікір қалдырыңыз