Мемлекеттiк қызмет әдеп нормаларының сақталуымен ерекшеленеді

Мемлекеттік қызметші болу – зор мәртебе. Мемлекеттік қызметші кәсіби біліктілікпен қатар, адамгершілік қасиеттерге де ие болуы тиіс. Мемлекеттік қызметке келген адам өз игілігі үшін емес, елінің береке-бірлігі үшін жұмыс істеуі және өмір салты заң талаптарына толық сәйкес болуы шарт.
Қазіргі таңда Түркістан облысында барлығы 610 мемлекеттік орган, яғни 449 жергілікті атқарушы және 161 орталық органдардың аумақтық департаменттері жұмыс атқарады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақовпен әңгімеміз өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде өрбіді.
– Болат Әлмұханұлы, алдымен Түркістан өңірінде мемлекеттік қызметшілер саны қанша және бос мемлекеттік лауазымға қызметкерлерді тағайындауда жарияланатын конкурстар, тестілеу сынақтары жөнінде газет оқырмандарына аз-кем хабар бере кетсеңіз.
– Республика бойынша 99 мыңға жуық штаттың 7061-і Түркістан облысына тиесілі. Алайда, бүгінде оның нақты саны 6604 болып тұр, бұл 457 орын бос тұр деген сөз. Өткен жылы 1522 мемлекеттік қызметші түрлі себептермен жұмыстан босатылған.
Былтыр облыс бойынша 2462 бос мемлекеттік лауазымға жарияланған конкурсқа 3784 үміткер қатысып, 1624 үміткер түрлі лауазымдарға тағайындалды. Сонымен қатар, 1280 рет жалпы конкурс жарияланып, 2403 үміткердің арасынан 831-і бос лауазымдарға, ал, ішкі конкурс нәтижесінде төменгі лауазымнан жоғары лауазымға 525 қызметші тағайындалды. Бұдан өзге өткен жылы 621 қызметшіге сынақ мерзімі белгіленіп, барлығы сәтті өткен.
2019 жылы өңірде 2373 қызметші оқытылды. Мұнан бөлек, өткен жылы мемлекеттік әкімшілік лауазымына арналған тестілеуге 1424 үміткер қатысып, оның 469-ы оң нәтиже алған. Бұл ретте, бірыңғай құзыреттер шеңберіне тестілеу бойынша 587 адам тест тапсырып, 160 үміткер оң қорытынды алды. Құқық қорғау органдарына кіру үшін тестілеуге 395 адам қатысып, 147-сі өтті.
– Өткен жылдың 26 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт
Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңына енгізілген түзетулер мен толықтыруларға қол қойғаны белгілі. Осы жөнінде тарқатып айтсаңыз.
– Иә, аталған заңға бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, мемлекеттік саяси қызметшілер тағайындалған күннен бастап үш ай өткен соң сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалған жағдайда, мемлекеттік саяси қызметші отставкаға өтініш беруге міндетті. Егер осыны облыстық деңгейде айтатын болсақ, өзінің орынбасары, аппарат басшысы не аудан, қала әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде облыс әкімі отставкаға өтініш береді. Сондай-ақ, өзі жетекшілік ететін облыстық басқарма басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде облыс әкімінің орынбасары отставкаға кетеді. Ал, өзінің орынбасары, әкім аппаратының басшысы, өзі жетекшілік ететін дербес бөлім басшысы мен ауылдық округ әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде аудан немесе қала әкімі отставкаға өтініш беруі тиіс.
Сонымен қатар, Заңның 10-бабына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің міндеттер тізіліміне бағынышты мемлекеттік қызметшілер тарапынан сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың алдын алу талабы енгізілді. Сондай-ақ, Заңдағы өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік қызметшіде қызметтік этиканы бұзғаны үшін алынбаған жазасы болған жағдайда лауазымын жоғарылатуға тыйым салынды.
Бұдан өзге заңның мазмұнына мемлекеттік органдарда бос лауазымдарды жедел толтыру мақсатында басшы лауазым міндеттерін уақытша жүктеу мерзімі 3 айға дейін шектелді, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының көмекшілері мен кеңесшілеріне басшы лауазым міндеттерін уақытша жүктеуге тыйым салынды. Егер негізгі қызметкер лауазымын жұмысқа шықпай босатқан жағдайда, осы уақытша лауазымдағы мемлекеттік қызметші жұмысты конкурсты өткізбей тұрақты негізде жалғастыра алады. Бұдан өзге, жалпы конкурсқа іс басындағы мемлекеттік қызметшілер тестілеуден және жеке қасиеттерін бағалаудан өтпейді.
– Былтыр қыркүйек айынан бастап Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу науқаны басталғаны белгілі. Осы шараға Түркістан өңірінен қанша жас қатысты?
– 2019 жылдың қазан-қараша айларында бірнеше кезеңді қамтыған іріктеу нәтижесінде түркістандық 19 дарынды жас кадр резервінің құрамына алынды. Оның ішінде мемлекеттік органнан – 11, жеке сектордан – 4, квазисектордан – 3 және құқық қорғау органынан 1 өкіл қатысты. Алдағы бес жыл ішінде осы тұлғаларға конкурстан тыс уәкілетті комиссияның қорытындысымен басшылық лауазымдарға тағайындау мүмкіндігі берілді. Дегенмен, біліктілігі сәйкес келетін 2 жерлесіміз қазіргі таңда жауапты лауазымдарға тағайындалып үлгерді. Атап айтқанда, Мақсұтбек Пірметов Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басқарма басшысы лауазымына және Нұрсұлтан Байтілесов ҚР Жоғарғы сотының аппарат басшысы орынбасары лауазымына тағайындалды. Сонымен қатар, резервке алынған Самат Рамазанов күні кеше облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.
– Мемлекеттік қызмет саласын бақылау бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?
– 2019 жылы департамент мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағытына 95 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 225 заң бұзушылық фактісі анықталды. Оларды жою және болдырмау бойынша мемлекеттік органдарға 66 ұсыныс енгізілді. Ұсыныстардың қаралуымен 58 тұлға тәртіптік жазаға тартылды және тексеру қорытындысына сәйкес қызметтік әдеп нормаларын сақтамаған 8 лауазымды тұлғаның мәселесі Әдеп кеңесінде қаралып, тиісінше тәртіптік жазаларға тартылды. Мәселен, азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде дөрекі әрекеттер жасаған Бабайқорған ауыл әкімі Ж.Қарабаев қызметінен босатылды. Сонымен қатар мемлекеттік органдарда өткізілген конкурс рәсімінің бұзылуына қатысты «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекстің негізінде 16 тұлғаға әкімшілік іс қозғалды.
Әрбір мемлекеттік орган азаматтардың шағымдануын болдырмау мақсатында түскен әр өтінішті өз құзыреті шеңберінде жан-жақты қарастырып, заң аясында шешілуін қамтамасыз етуі және азаматтармен қарым-қатынаста әдеп нормаларын қатаң сақтаулары қажет. 2019 жылы жеке және заңды тұлғалардан түскен 700-ге жуық өтініш қаралған.
– Өзіңіз Әдеп жөніндегі кеңес төрағасысыз. Кеңестің жұмысына да тоқтала кетсеңіз.
– Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, басшы лауазымдағы қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны және мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттері үшін жауапкершілігі Әдеп жөніндегі кеңесте қаралады. 2019 жылы Әдеп жөніндегі кеңестің 10 отырысы өткізіліп, кеңес отырысында 123 мәселе қаралды. Өз кезегінде, Әдеп жөніндегі кеңес шешімдерімен тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы 58 ұсыныс жолданды. Нәтижесінде 57 кінәлі қызметшіге тиісті тәртіптік жаза қолданылған. Осының ішінде 5 лауазымды тұлға Әдеп жөніндегі кеңес шешімінің негізінде қызметтерінен босатылды. Атап айтқанда, қызметтік әдеп нормаларын сақтамай, мемлекеттік қызметшіге сай емес мінез-құлық көрсетіп, қарамағындағы қызметкерлерге ар-намысына тиетін сөздер айтып, дөрекілік көрсеткені үшін Қазығұрт аудандық ветеринария бөлімінің басшысына, ауыл тұрғындарының қатысуымен өткен қоғамдық кеңес отырысында қатысушыларға дөрекілік мінез көрсеткені үшін Кентау қаласы, Бабайқорған ауыл округінің әкіміне, өзіне белгілі болған сыбайлас жемқорлық фактілері туралы деректі тиісті құзырлы органдарға хабарламай, заңсыз табылған ақшаны алуды ойлағаны үшін Мақтаарал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысына, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бұза отырып төлемдер жүргізгені, өзіне сеніп тапсырылған электронды қолтаңбаны өз қызметшісінің пайдалануына жол бергені және мемлекеттік сатып алу қағидаларын сақтамағаны үшін Кентау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысына, Әдеп жөніндегі кеңестің қарауына жататын қызметкердің тәртіптік жауапкершілігін өзі қарағаны және азаматтардың өтініштеріне қарау тәртібін сақтамағаны, сондай-ақ, арыз иесіне жалған ақпарат бергені үшін Түркістан облыстық жер инспекциясы басқармасының басшысына «атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару» түріндегі тәртіптік жазалар қолдану ұсынылды.
– Түркістан облысы бойынша мемлекеттік қызметшілерге қолданылған тәртіптік жазалар туралы не айтасыз?
– 2019 жылы облыстағы 6600 мемлекеттік қызметшінің 1846-сы түрлі дәрежедегі тәртіптік жазаларға тартылды. Тәртіптік жазалардың басым бөлігі жергілікті атқарушы органдарда, соның ішінде, Ордабасы, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Кентау, Шардара аудандарында орын алған. Бұл ретте, Ордабасы ауданының жергілікті атқарушы органдарында жұмыс істейтін 194 мемлекеттік қызметшінің 136-сы тәртіптік жазаға тартылғанын атап кету керек.
Сондай-ақ, аумақтық органдарда тәртіптік жазалардың жоғары көрсеткіші Түркістан облыстық кірістер департаментінде, Түркістан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінде, Түркістан облысы бойынша Соттар әкімшісінде орын алған.
Тәртіптік жазалардың негізгі бөлігі мемлекеттік қызметшілердің өздеріне жүктелген лауазымдық міндеттерін тиісінше атқармауынан туындаған. 1262 тәртіптік жазаның 139-ы Ордабасы, Кентау, Қазығұрт, Сайрам, Келес аудандарының қызметшілеріне қатысты орын алған. Соның ішінде, Сайрам ауданының 6 мемлекеттік қызметшісі жер саласындағы заңнамаларды бұзып, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағандықтары үшін жазаға тартылды.
– Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасына мемлекеттік бақылау жүргізу – департаменттің негізгі функцияларының бірі. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Қазіргі таңда заман талабына сай халықтың мемлекеттік қызмет көрсету түрлеріне қолжетімділігін арттыру бағытында игі бастамалар жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің тізіліміне сәйкес, 723 қызмет түрі бар. Бұл ретте Түркістан облысында 389 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдар 2019 жылы тұрғындарға 12 миллионға жуық қызмет көрсетті. Әрине, бұл көрсеткішке мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алудың тәсілдерін үйретуге бағытталған түсіндірме жұмыстарын насихаттау нәтижесінде қол жеткізілді деп айтуға болады.
Сонымен қатар, 2019 жылы департамент мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнама талаптарының сақталуы бойынша 73 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 1 704 заң бұзушылық фактілері анықталды. Заң бұзушылықтардың басым бөлігі білім, жер қатынастары, халықты әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы салаларында орын алған. Осы заң бұзушылықтарды жою мақсатында департамент тарапынан 151 нұсқама енгізіліп, олар толығымен орындалды, 50-ге жуық қызметші әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
– Кәсіпкерлер құқықтарының сақталуы мен қорғалуы да сіздердің департаменттеріңізге қатысты емес пе?
– Иә, азаматтар мен заңды тұлғалар, соның ішінде кәсіпкерлердің құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз ету – біздің департамент жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Мәселен, былтыр департаментке мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына жеке және заңды тұлғалардан 61 шағым түсті. Жалпы, қаралған шағымның 11-і дәлелін тауып, олар толығымен қанағаттандырылып, азаматтардың құқықтары қалпына келтірілді.
2019 жылы мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңбұзушылықтар бойынша 55 әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде 1,5 млн. теңгеден астам айыппұл мемлекет пайдасына өндірілді.
Сондай-ақ, қызмет алушылар мемлекеттік қызмет көрсету сапасына, қызметкерлердің іс-әрекетіне баға беру мақсатында агенттіктің бастамасымен «Цифрлы агент» (Digital agent) мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Бұл ретте, қызмет алушылармен қосымшаға түскен 150 сауал департаменттің заңнама шеңберінде шұғыл әрекет ету нәтижесінде өз шешімін тапты.
– Ашық әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан, Баян ДАРҒОЖИНА. «Ońtústik Qazaqstan».