Ұстаз – ұлттың айнасы

Шүкіршілік, алпауыт мемлекеттермен даму қарқыны жағынан иық тіресетіндей дәрежеге жеттік. Әрине, осындай жетістікке жетуімізге жастардың да қосқан үлесі зор.

Әлемдік білім додаларында топ жарып, ғылым саласында жаңашылдығымен танылған жастарымыз жетерлік. Ал, өнерде бүкіл әлемге «Дайдидауды» шырқатқан Димаш Құдайбергенді мақтанышпен айта аламыз. Қазақтың қарапайым баласы өзінің қайталанбас даусымен әлемді тәнті етіп, таңдай қақтырды. Данияр Елеусінов, Әділбек Ниязымбет сияқты спорт саңлақтары түрлі дәрежедегі жарыстарда көк туымызды биіктен желбіретіп, Әнұранымызды асқақтатты.

Болашақ – жастардың қолында. Ал, жастардың жарқын нәтижелерге қол жеткізуіне ұстаздар қосатын үлес зор. Ұлтымыздың мәртебесі ұстаздардың мәртебесімен бірге жоғарылайды. Қазақ «алдыңғы дөңгелек қайда жүрсе, соңғы дөңгелек сонда жүреді» дейді. Алдыңғы доңғалақ бұл – ұстаздар. Олар – ұлттың айнасы. Демек, осы атақтарына кір келтіріп алмауы керек-ақ.

Қазір қара басымыздың қамы үшін емес, мемлекетіміздің гүлденуі мен болашағы үшін еңбек ететін кез. Жастардың бойына отансүйгіштік сезімін дарытып, Қазақстанның атын әлемге танытатын тамаша шәкірттер дайындау әрбір ұстаздың қастерлі міндеті болуы тиіс. Әрбір адам өзінің туған тілін, тарихын құрметтеу арқылы да елінің дамуына үлес қоса алады. «Мемлекеттің дамуы мен гүлденуі үшін басты ұлттық басымдылықтар бейбітшілік, тұрақтылық пен келісімнің төңірегінде топтасуымыз керек. Оларсыз ешқандай мәселені шешу мүмкін емес» деп Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болса, жаңа заман жастарының ел болашағына қосар үлесі де зор болмақ.

Алтынай БИБАЛАЕВА, №130 жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі. Шымкент қаласы.

 

Пікір қалдырыңыз