Батыр атағына ұсынылған қазақ

Шардаралық Жұматаевтар әулеті ғаламтордан әкелері Әбілқасым ата туралы өте құнды құжат тауып алды. Тарихи құжатта 1944 жылдың 16 қыркүйегінде 134 Бердино дивизиясының 738-атқыштар полкінің командирі, гвардия подполковнигі Федоров өз қолымен марапаттау қағазын толтырып, Әбілқасым Жұматаевты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған екен.

Құжатта осы полктың 6-атқыштар ротасының қызыл әскері Әбілқасым Жұматаевтың ерлік істері баяндалған. Небәрі 20 жастағы жерлесіміздің теңдессіз ерлігі бір парақ қағазда қысқа да нұсқа көрсетіліпті. Онда 1944 жылдың жазындағы екі шайқаста Әбілқасым ағаның көзсіз ерлік жасағаны баяндалады. Бірінші ерлік сол жылдың 2 шілдесінде жасалады. Жаудың артиллериямен және әуеден жасаған соққыларына қарамай Ә.Жұматаев қаруластарымен бірге Висла өзеніне бірінші болып жетіп, стратегиялық маңызы зор нысанды көздің қарашығындай қорғайды. Жаңбырдай жауған оқтың астында фашистердің бірінен кейін бірі 4 мәрте жасаған жойқын шабуылына тойтарыс беріп, бұйрықты бұлжытпай орындайды. Екінші ерлік 2 тамызда жасалады. Жазық далада болған ұрыста Әбілқасым Жұматаев бірінші болып окоптан шығып жаумен қолма-қол шайқасқа кіріседі. Оның артынан бүкіл рота көтеріліп, анталап келе жатқан жаудың бетін қайтарады. Біраздан соң немістер жаңа күшпен тағы шабуылға шығады. Бұл жолы пулеметтен оқты қардай боратқан Ә.Жұматаевтың қолынан көптеген фашист жер жастанады. Қайтсе де пулеметтің үнін өшіруге тырысқан жау жағы қазақ сарбазын жан-жағынан тықсыра отырып, тірідей қолға түсіруге тырысқан екен. Жан-жағынан андыздап келіп қалған жауға бірнеше граната лақтырып үлгереді де, қайтадан пулеметін сарнатып қоя береді. Сол ұрыста жерлесіміз жаудың 40 сарбазын жер жастандырған. Хас батырға тән ерлігін полк командирі нақты дәлелдермен баяндай отырып, марапаттау қағазын толтырыпты. Алайда, белгісіз себептермен Әбілқасым Жұматаевқа батыр атағы сол күйі берілмей қалған.

Туған жерге жеңіспен оралып, партия саласында жауапты қызметтер атқарған Әбілқасым Жұматаев ақсақалды шардаралықтар жақсы таниды. Біз де Әбекеңнің көзі тірі кезінде бірнеше мәрте тілдесіп, сұхбаттасқанбыз.

Әбілқасым Жұматаев соғыста екі рет жараландым деуші еді. Біреуінде минаның жарықшағы тиеді. Ұрыстың қайнап жатқан кезі болғандықтан медсанбатта кәдімгі пышақпен-ақ жараны тіліп жіберіп, дәрігерлер минаның жарықшағын алып тастайды. Жас сарбаз жарасын таңып алып, қайтадан ұрысқа кіреді.Екіншісінде неміспен бетпе-бет келіп қалып, екеуі де бір-бірін атып үлгереді. Мұның көкірек тұсқа дәл тигізген оғынан фриц тіл тартпай кетеді де, өзі аяғынан жараланады. Госпитальда аз уақыт емделіп, аяққа тұрған соң қайтадан майдан даласына аттанады. Польша мен Чехияны немістерден тазартып, Ұлы Жеңісті Прага қаласында қарсы алады.

Соғыстан оралған соң Түркістан қалалық атқару комитетінде жұмыс істеп, Киров аудандық партия комитетінде, одан соң облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы болып қызмет атқарады. 1953 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген соң Арыс–Түркістан каналы құрылысын салып жатқан мекемеде партия комитетінің хатшысы, 1962 жылдан бастап Шардара, Қызылқұм аудандарындағы «Байырқұм», «Овцевод», «Сүткент», «Восход» кеңшарларында партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарған. Соғыстағы жауынгерлік ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ», І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Бейбіт өмірдегі жемісті еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденін және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін иеленді. Шардара ауданының құрметті азаматы атанды. Жұбайы Қаламқас апа екеуі 2 ұл, 4 қыздан 20-ға тарта немере, оншақты шөбере сүйді. Әбілқасым атамыз 2011 жылы өмірден өтті.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ. Шардара ауданы.

 

Пікір қалдырыңыз