Береке бастауы – бірлік

Құшағы кең қазақ кешегі қиын жылдары талай халыққа пана бола білді. Осы этностарды ортақ құрылымның аясына біріктірудің сара жолы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру еді.
Бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделі қазіргі уақытта этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналып үлгерді. Өзінің 25 жылдық тарихында аталған құрылым қоғамдағы тұрақтылықты сақтауда үлкен рөлге ие болды. Жалпы, Ассамблеяның Қазақстан мемлекеті үшін мәні мен маңызы туралы, өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары–хатшылық меңгерушісі Ғани РЫСБЕКОВПЕН сұхбаттасқан едік.
– Ғани Құрмашұлы, әңгімемізді алдымен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихынан бастасақ?
– Елдегі берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың бастауы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Кезінде Президент жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде жұмысын бастаған Ассамблея осы жылдары конституциялық орган деңгейіне дейін өсті.
2008 жылы елімізде «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қабылданды.
Аталған бірлік институтының құрылған 1 наурыз күні 2016 жылдан бері ел аумағында Алғыс айту күні ретінде аталып өтуде. Мұндағы мақсат – сонау қиын-қыстау кезеңдерде Қазақстанға жер аударылған түрлі этностардың қазақ халқына алғыс айтуын және жас буын арасында өзара құрмет пен берекелі бірлік жолын жалғауды көздейді.
Шүкір, бүгінде халықаралық деңгейдегі сарапшылар қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы қазақстандық саясатқа үлкен қызығушылықпен қарап отыр. Тоқсаныншы жылдардың басында әлемдік деңгейдегі кейбір сарапшылар кеңес дәуірінде «Ұлттар лабораториясы» атанған Қазақстан енді нағыз ұлтаралық қақтығыстар мен шиеленістердің ордасы болуы ықтимал деген сипатта болжам жасаған болатын. Уақыт ондай болжамдардың күл-талқанын шығарды.
Елбасы ұйытқы болған ассамблея бүгінде жүзден астам ұлт өкілдерін маңайына топтастырып, ел игілігіне бағытталған барлық бастамаларға жұмылдырып отыр.
Ширек ғасырда өз тиімділігін көрсеткен ассамблея институтының құрылуы мемлекеттік деңгейдегі маңызды шаруа екендігін барша ел азаматтары ұғынды деген ойдамын.
– Ассамблеяның қазақстандық патриотизмді дамытудағы рөлі туралы аз-кем ой бөліссеңіз.
– Құрылғанына биыл 25 жыл толатын ассамблея мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал жасап келеді. Мәселен, осынау тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметіне қатысты мәселелер бойынша Конституцияға, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға екі рет түзетулер енгізіліп, Мемлекет басшысының 10-нан астам Жарлығы шықты. Ассамблеяның орта мерзімді кезеңге арналған стратегиясы іске асырылып, 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы қабылданды.
Түптеп келгенде, ассамблея қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға жауапты орган ретінде қалыптасты. Бүгінде ел аумағында 1025 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Мұндағы мақсат – Қазақстан мекендеген ұлттар мен ұлыстардың мәдениетіне қолдау көрсету арқылы сындарлы мемлекеттік саясат аясындағы ауқымды жұмыстарға жұмылдыру. Оның ішінде, ең бастысы, Қазақстан халқының бірлігін сақтау, қазақ халқының біріктіруші рөлін бекемдеу, барлық этностардың мәдениеті мен тілдерін, салт-дәстүрлерін дамыту үшін қажетті жағдай жасау сынды қағидаттарға негізделген. Сондай-ақ, қазақстандық патриотизмді дамыту күн тәртібінде тұрған жайттардың бірі деуімізге болады.
Біздің өңірде облыстық деңгейде 11 этномәдени бірлестік (өзбек, славян, түрік, күрді, иран, қырғыз, тәжік, шешен-ингуш, татар-башқұрт, ұйғыр, грек) пен олардың аудандар мен қалаларда 7 филиалы және 14 өкілдігі жұмыс істейді.
Өз мақсатына сай – қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау етіп, халқымыздың азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық біркелкілікті қалыптастырып отырған ассамблея жанында бірқатар қоғамдық құрылымдар жұмыс істейді. Олар – этномәдени бірлестіктер, қоғамдық келісім кеңестері, аналар кеңестері, ғылыми-сарапшылық топ, медиация кеңесі, медиация кабинеті, қайырымдылықты үйлестіру, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, «Достық» және «Айбын» клубтары, ақпараттық-насихаттық топтар.
Аталған қоғамдық құрылымдар өздеріне бекітілген салалар бойынша мақсатты жұмыс атқаруда. Мәселен, Түркістан облыстық ҚХА жанында Қоғамдық келісім кеңестерінің әлеуетімен тек өткен жылы мемлекеттік мекемелер мен түрлі ұйымдарға 261 ұсыным берілді.
Аналар кеңестері этнос өкілдері жинақы тұратын елді мекендерде отбасылық құндылықтар мен ұрпақ тәрбиесі туралы 250-ден астам іс-шара өткізді.
Медиация желісін дамыту бағытында дерекқор жасалып, 13 мыңға жуық азаматтың қатысуымен 231 түсіндіру бағытында нақты кездесулер өткізілді. Жалпы, медиаторлардың қатысуымен 1812 дау оң шешілді.
Осындай жұмыстар ассамблея жанында әрекет ететін құрылымдар қызметінің нәтижелілігін көрсетіп отыр.
– ҚХА жұмысын жандандыру үшін тағы не істеу керек деп ойлайсыз?
– Ассамблея атқаратын негізгі жұмыстарға жоғарыда тоқталдым. Жалпы, өңірлерде жергілікті ассамблея тарапынан атқарылатын жұмыстар ҚХА-ның даму тұжырымдамасы шеңберінде іске асады. Сондай-ақ, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат аясында межелі міндеттер жоспарлы әрі жүйелі жүргізіледі. Атап айтқанда, олар: жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу,
этносаралық ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу, этностар жинақы шоғырланған жерлердің өзекті мәселелерін саралау, проблемаларды анықтау және оларды шешу бойынша ұсынымдар әзірлеу және т.б.
Бүгінде ассамблеяның ұйытқы болуымен ел аумағында өзегін «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан алатын «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы іске асуда. Бұл жобаның түпкі мақсаты – қазақ халқының мәдениеті мен ұлттық ерекшеліктерін этнос өкілдері арасында насихаттау арқылы мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыруды көздейді.
Сондай-ақ, қоғамдық санаға ұлттық құндылықтарды сіңіру арқылы қазақстандық патриотизм мен бірегейлікті дамыту, тұрғындарды рухани құндылықтарды қастерлеуге баулу, туған өлкенің тарихын танып-білуге жұмылдыру бағытында ілкімді іс-шаралар қарастырылған.
– Биыл облыс көлемінде қандай жаңа жобалар қолға алынбақ?
– Биыл ұйымдастырылатын ірі қоғамдық-көпшілік іс-шаралар негізінен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында өткізілетін болады. Сондай-ақ, облыстық ассамблеяның ұйытқы болуымен қолға алынатын іс-шаралар этнос өкілдері жинақы тұратын аудан, қала орталықтары мен ірі елді мекендерде ұйымдастырылады.
Облыстық қоғамдық келісім және аналар кеңестерінің көшпелі отырыстары, этностардың мәдениеті мен тілі және салт-дәстүрі күндері, Алғыс айту күні, Наурыз мерекесі, Қазақстан халқының бірлігі күні, Ұлттық домбыра күні, Қазақстан халқының тілдері күні сынды мерекелік іс-шаралар жаңа форматта ұйымдастыралатын болады.
Биыл қайырымдылық бағыттағы іс-шараларға басымдық беріледі. Себебі, ел аумағындағы қайырымдылық бағыттағы іс-шараларды үйлестіру тікелей ассамблеяға жүктелген. Бұл бағытта облыстық ассамблеяның тәжірибесі бар. Мәселен, өткен жылы өңірде түрлі форматты 398 қайырымдылық іс-шарасы үйлестіріліп, жалпы 212 миллион теңгенің көмегі (заттай және ақшалай) мұқтаж жандарға үлестірілді. Сонымен бірге Арыс қаласында орын алған жарылыс салдарынан зардап шеккендерге ассамблеяның ұйымдастыруымен 100 миллионнан астам теңгенің көмегі көрсетілді. Бұл жерде осы бағыттағы игі бастамаға қатысып, қиналған ағайынға қол ұшын созған ел аумағындағы барша ассамблея мүшелеріне, кәсіпкерлерге, белсенді жастарға айрықша алғыс білдіргім келеді.
– Өзге ұлттар мен ұлыстардың ұлттық құндылықтарды ұлықтаудағы еңбегін қалай бағалайсыз?
– Түркістан облысында сан алуан этнос өкілдері тұрады. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, өңірдегі 2 миллионға жуық тұрғынның 76%-ын қазақтар, 16,9%-ын өзбектер, 1,7%-ын орыстар, 1,8%-ын тәжіктер, ал, қалған 3,5%-ын өзге этнос өкілдері құрайтынын көреміз.
Қазақстандық қоғамдық келісімге бағытталған мемлекеттік саясаттың мәні – ел бірлігін бекемдеуге бағытталған. Бұл саясаттың іске асырылуы жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделінде көрініс тауып, ол халықаралық тұрғыдан мойындалды. Оның бірқатар айрықша ерекшеліктерін атап көрсеткен жөн.
Мәселен, Ата Заңымызда этносаралық жəне конфессияаралық қатынастар саласын толықтай реттейтін нормалар бар. Бұл ретте бізде өзге ұлттар ұғымы қолданылмайды. Біз біргеміз, біртұтаспыз жəне үлкен ұлт немесе кіші ұлт деп бөлінбейміз.
Қазақстан Конституциясының 39-бабының 2-тармағында «ұлтаралық жəне конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген əрекет конституциялық емес деп танылады» делінген. Осылайша, біздің еліміз əу бастан мəдениеттердің, тілдердің, халық дəстүрлерінің алуан түрлілігін мойындай отырып, азаматтық қоғам құру жолын таңдадық.
Бүгінде түркістандық этнос өкілдерінің өңірдің өсіп-өркендеуіне қосып отырған үлестері сүбелі. Облыстағы Сайрам, Сарыағаш, Мақтаарал аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларында кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларында табысты жұмыс істеп жатқан этнос өкілдері жеткілікті. Сондай-ақ, ел игілігі жолында білім, ғылым, мәдениет салаларында жетістікке жетіп жүргендері аз емес.
Облыста этностардың мәдениеті, тілі мен салт-дәстүрі күндері ұдайы өткізіледі. Мұндағы мақсат түрлі этностардың ұлттық мәдениетіне қолдау көрсету арқылы қазақстандық отаншылдыққа баулуға бағытталған. Мәселен, өзбектердің «Офарин», славяндардың «Славян жазбасы мен мәдениеті күні», татар-башқұрттардың «Сабантойы» сынды ұлттық мерекелер осы сөзімізге нақты мысал бола алады.
Енді ұлттық киім мәселесіне келсек, кейбір ауқымды қоғамдық-көпшілік іс-шараларға этнос өкілдері ұлттық киімдерімен барады. Ол Алғыс айту күні, Қазақстан халқының бірлігі күні, Ассамблея сессиясы сынды маңызды іс-шара болуы мүмкін. Сондай-ақ, этномәдени бірлестіктер жанындағы өнер ұжымдары жұртшылық алдында көбіне ұлттық нақыштағы киімдерімен өнер көрсетеді.
Түптеп келгенде, ассамблея атқарып отырған жұмыстардың барлығы ел игілігіне бағытталған. Ол – қоғамдық келісімді сақтау, этносаралық татулықты тұғырынан түсірмеу, достық пен өзара түсіністікті арттыру, этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрін қолдау, қазақстандық патриотизмге баулу және тағы басқалар.
ҚХА қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру жəне қоғамдық келісімнің конституциялық қағидатын іске асыру тетігі ретінде əрекет етеді. Ассамблея қызметі қоғамдық келісім мен бірлікке қатысты Конституция нормаларының толық, табысты жəне сөзсіз іске асырылуын қамтамасыз етеді.
Сондықтан ассамблеяның мақсаты Қазақстан этностарының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде ел аумағында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге бағытталған.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбасттасқан Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».