Қасқыр ату... оның да өз тәртібі бар

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Осы апта басында елімізде қасқыр мен шибөрі атуға лимит бекітілді. Соған сәйкес әр облыста түз тағысын аулау шарасы басталды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет мәлімдеген еді.

Министрлік өкілі өзінің жеке парақшасында бұл лимит жыл сайын жүргізілетін экологиялық сараптамаға сәйкес бекітілгенін айтты. Қасқыр мен шибөрі атуға рұқсат алу электронды портал арқылы жүргізіледі. Аң аулауға ниетті адам өзінің құжаттарын egov.kz порталына жолдап, рұқсат қағазын алуына болады. Егер ғаламтор арқылы өтініш беруге мүмкіндігі болмаса, жергілікті халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады.

Елімізде биыл 4 824 қасқыр мен 11 733 шибөріні атуға рұқсат берілді. Осы орайда Түркістан облысындағы ахуалды білмек мақсатта облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына хабарласқан едік.

– Биыл Түркістан облысы аумағында 276 қасқыр мен 685 шибөріні атуға рұқсат берілді. Түз тағысын аулауға рұқсат алу үшін өтініштер осы аптадан басталмақ. Рұқсат қағазы сыбайлас жемқорлық фактісінің алдын алу мақсатында электронды түрде беріледі. Яғни рұқсат беретін құзырлы орган мен аңшы арасында байланыс тек ғаламтор арқылы орнатылады, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Бақыт Мұсалиев.

Сондай-ақ, Бақыт Пірәліұлының айтуынша, ауыл-аймақтарда қораларға қасқыр шабу фактілері тіркеліпті. Әсіресе, Созақ, Бәйдібек, Отырар, Қазығұрт аудандарында түз тағысы елдің мазасын алуда. Қазығұрт ауданында шибөрі адамға шауып, «құтыру» фактісі орын алған екен. Ал, Шардара ауданында 17 адамға түз тағысының тісі батыпты.

Жоғарыда айтқандай, аң аулау лимиті эколог мамандардың сараптамасы нәтижесінде белгіленген. Себебі, оларды шектен тыс атып алу экологиялық апатқа, табиғи баланстың бұзылуына әкеліп соғуы мүмкін. Бүгінге дейін облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына 100-ге жуық өтініш келіп түсіпті. Министрлік бекіткен ереже бойынша әр аңшы 3 қасқыр, 3 шибөрі атуға рұқсат ала алады. Осы тұста жергілікті инспекция мамандарының бас ауыртар мәселесі туындайды. Электронды өтініш беру үйде отырып-ақ жүзеге асатын болғандықтан жақын орналасқан Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарының да аңшылары ұсыныс бере алады. Ұсынысы қабылданғанымен, біздің өңірге келіп, аң аулауға ниеттілері аз болады екен. Ондай аңшылар «жолым бір түсіп жатса барармын» деген ниетте өтінім бере салатын көрінеді. Соның салдарынан жергілікті жерде тіркелген аңшылар аң аулау лимитінен құр қалып жатады екен. Мәселен, биыл 276 қасқырды атуға лимит берілсе, өзге облыстың аңшылары осы лимиттің біраз бөлігін иемденіп алады. Алған лимитін өтеуге асықпайтын ондай аңшылардың кесірі жергілікті тұрғындарға тиеді. Түркістан облысында 2018 жылдың соңына дейін аңшылық билеті бар адамдардың саны 8631 болған. Ал, былтыр билет алғандардың саны 9000-нан асқан. Әр аудандағы орман шаруашылығы мамандары мен ерекше қорғалатын аймақта жұмыс істейтін қызметкерлердің жүргізген санағына сенсек, 2019 жылы облыс төңірегінде 920 қасқыр болған. Өңірімізде ең көп қасқыр саны 2010 жылы тіркеліпті. Ол жылы біздің өңірде жортқан бұл жыртқыштың саны 1047-ге жеткен.

Қанша жерден жыртқыш аң дегенімізбен, қасқырдың «дала санитары» деген аты бар. Табиғи түйсігінің дамығаны соншалық, олар қорада тұрған ауру малды ғана жеп кетеді екен. Ғалымдардың айтуынша, малдың ауруы қасқырға жұқпайды. Ал, қорада тұрған малдарға тез жұғып, айналасына вирус таратуы мүмкін. Осы сала мамандарының сөзіне сенсек, қасқыр жабайы тұяқтылар санының өсуіне өз септігін тигізіп отыр. Оларды жаппай ату ірі тұяқтылардың көбеюіне әкеліп соғып, одан өсімдіктер дүниесі зардап шегуі мүмкін екен.

«Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Бөріні жөн-жосықсыз қырып-жою – табиғатқа жасалған қиянат.

 

Пікір қалдырыңыз