Мемлекет шынайы мұқтаж жандарға ғана көмектеседі!

Жалпы, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек аз қамтамасыз етілген азаматтарға 2002 жылдан бастап төленіп келеді. Жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінің 40 пайызын құрайтын, кедейлік шегінен аспайтын отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді.

2017 жылға дейін табысы кедейлік шегінен төмен халықтың саны облыста  99,6 пайызға төмендеп, бұл көрсеткіш 694 адамды немесе облыс халқының 0,02 пайызын құрады. Сөйтіп, өңіріміз бойынша 11 ауданда кедейлік шегінен төмен тұратын отбасылар жойылған. Бұрнағы жылы атаулы әлеуметтік көмекпен қатар, жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінің 60%-ын құрайтын, азық-түлік себеті құнынан аспаған отбасыларға 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы төленген. Аталған жылы 63,6 мың отбасының 240,8 мың балаcына 5 млрд. теңге жәрдемақы берілді.

 

«Өрлеу» өрге сүйреді

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік қолдау шараларын күшейту үшін әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесінде оңтайландырылу және жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Ресей, Швеция, Франция, Ұлыбритания мемлекеттерінің тәжірибелері негізінде елімізде «өзара міндеттемелер» қағидаттары бойынша күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен тұратын, аз қамтамасыз етілген азаматтарға  жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан жағдайда шартты ақшалай көмек беруді көздейтін «Өрлеу» жобасы әзірленгені мәлім.

Елбасының  бес институционалдық реформаcын іске асыру аясында біздің облыста 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап «Өрлеу» жобасы Төлеби, Түлкібас, Сарыағаш аудандары мен Арыс қаласында пилоттық жоба ретінде енгізілді. Ал, 2016 жылы аталған жоба барлық аудандарда жүзеге асырылып, шартты ақшалай көмек облыс бойынша 1 630 отбасындағы 10 179 адамға көрсетілді. Халыққа «Өрлеу» жобасының ерекшеліктерін түсіндіре отырып, әлеуметтік көмек алушылардың санын тиімді түрде төмендету үшін өңірімізде шартты ақшалай көмектің біржолғы төлемдеріне басымдық берілді. Шартты ақшалай көмектің біржолғы сомасы жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға, жеке кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға арналды.

«Өрлеу» жобасын іске асыру нәтижесінде шартты ақшалай көмек алушылардың табыстары 4,3 есеге (5,7 мың теңгеден 24,5 мың теңгеге дейін) артты.

 

Тың форматтағы әлеуметтік көмек

Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері «Өрлеу» жобасы аясында сынақтан өткізіліп, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш түрлі әлеуметтік төлемдер орнына (арнайы көп балалы отбасылар үшін мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балалар үшін мемлекеттік балалар жәрдемақысы, атаулы әлеуметтік көмек) атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілді. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аясында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-ынан аз отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмекті тағайындау көзделген.

Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға немесе еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын аз қамтылған отбасыларға берілді. Ал, шартты атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасыларға немесе еңбекке жарамды аз қамтылған азаматтарға ұсынылған.  Бұл орайда қойылатын шарт ретінде олардың жұмыспен қамтудың белсенді шараларына міндетті түрде қатысуы ескерілді.

Сонымен, 2018 жылы облыста жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылып, республикадағы басқа өңірлермен  салыстырғанда нәтижелілігімен, тиімділігімен ерекшеленді. Атап айтқанда, республикада 571,6 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алса, оның 34,2 пайызы немесе 195,6 мыңы біздің облыс тұрғындары болатын.

Атаулы әлеуметтік көмекті тиімді пайдалану үшін шартты ақшалай көмектің біржолғы төлемі есебінен облыста әзірленген 15 кіші бизнес жобасы іске асырылды. Нәтижесінде шартты ақшалай көмек алушылар арасындағы 23 935 отбасы 25,5 мыңға жуық ірі және осынша уақ мал, 2 524 отбасы 48,7 мың құс, 4 243 отбасы тиісті өндірістік құрал-жабдықтар алып, өз кәсіптерін ашты. Олардың ішінде 2 898 адам кәсіпкер ретінде салық органдарында тіркелді.

 

Табысын жасырғандар да кездесті...

2019 жылы «Нұр Отан» партиясының съезінде Елбасы аз қамтылған және көп балалы отбасылар тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібін қамтыған елеулі мемлекеттік бастамалар ұсынды. Елбасының тапсырмасына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі енгізілді. Мәселен, атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50% -нан 70% - ға дейін көтерілді. АӘК тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысынан көп балалы отбасылар мен мүгедек балаларға арналған жәрдемақылар мен стипендия алып тасталынды. АӘК алушы отбасылардың балаларына ай сайын 20 789 теңге кепілдендірілген көмек көрсету көзделді. 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап сұратылатын құжаттарды оңтайландыру арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау рәсімі жеңілдетіліп, әлеуметтік көмек енгізілген «Е-халық» ақпарат жүйесі арқылы бір құжат негізінде тағайындалды.  Сөйтіп, Түркістан облысы бойынша атаулы әлеуметтік көмек көрсету мақсатында жалпы 70,8 млрд.теңге (оның ішінде республикалық бюджеттен 65,7 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 5,1 млрд. теңге) бөлінді. 2019 жылдың 1 желтоқсанына дейін 109 621 отбасыға (632 837 адам) 65,9 млрд. теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, оның 61,3 млрд. теңгесі төленді.

Еңбекке жарамды 62 637 отбасы мүшелерінің 40 711 адамы немесе 65%-ы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, оның ішінде 6 690 адам кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз ісін ашты. Бұл ретте жағымсыз фактілердің орын алғанын да жасыруға болмас. Табысын жасыру, айналысатын бизнесінің болуы, атаулы әлеуметтік көмекті алу шарттарын бұзу деректері белең алды.

Әрине, мұны біреулер білмегендіктен, қателікпен істеді. Мемлекет көмек беріп жатса, неге оны тиімді пайдаланбасқа деп ойлағандар да болды. Бірақ, бұл заңбұзушылық еді! Былайша айтқанда, мемлекет атаулы әлеуметтік көмек берудің мүмкіндіктерін кеңейтті. Алайда, бірқатар тұрғындар мұны теріс пиғылда қолданды. Осылайша атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз тағайындауға алып келген 18 мыңнан астам отбасының нақты табысын жасырғандығы анықталды. Олар бойынша барлық шаралар қолға алынды. Біз бұрын тағайындалған атаулы әлеуметтік көмекті қайта есептеуге және тоқтатуға мәжбүр болдық. Нәтижесінде облыста жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша 3 млрд. теңгеге жуық қаржы үнемделді. Оның ішінде артық төленген 650 млн. Теңгенің 62,7 млн. теңгесі өз еркімен бюджетке кері қайтарылды. Аталған тенденцияларды көрсете отырып, Қазақстан халқына Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашықтықты, әділеттілікті және еңбекке ынталандыруды қамтамасыз ете отырып, 2020 жылы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тетігін түзетуді және аз қамтамасыз етілген отбасылар тарапынан балаларға қосымша кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізуді тапсырды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан берілген тапсырманы орындау барысында бірқатар жұмыстар атқарылды.

 

Жаңа жүйенің тиімділігі көп

Мемлекет шынайы мұқтаж азаматтарға ғана көмектеседі! Бұл – мемлекетіміздің әлеуметтік саладағы негізгі ұстанымы. Мемлекет бірінші кезекте балаларға және көп балалы отбасыларға жәрдемдеседі. Ал, еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе кіші бизнеспен айналысуға септігін тигізеді.

Кешенді шаралар 3 бағытты қамтиды:

Біріншісі – көп балалы отбасыларды жеке санатқа шығару және оларға кепілдендірілген жәрдемақы ұсыну. Бұл ретте  мұндай санаттағы адамдар «аз қамтылған отбасы» деген стереотиптен алынып тасталынады. Бұдан бөлек, көп балалы аналардың материалдық жағдайына және әлеуметтік статусына қарамай беделін мойындау болып табылады. Бұл елімізде бала туу көрсеткішін жоғарылатады.

Екіншісі – аз қамтылған санаттағы азаматтарды қолдау және оларды еңбекке ынталандыру.

Үшіншісі – барлық атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардағы балаларға заттай қолдауды қамтитын кепілдендірілген пакет ұсыну.

Бірінші бағыт бойынша Түркістан облысында көп балалы 86,6 мың отбасы (республикадағы көп балалы отбасылардың 25,4 пайызы) бар екенін айтқан жөн. Бұл отбасыларда 371,7 мың бала тәрбиеленуде. Атап айтқанда, төрт баладан 56,9 мың отбасы немесе 217,7 мың бала,  бес баладан 24,4 мың отбасы немесе 121,8 мың бала,  алты баладан 4,8 мың отбасы немесе 28,6 мың бала, жеті және одан жоғары  баладан 508 отбасы немесе 3,6 мың бала бар.

Көп балалы отбасылар үшін республикалық бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақы енгізіліп, отбасының табысына тәуелді болмайды және ол барлық көп балалы, яғни 4 және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларға төленеді. Бұл төлемнің мөлшері отбасындағы бала санына байланысты дифференциалды болады. Ол орта есеппен әр балаға 10-11 мың теңгені құрайды. Бұл 2018 жылдан бастап тағайындалуы тоқтатылған жәрдемақы мөлшерінен 4-7 есе артық.

Екінші бағыт бойынша атаулы әлеуметтік көмекті тек аз қамтамасыз етілген, оның ішінде көп балалы отбасыларға төлеу көзделуде. Критерийі – кедейлік шегі облыстың ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы деңгейінде қалады. Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері бұрынғыдай жан басына шаққандағы орташа табыс пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% арасындағы айырма ретінде тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын немесе біржолғы үш айға төленетін болады.

Ең басты шарттардың бірі – отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі керек және отбасы үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Ол үшін атаулы әлеуметтік көмек қаржылай көрсетіледі және бірінші кезекте аз қамтылған отбасылардағы жұмыссыз азаматтарға бағытталатын «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасының потенциалы максималды түрде қолданылады.

Көп балалы отбасыларды шағын және кіші, оның ішінде үйде бизнеске тарту құралдарын ендіру бойынша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізіледі:

– микрокредит мерзімін 7 жылға дейін ұлғайту;

– үстемеақының номиналды жарнасын 4%-ға дейін төмендету;

– тұрып жатқан жеріне қарамастан (қала/ауыл) берілетін микрокредит сомасы бойынша шектеулерді алып тастау.

Бұл ретте отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамту шараларынан бас тартатын болса, атаулы әлеуметтік көмек беру тек оған ғана емес (қазіргідей), бүкіл отбасыға тоқтатылады.

Үшінші бағыт бойынша аз қамтамасыз етілген отбасылардың кәмелетке толмаған балаларына қосымша әлеуметтік кепілдендірілген пакет ендірілетінін атап өткен жөн.

Әлеуметтік кепілдендірілген пакет мына мәселелерді қамтиды: мәселен, мектеп жасына дейінгі балалар үшін тамақ, гигиеналық құралдар беріледі. Ал, мектеп жасындағы балалар үшін ыстық тамақ ұйымдастырылады, құрал-жабдықтар мен киім-кешектер беріледі, жол ақысы өтеледі. Сонымен бірге, медициналық көмек, оның ішінде стоматологиялық және жалпы медициналық сақтандырудың кепілдендірілген көлемі бойынша 1 жастан 18 жасқа дейінгі барлық балаларға, олардың аз қамтылған немесе аз қамтылмағанына қарамастан тегін беріледі. Бүгінгі таңда басқарма тарапынан тиісті есептер жүргізілді, қатысушы контингент анықталды.

Жалпы, 2020 жылы облыста 50 мыңға жуық отбасыны 35,6 млрд. теңгеге атаулы әлеуметтік көмектің жаңа моделімен қамту жоспарланып отыр.

Әсия ТЕМІРБАЕВА, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.

 

Пікір қалдырыңыз