Сексеуілді отау оңай, өсіру қиын

Қазақ сексеуілді ерекше қадірлейді. Жұртымыз қайратты алғыр адамды жігерлі десе, сынбайтын жас сексеуілді «жігер» деп атаған. Еліміздегі орман қорының басым бөлігі де сексеуіл тоғайларының еншісінде.

Құмды жерлерде өсетін, шөлге төзімді бұл ағаш түрінің Орталық Азия мен Араб елдерінде 10-ға жуық түрі бар болса, соның үш түрі ғана Қазақстанда өседі. Түркістан облысында ең үлкен сексеуілді алқап – Созақ өңірінде. Мойынқұмның шағылды құмына негізінен сексеуілдің ақ түрі бейімделген.

Аумағы 1 миллион 014 мың 888 гектар алқапты алып жатқан Теріскейдегі орман қоры 3 шаруашылыққа бөлінген. Созақ, Шолаққорған және Мойынқұм орман шаруашылығының әрқайсысында 400 мың гектарға жетеқабыл сексеуіл тоғайлары бар. Әрбір орманшылық 12 күзетшімен қамтамасыз етілген. Аға орманшыларға көмекшілері қолғабыс етеді. Үш шаруашылықта де өртке қарсы бекеттер орналасқан. Олар толығымен қажетті техникалармен жабдықталған. Әсіресе, өрт жиі орын алатын сәуір және қазан айларының аралығында бекеттерде қосымша кезекшіліктер ұйымдастырылады.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитеті төрағасының 2018 жылғы 6 желтоқсандағы № 7-5 і/32 бұйрығына сай, Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман қорының есебіндегі ағаштардың барлық түрлерін кесуге 2023 жылғы 31 желтоқсанына дейін тыйым салынған. Соған қарамастан жыл басынан бері заңсыз ағаш кесуге қатысты 7 хаттама және тағы басқа орман заңдарын бұзу фактілері бойынша 61 хаттама толтырылды. Жалпы, түсіндіру жұмыстарынан кенде емеспіз. Мемлекеттік орман қоры аумағынан заңсыз ағаш кесуді болдырмау, өрттің алдын алу, заңсыз аң аулау, орманда заңсыз мал бағу, шөп ору, орманнан заңсыз дәрілік өсімдіктерді жинау, орманнан заңсыз «Қызыл кітапқа» енген аңдар мен өсімдіктерді аулау әрі жинауды болдырмау бойынша елді мекендерде тұрғындардың қатысуымен басқосулар өткізіліп, үнпарақтар таратылып, бұқаралық ақпарат құралдарына мақалалар беріліп отырады. Бұдан бөлек, орманмен шекаралас аймақтарда рейдтік шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мұндай шараның бүгінге дейін 192-сі ұйымдастырылды. Оның ішінде аудандық орман қорғау қызметкерлерімен бірге 20 рет, Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекция қызметкерлерімен бірге 2 рет бірлескен рейд жүргізілді. Орманшылар қазір өздігінен құлап, шіріген сексеуілді ғана жинап алып, жергілікті тұрғындарға өтеусіз негізде береді. Ауданда газ болмағандықтан, жергілікті тұрғындардың тұрмыста қолданатын негізгі отыны – осы ағаш.

Бүгінде созақтық орманшылар сексеуіл қорын молайту үшін қажырлылықпен еңбек етуде. Мәселен, биыл Мойынқұм орман шаруашылығындағы 3500 гектар жерге сексеуіл тұқымы себілсе, Созақ орман шаруашылығының 300 гектар жеріне 535 000 дана сексеуіл көшеті отырғызылды. Шолаққорған орман шаруашылығында сексеуілден бөлек қарағаш, үйеңкі ағаштарының тұқымын өсіретін тұқымбақ бар. Онда қазір 15 мың дана үйеңкі, 265 мың дана қарағаштың 1 және 2 жылдық көшеттері өсіріліп жатыр. Ал, сексеуіл тұқымбағында 600 мың дана сексеуіл көшеті бар. Олардың ендігі бой тіктеп қалғаны бізді қуантып отыр. Себебі, бойымызға жылу, табиғатымызға сән беретін сары сексеуіліміздің өсіп-өнуіне жағдай жасап, әрбіріміз жанашырлықпен қорғай білсек, отын қорымыз одан әрі ұлғая беретіні сөзсіз.

Лесбек ДӘУЛЕНБАЕВ, Шолақққорған орман шаруашылығының аға орманшысы, Ибаділдә ЛАҚБАЙ, Мойынқұм орман шаруашылығының аға орманшысы, Нұрболат БИСҮГІРОВ, Созақ орман шаруашылығының  орманшысы.

 

Пікір қалдырыңыз