Кенен ұрпақтары – Қазығұртта

Ажар БЕРМҰХАНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың туғанына биыл 135 жыл толып отыр. Қазақтың біртуар дүлдүл ақынының мерейтойы Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар ауылдық округіне қарасты Қожамберді елді мекеніндегі Кенен Әзірбаев атындағы жалпы орта мектепте де кеңінен аталып өтті.

Айтулы шараға Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Кененұлы, келіні Бақытжан Сағынбекқызы, немересі Мұхтар Бақытжанұлы және Жамбыл облыстық «Тараз триосы» өнерпаздары қатысты.

Сыйлы қонақтарды «Нұһ пайғамбар» кемесі монументінде Қазығұрт аудандық мәслихатының хатшысы Ө.Көпеев, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері күтіп алды.

Мұнан соң қонақтар Жаңабазар ауылындағы «Ардагерлер үйіне» ат басын бұрды. Ақын рухына арнап Құран бағышталып, ас берілді. Жаңабазар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Құралбаев, ардагер ұстаздар Әбдіраман Қалмырзаев, Сәтбай Бейсеков Кенен поэзиясының, музыкасының өміршеңдігі туралы сөз қозғаса, ұлы Бақытжан әкесінің өмірінің мәлім, беймәлім тұстарынан сыр шертті.

– Әкеміз ұл перзентті кеш көрген. Ол кісі екі рет үйленген. Бірінші әйелі Үлпілдек шешемізден Талжібек, Ұлтай атты екі қыз бар. Олардан тараған ұрпақ бүгінде Алматы облысында тұрып жатыр. Менің анамның аты – Нәсиха. Анама үйленген кезінде әкемнің жасы қырыққа таяп қалған екен. Анам ол кезде бар-жоғы он жеті жаста болған. Екеуі шаңырақ көтергеннен кейін дүниеге келген балалары жастай шетінеп кете беріпті. Бүгінде айтылып жүрген «Базар-Назар» әнінің тарихын халық жақсы біледі. Базар мен Назардан бөлек, Сағатбек, Болысбек, Әбсәмет деген де балалары болған. Бір ағамызды Тұрар деп те атапты. Бірақ, Тұрар да көп тұрақтамапты. Қазіргі үлкеніміз – Төрткен деген әпкеміз. Бала тұрмай қойғаннан кейін, сол әпкеміз дүниеге келгенде көне әдет-ғұрыппен есімін «Төрткемпірбіршал» деп қойыпты. Шешеміз толғатқанда жанында төрт кемпір болыпты. «Қызды болдыңыз, Кенеке» дегенде, әкеміз «Ораулы баланы анау төрт кейуананың аяғының астынан өткізіңдер» депті. Сол кезде үйге бір шал сәлем бере келіп қалады. «Мына ақсақалдың да аяғының астынан өткізіңдер. Бұл баланың аты – Төрткемпірбіршал» деген екен. Әпкеміздің сол аты біразға дейін сақталды. Мектепте «Біздің сыныпта «Төрткемпірбіршал» оқиды» деп қатарластары мазақ ететін көрінеді. 4-сыныпқа барғанда ғана аты Төрткен деп өзгертіліпті, – деп ұлы Бақытжан естелік айтты.

Келіні Бақытжан Сағынбекқызы да өз ойларымен бөлісті.

Кенен Әзірбаев 1884 жылы Жамбыл облысындағы Қордай ауданы Мәтібұлақ ауылында туған. Қазақстанның өнер қайраткері, боз даланың бозторғайы, Жамбылдың шәкірті. Оның «Көкшолақ», «Базар-Назар», «Бозторғай» әндері иісі қазаққа мәлім. Кезінде Дінмұхамед Қонаев: «Кенен Әзірбаев – өмірде де, өнерде де қайталана бермейтін құбылыс» деп баға беріпті.

13 жасында «бозторғай» болып шырылдаған Кенен атамыз 1976 жылы Қордай өңіріндегі Сұлутөр етегінде дүние салады. Ол соңына 120-дан астам ән, 7 күй, 10 дастан, мыңға жуық өлең-жыр мен айтыстарын өлмес мұра етіп қалдырды.

Тағлымды шара Кенен Әзірбаев атындағы жалпы орта мектебінде жалғасты. Мектеп директоры Нұрлан Қамбаров Кенен Әзірбаевқа арналған бұрыш пен мектеп өмірімен таныстырды. Аудандық мәслихат хатшысы Ө.Көпеев ақын-композитордың шығармашылығына арнап баяндама жасады. Жамбыл облыстық 40 жылдық тарихы бар «Тараз триосы» әншілері мен аудандық Мәдениет сарайының өнерпаздары Кенен атаның әндерінен шашу шашты.

«Кенен атамыздың отбасы – ортамызда» деген тақырыпта аталған мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Тәшенова сынып сағатын өткізді. Сынып сағатында оқушылар ақын өлеңдерін жатқа айтты. Бақытжан аға әкесі Кенен Әзірбаевтың атымен аталатын білім ордасы ұжымына ризашылығын білдірді. Қонақтарға аудан әкімдігі мен мектеп ұжымы тарапынан сый-сияпаттар тарту етілді.

 

Пікір қалдырыңыз