Ең тиімді инвестиция – білімге салынған инвестиция

Білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу – кез келген мемлекеттің болашаққа нық басқан қадамы. Сондықтан білімге салынған инвестиция — ең тиімді, қайтарымы мол инвестиция.

Мемлекеттің негізгі капиталы халық десек, әрбір азаматтың білімді әрі кәсіби маман атануы аса маңызды міндет. Қазіргі таңда жаңа технологияларды қолдана отырып оқыту жүйелі түрде қолға алынып келеді. Оған мамандарды қайта оқыту, интерактивті білім беру, түрлі технологиялық тәсілдер арқылы білім алуды қолжетімді ете түсу сынды мысалдарды айтуға болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы ел өмірінің барлық саласын қамтыған тарихи маңызға ие құжат. Жолдаудағы «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» атты білім саласына қатысты бөлім ұстаздар қауымына үлкен үміт те сыйлады, маңызды міндеттер де жүктеді.

Президентіміз Жолдауында «Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түседі. Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс» деп атап өтті.

Осы орайда жоғары оқу орындарының алдына бәсекеге қабілетті, білікті маман даярлау, олардың оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу мәселесін қадағалау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын сапалы жүргізу міндеті қойылды.

Жолдауда Президент өзекті мәселенің бірі – оқулық сапасын жақсарту, оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету министрліктің тікелей міндеті екендігін атап өтті. Одан бөлек білім беру сапасын жақсартып, қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтығын жою, дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау, инклюзивтік қоғам құру мәселелері көтерілді.

Бүкіл экономика ғылым мен техникаға арқа сүйейтін қазіргі заманда біз отандық ғылымның деңгейін сапалық тұрғыда жаңа сатыға көтеруіміз керек. «Сіздердің арқаларыңызда тұтас бір буынның құндылықтары мен қасиеттері қалыптасады» деген Президенттің сөзі мұғалімдерге зор сенім білдірумен бірге, үлкен жауапкершілік те жүктеп отыр.

Ұстаз біліктілігі мен білімі оқу ордасының бәсекеге қабілеттілік деңгейін айқындамақ. Осыған орай Президент «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру қажеттігіне тоқталды. Ауылдық жерлерде педагог кадрлардың біліктілігін арттыру арқылы үздік ұстаздардың қатарын көбейтіп, оқу-тәрбие процесіне озық тәжірибелерді енгізуді тапсырды.

Аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан қабілетті жастарды қолдау үшін Үкіметке дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді, білім берудің барлық деңгейінде дербес қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырды.

Мемлекет басшысының «Білім бөлімдерін басқару және бюджет қаржысын әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру» туралы тапсырмасы қалыптасқан ахуалға оң өзгеріс әкеледі деп есептеймін. Бұл аудандық және қалалық білім бөлімдерінің жауапкершілігін төмендетпейді. Керісінше шешілуі қиын мәселелер облыс деңгейінде оң шешімін жылдам табады деп ойлаймын. Жұмыс жүйелі атқарылса білім беру мекемелерінің өз міндеттеріне деген сенімін арттырары айқын. Бұл маңызды шешім ұстаз мәртебесінің көтерілуі және біліктілік сапасының артуы үшін жасалып отырған қадам деп түсінгеніміз дұрыс. Болашақ ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру – аса жауапты әрі күрделі міндет.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алға қойып отырған «оқушыға жалпылама білім беруден – әрбір балаға сапалы білім беруге көшу» міндетін мұғалімдер қауымы абыроймен атқарады деп сенемін.

Зуппархан ЧАЛДАНОВ, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.

 

Пікір қалдырыңыз