Білікті ұстаз білімімен озады

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс» деген болатын.

Оқушының қабілетін айқындап, оларға кәсіби бағыт-бағдар беру мұғалімге тікелей байланысты. Өйткені, ұстаз күнделікті балаға білім беріп, оның дәрежесін, оқуға деген ынтасын бақылап, бағамдап отырады. Күн санап өзгеріп жатқан өркениеттің көшінен қалмау үшін мемлекеттің білімі мен ғылымы да қарыштап дамуы міндетті. Бұл орайда ұстаздар қауымына артылар жүк ауыр. Жаңа технологияның жетістіктерін шәкірттеріне үйрете отырып, олардың болашақта қандай кәсіпке бейім екендіктерін анықтау арқылы білікті маман даярлай алады. Ал, озық ойлы, заманауи қарым-қабілеті жоғары жас – ертеңгі еліміздің мақтанышы. Сондықтан да атам қазақ «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөзді бекер айтпаған. Ұстаз оқушының қоғамға бейімдейтін, жарқын өмірге жетелейтін көшбасшысы іспеттес. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мұғалімнің мәртебесін айқындай отырып, олардың біліктілігін көтеріп, білімін жетілдіруді, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасын теңестіруді тапсырған болатын. Әсіресе, ауылдық жердегі білім ошақтарындағы білім сапасын қала мектептерімен теңестіре отырып, білікті педагог тапшылығын жою керектігіне тоқталған еді. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты өңіріміздегі мұғалімдерді жаңартылған білім бағдарламасы негізінде оқытуда. Бұл әдіс ұстаздардың өз бетімен ізденуге жол ашып, оқушыны ортаға бейімдеу арқылы тәрбиелеуге шақырады.

ХХІ ғасыр – білім мен біліктің, бәсекеге қабілеттілер кезеңі. Демек, қай заманда да білім өзекті. Ал, заман талабына сай білікті де білімді ұстаз ұжымның да алдында сыйлы, абыройлы болады. Хадиша Қалиева басқаратын аталмыш институттың қызметкерлері біліктілігін арттыруға келген әр ұстазбен жұмыс істей отырып, өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесі, оқуға деген ынтасын көтеруде аянбай тер төгуде. Балаға берілетін оқу сауатты, ұқыпты, ыждағатты болса ғана елдің іргесі мықты болмақ. Жаңа дәуірдің жаңа мұғалімі болу – мамандығын сүйетін жандардың басты міндеті.

Рахия ТҰРСЫНБЕКОВА, №130 жалпы орта мектебінің мұғалімі. Шымкент қаласы.

 

Пікір қалдырыңыз