Жол мұраты – жету...

Қазір облыста жаңадан жол салу, бұрыннан бар жолдарды жаңарту, жаңғырту жұмыстары қызып тұр. Облыстағы жалпы жол көлемінің ұзындығы 1700 шақырымнан асады. Сонымен, нақты қай бағыттағы жолдар жаңарып, қайсысы жөнделіп жатыр? Өткен аптада облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдерімен бірге осы шаруалардың жай-жапсарын бағамдап қайтқан едік.

 

Түркістанға бару жеңілдейді

Шымкенттің іргедегі Сайрам ауданымен қарым-қатынасы бүгінге дейін бір сәтке де толастаған емес. Тіпті, қала аумағы кеңейгелі бері екі ортадағы көлік ағыны тіпті үдей түскен. Осы нөпірді сейілту үшін «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2017 жылы Шымкент–Сайрам–Қарамұрт бағытындағы күрежолдың 8 шақырымын кеңейту жұмыстары қолға алынған болатын. 2 млрд. 213 миллион теңгеге бағаланған жолды қайта құрылымдау жұмыстары жоспар бойынша алдағы қараша айында аяқталуы тиіс. Бірақ, бас-аяғы 8 шақырым ғана жолды жөндеуге үш жыл мерзім белгіленген. Оның өзіндік себептері де жоқ емес екен. Жолдың құрылысына бекітілген «Отау-Строй» ЖШС-і директорының орынбасары Фуркат Абдукаримовтың айтуынша, құрылысты мерзімінде аяқтауға жол бойындағы сүрілуге тиіс нысандар кедергі келтіруде екен.

– Соттың шешіміне келіспегендердің негізгі талабы – өтемақының төмендігі. Қазір бұл мәселемен қала әкімдігі айналысып жатыр. Ең бастысы, екі бағыттағы қозғалысты төртеуге кеңейтіп, жолдың енін 14 метрге ұлғайттық. Аяқжол салу, жарықтандыру жұмыстары да біздің мойнымызда. Сонымен қатар жолдың бойында теміржол өткеліне арналған көпір қайта салынуда. Бүгінде құрылыстың 80 пайызы аяқталды, – дейді мердігер компания өкілі.

Дәл осындай құрылысы үш жылға созылған нысандардың бірі – Қазығұрт ауданындағы Ақтас–Рабат бағытындағы күрежол. 30 шақырымды жолды күрделі жөндеуден өткізуге облыстық қазынадан 3 млрд. 754 миллион теңге бөлінген. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың айтуынша, аталмыш жол бір жағынан Шымкент–Ташкент бағытындағы көлік дәлізіне балама жол ретінде пайдалануға берілмек.

– Үкімет қаулысына сәйкес, еліміздегі бірқатар ірі көлік дәліздері алдағы уақытта ақылы болғалы жатыр. Олардың қатарында Ташкент бағытындағы трасса да бар. Ал, Ақтас–Рабат бағытындағы жолды пайдалану – тегін. Ширақ қимылға көшкен мердігерлер бүгінде соңғы жұмыстарын түгесуге таяп қалды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, қазір негізгі басымдық осындай ішкі жолдарды реттеумен қатар аудан, қалаларды Түркістан қаласымен тікелей жалғайтын көлік дәліздеріне беріліп отыр. Әсіресе, әлеуметтік желілерде жиі көтеріліп жүрген Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарындағы жол мәселесіне ерекше назар аударып отырмыз. Қазір Шардара–Арыс бағытындағы 147 шақырымды жолды жөндеу жұмыстары басталып кетті. Сондай-ақ, тағы бір бағытымыз – туристік бағыттағы жолдарды реттеу. Жалпы, бүгінгі таңда облыс бойынша 1700 шақырым жол жөндеуден өткізіліп жатса, оның 1400 шақырымы жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, көлік ағынының артуына байланысты 3 жолды қайта құрылымдап, 4 жолақты етіп кеңейтіп жатырмыз. 14 жол күрделі жөндеуден өтіп жатыр, – дейді басқарма басшысы.

 

Ұтымды технологиядан ұтарымыз көп

Бір қызығы, біз жаңа технологияға балап жүрген тәсілді немістер бұдан 60 жыл бұрын өндіріске енгізіп қойған көрінеді. Ерекшелігі сол, асфальтты бетонның сапасын түрлі химиялық қосындыларды түрлендіру арқылы берік ете түседі. Сарыағаш–Тегісшіл бағытындағы жолды орташа жөндеуден өткізіп жатқан «Шымкентдорстрой ӨК» ЖШС бас директорының орынбасары Құдірет Зубайраевтың айтуынша, мұндай түрлендіру битумның ыстыққа төзімділігін арттырады.

– Жаңа технология ғылым тілінде «ресайклинг» деп аталады. Бұрын жөндеуге кірісерден бұрын алдымен асфальт жабындыны қырып алатынбыз. Қазір жаңа технология бойынша жабындыны бір орында қайта өңдеуге мүмкіндік туып отыр. Тиімділігі сол, арнайы техника асфальтты қырып, оны тұрған жерінде түрлі қосындыларға араластырып, қайта жайып шығады. Кейін үстінен асфальт төселеді. Бұл бір жағынан уақытты үнемдесе, екіншіден, шығыны да аз. Дегенмен, жаңа технология бойынша құрылыс материалдарын өндіріске енгізгенде абай болу керек. Біздегі әр аймақтың өзіндік ерекшелігі бар. Жол материалдарын қолданғанда осының бәрі ескерілуі шарт, – дейді жол саласының маманы.

Әрине, мұндай әдіс-тәсілді қолданысқа енгізудің сапаға айрықша әсері бар. Алайда, біздегі кей жолдардың сапасының сын көтермей жататыны рас. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын мемлекеттік және жергілікті бюджеттен жол саласына 700 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінеді екен. Дегенмен, сол қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететін фактілер де жоқ емес. Жол саласындағы осындай олқылықтардың алдын алу үшін осы жылдың сәуір айында «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» құрылған болатын. Мақсаты – жөндеуден өтіп жатқан жолдардың сапасын тексеріп, құрылыс материалдарының талапқа сай болуын қадағалау. Орталықтың Түркістан облысы бойынша филиалының бас маманы Данияр Камаловтың айтуынша, мекеме ашылғалы бері екі айдың көлемінде 32 нысанға тексеру жүргізілген.

– Тексеру нәтижесінде жолдың сапасы жөнінде мердігерлерге 58 ескертпе бердік. Өкінішке қарай, қазіргі таңда оның 8-і ғана орындалып отыр, – дейді орталық өкілі.

Дегенмен, жол саласында түйткілді мәселелер аз емес. Мамандардың айтуынша, жолға қажетті шикізат шығатын карьерлік орындардың ұзақтығы кейде жұмыстың өз дәрежесінде жүруіне едәуір қолбайлау болатын көрінеді. Екінші жағынан, қиыршық тасты алыстан тасымалдау әжептәуір шығынды талап етеді. Қазір мердігерлер шикізатты көбіне Манкент төңірегіндегі карьерлерден тасиды. Дегенмен, осындай қиындыққа қарамастан жол саласындағы отандық өнімдердің үлесі 80 пайыздан асып жығылған.

Әрине, бір мақаламен облыстағы жолдардың бәрін керемет деуден аулақпыз. Өңір бойынша жөндеуге сұранып тұрған жолдардың саны жыл сайын артпаса, кеміген емес. Оның барлығы Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес рет-ретімен шешімін табатын болады. Жоспарға сай алдағы жылы Түркістан–Шәуілдір, Түркістан қаласының шығыс айналма, Кентаудан Түркістанға және жаңадан салынатын әуежайға баратын жолдардың құрылысы басталмақ.

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз