Аққұмдағы ауқатты адам

Алыстағы Аққұм ауылы атына сай құмдауытты жерге қоныс тепкен. Мұнда су тапшылығы бар, тұрғындар ауласына көкөніс егіп, бала-шағасын «көкше байлықпен» алдай алмайды. Ауласында көкөнісі болмаған соң диқандарға қарайлайды. Баяғы бей-берекет заман емес, бүгінгінің диқаны қолындағысын пұлдап береді. Ауылда асып-тасып бара жатқан қаржы жоқ. Сондықтан дастарқанда көкөніс көп қойыла бермейді.
Десек те, Отырар ауданы, Аққұм ауылының 83 жастағы тұрғыны Иманбек Мақатаевтың шаңырағына келсеңіз, құм ішіндегі абатбаққа тап болғандай ғажайып бір күй кешесіз. Неге? Өйткені, оның ауласында көкөністің, жеміс-жидектің неше атасы жайқалып өсіп тұр. Бір таң қаларлығы сол, осы бау-бақшаны жайқалтып ұстап отырған Иманбек ақсақалдың өзі. Қария әлі де тың. Тіпті, күміс кетпенін күнге шағылыстырып, жер өңдеп жатқанда тепсе темір үзетін жігіттерді жолға тастап кетеді десек, асыра айтқанымыз емес.
Оның 20 сотық үйіргелік жерінде не өспейді дейсіз?! Міне, мынау шашағы төгіліп тұрған «дала аруы». Одан әрідегі бауда алманың «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Гала», «Фуджи», «Грени», «Смит» секілді сұрыптары өсіп тұр. Япырау, мынау жүзім ғой! Тәттісін қарай гөр өзінің! Өрік төгіліп бітіпті. Қараша өрік қараторы қыздай құлпырады-ай! Шиені де жинап алған. Диқан ұрасында түрлі тосап құтылары жауынгерлердей сап түзеп тұр. Әңгелек ерте бойжетіп ұзатылып кеткен қыз тәрізді ғой. Ол немерелерді жаздың алғашқы күндері-ақ сусындатып кетіпті. Торлама, әміре, күләбі сияқты қауынның неше атасы теңкиіп-теңкиіп жатыр. Иманбек ақсақал қауынның бірін кеселеп тіліп еді, дәмі тіл үйіреді екен. Ал, мына танапта қызанақ пен қияр өсіп тұр. Ақсақалдың бау-бақшасында тіпті тропикалық климатта өсетін экзотикалық дақылдар да табылады. Қарияның келіндері бақшадан шелек-шелек қызанақ пен қияр алып өтіп барады.
Жасыратыны жоқ, Аққұм ауылында дәл осындай үйіргелік жері жайқалып тұрған бірде-бір шаңырақты таппайсыз. Жоғарыда біздің құм ішіндегі абатбаққа келгендей күй кешетініміздің сыры осында. Олар ауласына егін екпейін демейді, бірақ қисынын таппайды, ретін келтіре алмайды. Біріншіден, бұл ауылда ағын су жоқ. Екіншіден, ауызсу үшін құбыр жүргізілмеген. Сонда Иманбек ақсақалдың ауласына айрықша нұр құйып тұрған қандай құдірет? Мұның жауабы біреу-ақ. Бұл – Иманбек атаның қарт та болса қажырлылығында, істің оябын таба алатынында, еңбекқорлығында, бастысы, балтәттілері – немерелерін жанындай жақсы көретінінде. Міне, сондықтан ол ерінбей үй іргесінен құдық қазды. 11 метр тереңдіктен шүпілдеп су шықты. Тұщы. Міне, осы суды насос арқылы шығарып, бауын нәрлендіріп отыр.
Колхозшы, автомобиль жүргізушісі, механик, жүгері өсірушілер звеносының жетекшісі, гараж меңгерушісі, директордың орынбасары болып түрлі жұмыс істеген Иманбек Мақатаев зейнеткерлікке шыққаннан соң да қол қусырып қарап отыра алмаған. «Бадыр» шаруа қожалығын ашып, оның жұмысына жетекшілік етіп келеді. Өмірлік бай тәжірибесін балаларына, немерелеріне үйретіп, қара жердің қарыз арқаламайтынын олардың бойларына сіңіруден жалыққан емес.
– Ауылдық жерде тұрып ауласына бақша екпейтін адамдарға таң қаламын. Бақшасыз аулада қандай береке болсын. Дайын жерді тиімді пайдаланып, ұраңды жеміс-жидек пен көкөніске толтырып қой. Бұл –отбасы ризығы. «Қыстың қамын жазда ойла» деген де бар. Уақыт зырлауық әне-міне дегенше қысты да алып келеді. Сол кезде дастарқаныңда түрлі тағам жайқалып тұрса жаман ба? – дейді Иманбек ақсақал.
– Осы ойыңызды ауылдастарыңызға айтып жүрсіз бе? – деп сұрадық.
– Оның не айтары бар? Күнде үйімнің жанынан әрі өтеді, бері өтеді. Мына жайқалып өсіп тұрған бау-бақша оларға сабақ емей немене?! Әлде құдықты өзім қазып, бақшасына дән сеуіп берейін бе? – дегенде біз де тосылып қалдық.
Рас-ау, 83 жастағы қарияның тиянақты тірлігі ауыл адамдарына неге үлгі болмасқа?! Мұндайда Абай атамыз «Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз» демеп пе еді? Бізде осы ұқсап бағу жағы жетіңкіремейді.
Қарт та болса қажырлы қария өзінің бүгінгі денсаулығын таза ауада көп жүріп, үнемі қозғалыста болатындығымен, табиғи өнімдерді көп тұтынатындығымен байланыстырады. Біз де осы байламға ұйыдық.
– «Ақтөбе» кеңшарында (қазіргі Аққұм ауылы) 40 жылдай бас инженер, директордың орынбасары болып қызмет еттім. Жастығымның, жалын күндерімнің ізі қалған ауылға аңсарым ауды да тұрды. Келсем, мына Иманбектің ауласы жайқалып тұр. Басқа көрші үйлеріне де кіріп көрдім. Иманбектің ауласындай аула таппадым. Ауыл әкіміне кіріп, тыл ардагерінен үйрену керек екенін айттым. Бәрі де өздері үшін ғой, – дейді Сұлтан Шарафуддинұлы ақсақал.
Аққұмдағы ауқатты адам осылай ауылдастарына үлгі көрсетіп отыр. Ол – жұбайымен бірге 5 ұл, 6 қыз тәрбиелеп өсірген үлкен шаңырақ иесі. 45 немере-шөбересі атасының алтындары.
«Береке басы – бау-бақша» деген сөздің жаны бар. Ауылдастары қажырлы қарттан үлгі алып жатса, нұр үстіне нұр.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Ońtústik Qazaqstan».