Кітапхананың қасиетті орын екендігіне көз жетті

2019 жылдың 24 маусымы. Арыс қалалық орталық кітапханасы жұмыс аптасының алғашқы күнін енді бастаған. Кенет... Әскери бөлім орналасқан тұстан кәдімгі снарядтар бірінен кейін бірі жарылып жатты. Мұны тұрғындар әдепкіде қала шетіндегі әскери гарнизонның қаруды жоспарлы жоюы болар деп ойлаған. Әйтсе де дүмпу басылмай, керісінше қызыл жалынмен оранған алапат жарылыстар үдей түсті. Айдың-күннің аманында аспаннан снаряд жауған нәубет осылай басталды...


Кітапханашылар бір-біріне хабарласып, денсаулығы сыр берген,  егде жастағы қызметкерлердің қаладан шығып кетуіне көмектессе, бірнешеуі жұмыс орнын тастап кете алмай, бөгеле берген. Соңында түнгі ауысымға түсуі тиіс күзетші Сапарғали Нәби ғана қалды. Ол әйелінің «кішкентайымызды таппай жатырмын» деген  жанайқайынан көңілі қобалжығанымен, жұмыс орнын тастап кете алмады. Жарылыс сәл саябырсығанда баласының амандығын біліп, көңілін демдеген. Дүмпу басталғаннан «жарылыстың қысымымен бүлінбесін» деп ғимараттың есік-терезелерін түгел ашып тастаған. Әскерилер қаладан шұғыл кетулері қажеттігін ескерткенде ғимаратты ашық-шашық күйінде қалдырған Сапарғали ең соңғылардың бірі болып қаладан шықты. Алты бірдей перзенттің әкесінің қысылтаяң сәттегі парасатты әрекетінің арқасында небәрі бір жарым метр жерге снаряд түскенімен, кітапхана ғимараты соншалықты зардап шекпеді. Ал, бұл дүмпуден тап сол маңдағы қос ғимараттың күл-талқаны шыққан болатын. 

Осынау сын сағатта А.С.Пушкин атындағы Түркістан облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының  ұжымы арыстық әріптестерін іздеуді шұғыл қолға алды. Құрылған еріктілер штабының жұмысына кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі ретінде мен де бекітілдім. Ұялы байланыс арқылы Арыс қалалық кітапханалар жүйесінің директоры Б.Құрманбековамен хабарласып, whatsApp желісінде арыстық кітапханашылар тобы ашылды. Еріктілер тобының мүшелері (Ж.Темешова, Ш.Жұмашева, А.Бердекова, Г.Нысанова, 

Г.Өмірәлиева, Ж.Сүлеева, Г.Жоламан, Н.Шерматов, Н.Ағманов, Е.Әсет, Н.Базарбай, Ғ.Сүлейменов) әріптестерді іздеп тапты. Қызметкерлердің тізімін жасап, қайда орналасқандарын анықтап, оларға қажетті заттарды нақтыладық. Көмекке зәру 8 кітапханашыға қайырымдылық ретінде киім-кешек, азық-түлік, гигиеналық заттар, қаржы жеткізілді. Қаладағы арнайы бекеттерден кітапханашыларымызды тауып, көзбен көріп, кездескен сәттегі сезімді айтып жеткізу, қағаз бетіне түсіру мүмкін  емес. «Әр қазақ менің жалғызым» деген сөздің қасиетін сол күні ұғындық. Құшақтасып көрісіп, көз жасын тия алмадық. Біз ғана емес, Түркістан өлкесіндегі барлық аудандық, қалалық, ауылдық кітапханалар штаб жұмысына белсене араласып, арнайы ашылған  есепшотқа ерікті түрде қаржы аударды.

27 маусым күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры,  Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Арыс қаласына көмек көрсету штабының  төрайымы Үмітхан Мұңалбаева, ҚР Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы, айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы, ҰАК  «JASTAR» Coworking орталығының  меңгерушісі Құралай Мұхамеджанова А.С.Пушкин атындағы кітапханасына арыстық кітапханашылармен, мәдениет қызметкерлерімен кездесу үшін арнайы келді. Үмітхан Дәуренбекқызы үрейге түскен жандардың жүрегіне үміт, бойларына қуат беретін жылы сөзімен  басу айтты. Еліміздің барлық өңіріндегі облыстық кітапханалар тарапынан да көмек болатынын жеткізді. Дәулеткерей ақын жүрегін жарып шыққан арыстықтарға арнауын оқығанда, көз жасына ерік берген әріптестеріміз аз болмады. Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлы арыстықтарды сабырлы болуға шақырды. Кездесуде сол бір сын сағатта ерлік көрсеткен Сапарғали Нәбиге  «Кітапхана батыры» атағы беріліп,  Дәулеткерей ақын өз тарапынан қаржылай қолдау көрсетті. Снарядтан үйі жарамсызданып қалғанына, әскери қызметтегі ұлының апат ішінде жүргеніне қарамастан қызметкерлерін іздеп, әрқайсысына көмектесуге тырысқан Арыстағы кітапхана директоры Ботагөз Құрманбековаға Үмітхан Дәуренбекқызы кітапханалық альянс атынан қаржылай көмек көрсетті. 

Кітапханашылар мен мәдениет үйі қызметкерлеріне  Сайрам аудандық кітапханасынан  жеткен азық-түлік үлестірілді. Ел басына күн туған сын сағатта өз өңірлеріне арыстықтарды паналатқан Сарыағаш, Келес, Шардара, Ордабасы, Бәйдібек, Түркістан, Кентау кітапханалары төтенше жағдайда жұмыс істеді. Көп балалы отбасыларды шаңырақтарына паналатып, барын аузына тосқан кітапханашылар да бар. Қазығұрттық әріптестеріміз (ОКЖ директоры Г.Дәулетбаева, әдіскері Н.Нышанбаева) Майлыбұлақ, Қызылқия ауылдарындағы туыстарының үйін сағалаған арыстық кітапханашыларға  хабарласып, сұраныстарын анықтап, жедел көмек жөнелткен. Айтып келмеген апат біздің ауызбіршілігімізге сын болды.

«Арыс. Кітапхана. Біз біргеміз!» бастамасы аясында ҚР ҰАК-дан, өңірлік  кітапханалардан көмек қорына қаржы түсуі толастаған жоқ. Жиналған қаражатты және  А.С.Пушкин атындағы кітапхана ұжымының бір күндік жалақысын апатта қатты зардап шеккен, материалдық жағдайы ауыр Арыс кітапханасының қызметкерлеріне тапсыру мақсатымен 10 шілдеде Арысқа аттандық. Арыс қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Садықова қат-қабат шаруасына қарамастан арыстық әріптестермен кездесуде жанымызда болды. Арыстықтарға төлебилік әріптестері беріп жіберген (ОКЖ директоры С.Шишкина) көңіл сыйлықтарын табыс еттік. Қалпына келтіру жұмыстарына білек сыбана кіріскен аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Гүлнар ханым өңірлердегі кітапханашылардың аманаты, жиналған қаржы  табыс етілетін мұқтаж жан, қираған тұрғын үйлер қалпына келтіріліп, пайдалануға берілген соң анықталатынын жеткізді. 

Сөз реті келгенде кітапхананың өте қасиетті мекен, Алланың  қорғауындағы орын екенін дәлелдейтін мына жайтты айтпай кетуге болмас. Кітапхана артында артық заттар сақтайтын қойма мен ғимарат арасында бір метрден сәл ғана асатын  жерге снаряд түскен. Снаряд түскен жердегі терең шұңқырды көзімізбен көрдік те. Осыншама дүмпуден аман қалған санаулы ғимараттар қатарында мешіт пен кітапхана бар еді...

 Мейірім – көзде, созған алақанда, аяушылықпен лүпілдеген жүректе. Текті елдің ұрпағы бабалар аманатына адал екендігін тағы да дәлелдеді. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған Ұлы даланың перзенттері Мәңгілік ел болуға бет түзеді. Бұл қиял емес, бүгінгі таңда Сіз бен біз көріп отырған ақиқат. 

Жанат ШАРДАРБЕКОВА, 

А.С.Пушкин атындағы Түркістан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі.

Пікір қалдырыңыз