Кешір бізді, Гүлбахар!
Ерлан ҚУАНДЫҚ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Келес ауданының Біртілек ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылында Гүлбахар Алпысбаева есімді көпбалалы ана тұрады. Жасы биыл қырық беске шыққан жалғызбасты әйел өмірге тоғыз бала әкелген. Кешегі алтын құрсақты аналардың қатары сирегені соншалық, қазір төрт баласы барларды да көпбалалы аналардың санатына қосып жүрген жоқпыз ба?! Мәселеге осы тұрғыдан келгенде он бала туғандарды мына заманның батырлары десек, жарасады. Олар қандай құрметке де лайық. Десек те... тоғыз құрсақ көтерген келестік ананың өз баспанасы жоқ. Ол әлі күнге дейін шиеттей бала-шағасымен аядай үйді жалдап тұрады.
Гүлбахар Талдыбайқызы тұрмысқа осыдан жиырма бес жыл бұрын шыққан. Алланың қалауымен отағасы екеуі 9 балалы үлкен отбасыға айналды. «Балалы үйге бақ қонады» деуші еді. Бірақ, Гүлбахарды дәл қазір ешкім де ішкені алдында, ішпегені артында болып, бақытты өмір сүріп жатыр деп айта алмайды. Баспанасыз күй кешіп, қаржы тапшылығына жиі ұшыраған отбасының іргесі сетінеген тұста бұл ауыртпалықты көтере алмаған күйеуі үйелмелі-сүйелмелі балаларын да, азаматым деп арқа сүйеп отырған жан жарын да тастап, кетіп қалды. Сөйтіп тоғыз баланың бар тауқыметі Гүлбахардың бір өзінің мойнында қалды. Әйтсе де, Гүлбахар жасыған жоқ. Алға ұмтылып, «басқа түссе, баспақшыл» деумен келеді.
Кейіпкеріміз алты жыл бұрын, яғни 2018 жылдың наурыз айында үй кезегіне тұрған екен. Ол кезде, естеріңізде болса, Келес ауданы әлі құрылмаған, ауылдық округ Сарыағаш ауданына қарайтын. «Алтын алқа» иегері «Үкімет далада қалдырмас. Кісі есігін жағалаған күннен құтылып, нәсіп болған күні бір баспанаға қол жеткізермін» деп үмітін үкілеп жүреді. Бірақ, үміті күн өткен сайын көмескіленіп, баспана кезегінен мүлде айырылып қаламын деп ойламағанын айтады.
Арада 3 ай өтер-өтпесте, дәлірегі 2018 жылдың 5 маусым күні Келес ауданы өз тарихында төртінші рет дербес аудан болып қайта құрылды. Қандай да бір құжат үшін сонау Сары-
ағашқа сабыламыз дейтін тұрғындар аудан орталығы жақындады, енді өз ауданымыз бар деп қуанды. Батыр ана Гүлбахар да Келестің бөлініп шыққанын жақсылыққа балады. Бірақ, қуанышы көпке ұзамады. Әне-міне баспанаға қол жеткіземін деп отырғанда өзінің үй кезегінен шығарылғанын естиді. Себебін сұрастырса, әркім әрқалай жауап береді. Бірі себепті Сарыағаш пен Келес ауданының бөлінуінен ізде десе, енді бірі кезінде дұрыс тіркемеген дейді. Сауалына нақты жауап ала алмаған ана ақыры Сарыағаш ауданының әкіміне жазбаша өтініш жолдайды. Қызықтың көкесі осы жерде басталады: үшбу хатына осы жылғы 24 шілдеде аудан әкімі аппаратынан «біртүрлі» жауап келеді. Бір-біріне кереғар қос сөйлемді қандай маман жазғанын қайдам, сауаты бар адам онда не айтылғанын түсініп болмайды. Нақтылап айтсақ, жауап хатта Гүлбахар Талдыбайқызына «жыл сайынғы түгендеу жұмыстары жүргізілген кезеңде сіздің тұрғылықты мекенжайыңыз Түркістан облысы, Келес ауданы, Біртілек ауыл округі, Амангелді елді мекені, Амангелді к-сі, №11 үйде тіркелімде болғандығыңыз үшін кезектен шығарылғансыз» деп жауап қатқан. Алайда, осы хаттың келесі сөйлемдерінде осы мекенжайда тіркелмегеніңіз үшін 12.11.2020 жылы кезектен алынғансыз дейді. Бір хатта екі түрлі, екіұшты жауап.
Тоғыз құрсақ көтерген Гүлбахар Алпысбаева содан бері әкімдердің табалдырығын тоздырып шаршағанын айтады. Бірі анда, екіншісі мұнда жұмсап, әбден әбігерге салған. Әу баста баспана кезегім жақындады ма деп жағдайды білуге барған ана өзінің тіпті тізімде де жоқ екенін білгенде есінен танып қала жаздапты. Сарыағаштан «шеттетілген» соң, өз ауданы – Келеске барса, кезекке сол келген күнінен бастап тіркейміз депті. Ол түсінікті де ғой. Дегенмен, түсінбегеніміз, көпбалалы ананы неге бір ауыз ескертпестен баспана кезегінен шығарып тастаған? Гүлбахар Талдыбайқызы осыған түсінбейді. Дер уақытында ескертсе, осынша уақыт жоғалтпастан, Келеске кезекке тұрар едім ғой деп кейиді ол. Буыны қатпаған балаларының тәрбиесіне көп көңіл бөлу керек екені белгілі. Одан бөлек тамағы, киімі бар дегендей, көпбалалы ана шақшадай басының шарадай болғанын айтады. Мемлекеттен алатын бар көмекті қосқанда қолына тиетіні 126 мың теңгеден аспайды екен. Ол, әрине, тоғыз баланың әжетін шығаруға жетпейді.
Гүлбахар бала-шағасымен 9 жылдай пәтер жалдап, әр жерге көшіп-қонып жүрді. Қазір біреудің бос тұрған шағын үйін паналап отыр екен. Көпбалалы ананың кенжесі Нұрай бүгінде онға келді. 2019 жылы Гүлбахар Алпысбаеваның ер жетіп тұрған үлкен ұлы Нұрсұлтан кенеттен өмірден озыпты. «Тағдыры шығар, Алла өзгелеріне өмір берсін...» деп кемсеңдейді қамкөңіл ана.
Біртілек ауылында пәтер жалдап отырған жалғызбасты анаға жергілікті әкімдік ресми хат беріп, баспананы «кезегіңмен ғана аласың» дегеннен артық ешнәрсе айтпаған. Гүлбахардың өзі бізге осылай деп отыр. Түсінеміз, заң талабы мен тәртібі солай болар. Бірақ, 9 құрсақ көтерген аналар бізде соншалықты көп емес қой. Неге біз осындай мәселелерге біржақты қараймыз? Үкіметтің 2000 жылғы 17 тамыздағы №1272 санды қаулысымен бекітілген Мемлекеттік демографиялық саясаты тұжырымдамасының негізгі мақсаттарына «Өсіп-өнуді жақсарту, өлімді азайту, тууды тұрақтандыру» сынды өзекті мәселелер кіреді. Олай болса, тұжырымдаманың бар жүгін арқалап жүрген осы ауылдағы аналар екен ғой! Тіпті, әрі-беріден соң 10 бала туғандар бір мемлекеттің мақтанышы емес пе?! Қазақтың көбеюіне осындай алтын құрсақты аналар үлес қоспай ма?!
Мәселенің заң-зәкүн тұрғысын айтпағанда, идеологиялық, демографиялық жағын қайда қоямыз? Жәй ғана адамгершілік мәселесі қайда қалады? Қазақтың тоғыз қарадомалағын жетектеп жүрген анаға кезек күттірмей-ақ бір баспана тұрғызып беретін азаматтың аудан бойынша табылмағаны өкінішті, әрине! Бұл өз өңірінде шиеттей бала-шағасымен кісі есігінде күнелткен ана барын білмеген (әлде, білгісі келмеген?) әкімге де сын.
Келес ауданын бүгінде Жәнібек Ағыбаев басқарып отыр (Ол кісінің өмірбаяны алдымен жерге орналастыру маманы, кейін заңгер екенін көрсетіп тұр). Құрметті Жәнібек Есенұлы, облыс орталығынан шалғайдағы ауданның көрсетілген ауылында он соттық жер қанша тұрады? Ауылда 10 соттық жер телімінің бағасы дәл қаладағыдай емес шығар, енді... Қалай десек те «ердің құны» емес қой, солай емес пе?! Оның үстіне өзіңіз жерге орналастырудың нағыз кәсіби маманысыз, демеушілер есебінен жер сатып әперіп, екінші бір демеуші есебінен 4 бөлмелі шағын үйдің құрылысын ұйымдастырып жіберсеңіз, тоғыз баланың анасына үй салып берген әкім ретінде жергілікті тұрғындардың ризашылығына бөленер едіңіз-ау. Осылайша тоғыз баланың, жалғызбасты ананың өлшеусіз сауабын алар едіңіз. Аудан әкімі ретіндегі қол жеткізген мың жақсы көрсеткішіңізді таразының бір басына қойса да, алтын құрсақты анаға жасаған жақсылықтан салмағы ауыр тарта қоймас. Мәселеге осы тұрғыдан келіп, сауап іске мұрындық болу да іскерлік белгісі емес пе, қалай ойлайсыз? «Қиыннан қиыстырар ер данасы» демекші, ел басқарған азаматтың қиын түйінді пышақсыз шешер, қайшысыз кесер қабілеті де болуы керек қой. Бұған не дейсіз?
Дуйсебеков Нурболат Пайзрахманович
Ассалаумағалейку мен сол ауылдың тумасымын Әкім Би деген адамдар бар ғой солар өз жұмысын дұрыс атқарса біздің мемлекетте проблемалар болмаушы еді ма? Көп балалы Жанұямен айналысатын орталық қайда қарап отыр неге осылар әкімге ақпарат бермейді Келес ауданында көп балалы аналарға қандай жеңілдіктер бар қандай балалар баратын орталықтар бар білемккен Аналар
Айтолқын Бектемірқызы
Жоғарыдағы пікірге қосарым: аудан әкімі ауылының бас көтерер азаматы емес па?! Халқымызда *азаматына қарап ауылын таны* деген сөз осындай атқа мінген, мойнында қаншама ананың жауапкершілігі бар азаматтарға арнай айтылса керек!.. Ендеше, адами шешім де солардың қолында!
Тасқынбаев Қасымбек
Ерлан інім, өте дұрыс жазып көтерген мәселең. Сол ауданның әкімі, ауылдың әкімі, ақсақалы асар жасаса да баспана соғып беруге болады ғой. Қазіргі басшылар 99% айлықшылар ғой. Күн өтсе болды деп жүрген біреу. Ертең қандай күн туады деп бүгінгісін ғана ойлайды. Батыр АНАларды кезекке бөлек қойса да болады ғой. Ол бейбақты кезекке де қоймапты. Айтар сөз көп, тыңдар құлақ болса. Бұдан кейін де нәтиже шығарса құба-құп болар еді.