«21 мың теңгеге қора салуға болмайды»
Біз тегін ірімшіктің қақпанда ғана болатынын әлі де түсінбей келе жатқандаймыз. Иә, иә, айтайын деп отырғанымыз сол, Үкіметтің көп балалы аналардың әр баласына беріп жатқан 21 мың теңгесі төңірегіндегі әңгіме. Өкінішке қарай, қоғамымызда осы бір игі істен пайда көріп қалуды көздегендер де кездеспей қалмайды. Мәселен, жақында Сайрам ауданында табыстарын жасырған 981 отбасы анықталып, оларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылды. Аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиевпен сұхбаттасқанымызда, ол өңірде бұл мәселенің қалай шешіліп жатқанын егжей-тегжейлі айтып берді.
– Мадияр Мұхтарұлы, алдымен атаулы әлеуметтік көмектің кімдерге берілетініне тоқтала кетсеңіз...
– Бұл жәрдемақыны жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын (яғни 20789 теңгеден кем) азаматтар немесе отбасылар ала алады. Ол шартты және шартсыз ақшалай көмек болып екі түрге бөлінеді.
Шартсыз ақшалай көмек І немесе ІІ топ мүгедектігі бар, еңбекке жарамсыз науқастарға, аз қамтамасыз етілген жалғызілікті және мұқтаж қарияларға күтім жасайтын азаматтарға, сондай-ақ, отбасындағы еңбекке жарамды азаматтарының барлығы мүгедек, жеті жасқа дейінгі балаға, мүгедек балаға тағайындалады. Ал, шартты ақшалай көмек жұмыспен қамту орталығы мен атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берген отбасы мүшелерінің қиындықтан шығуы үшін беріледі.
ҚР «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңына сәйкес, жыл басынан бері бүгінге дейін өңірімізде 8668 отбасына (52406 адамға) көмек көрсетілді. Бұл көрсеткіш аудан халқының төрттен бір бөлігін құрайды. Соның ішінде 8367 отбасына немесе 46762 адамға 2917004 мың теңге ақшалай көмек берілді.
– Яғни бұл ақшалай көмек негізінен әлеуметтік жағдайы аз қамтамасыз етілген отбасы мүшелерін жұмыспен қамтуға арналған. Алайда, оны өзге мақсаттарға пайдаланып жатқандар баршылық. Айтыңызшы, ақшаны қандай істерге жаратуға болмайды?
– Ауданда осы күнге дейін шартты көмек алған 987 отбасы 991 ірі қара, 412 отбасы 4120 құс, 2348 отбасы
18792 қой-ешкі сатып алып, мал басын көбейтуде. 37 азамат өз ырзығын кәсіптен табуға кірісіп, оған қажетті құрал-жабдықтарын түгендеп алды. Сондай-ақ, бұл әлеуметтік көмек 24 адамның да көптен бері ойында жүрген кәсібін дөңгелетуіне жол ашты.
Ауыл округтері әкімдерінің шешімімен атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдіргендердің материалдық жағдайын тексеретін және қорытынды шығаратын учаскелік комиссиялар құрылған-ды. Дегенмен, әуелде құжат тапсырушылар санының көптігіне байланысты, олардың әрқайсысының үйіне барып, әлеуметтік жағдайларымен жіті танысуға мүмкіндіктің болмағаны рас. Алайда, көп ұзамай табыстарын жасырып, жалған мәлімет бергендердің аты-жөндері анықтала бастады.
Жақында осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында аудан әкімінің шешімімен арнайы комиссия құрылып, ақшалай көмек алушылардың әлеуметтік жағдайына зерттеу жүргізу қайта қолға алынды. Оның құрамында мен де бармын.
Ауданда 11 ауыл округі болса, бүгінге дейін соның төртеуін тексердік. Біз негізінен 1 млн. 500 мың теңге алғандардың үйлеріне барып, ақшаларын неге жаратқандарын өз көзімізбен көруге тырысудамыз. Өкінішке қарай, аталған жәрдемақыны иеленгендер арасында күнкөріс деңгейі жақсы азаматтар да кездесуде. Мәселен, екі қабатты зәулім сарайда тұратын көп балалы ана да әр баласына 21 мың теңге жәрдемақы алыпты. «Оны неге жараттыңыз?» десек, баспанасының жанынан салынып жатқан шағын құрылысты көрсетті. «Қора болады» деді. Келесі жолы берілетін ақшаны ірі қара сатып алуға жұмсап, мал басын көбейтуді жоспарлаған екен. Енді ол мемлекетке алған ақшасын қайтарады.
Атаулы әлеуметтік көмек қора салуға, үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге берілмейді.
– Мемлекеттен жәрдемақы алып, кәсіп бастап үлгергендер бар ма?
– Әрине. Ақсукент ауылында тұратын бір анамыз пластик терезе жасайтын цех ашты. Енді бір келіншек нан жабатын орын алып, жобасын жүзеге асыруға кірісті.
Жалпы, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың жұмысқа жарамды мүшелері ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңына сәйкес бекітілген халықты жұмыспен қамтудың белсенді іс-шарасына қатысуға міндетті. Онда жұмыссыз жүрген адамдардың кәсіптік-техникалық білім алуына, қысқа мерзімді оқу курстарынан өтуіне, «Жастар практикасы» бағдарламасына үлес қосуына мүмкіндік беріледі. Барлық ауыл округтерінде әлеуметтік көмек алушыларға осындай жағдайлардың жасалғанын жеткізіп отыратын әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істеуде.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Дилара БИМЕНОВА,
«Ońtústik Qazaqstan».