Мектеп шеттеп қалмады

Шыны керек, өткен ғасырдың тоқсаныншы, яғни алып империя КСРО-ның тарқайтын жылдары елімізде әлеуметтік-экономикалық ахуал құлдырап кетті. Осы құлдырауды мектептер де бастан кешірді. Мұғалімдер мектепті тастап, түрлі салаларға жұмысқа орналасып жатқан кез. Өйткені, жалақы уақтылы берілмейді. Басқа да қиыншылықтар бастан асады. Міне, осындай аласапыран кезеңде «несін айтасыз, Шымкент қаласындағы №24 мектеп жабылыпты» деген қаңқу сөз бұрқ ете қалды. Бұл 1994 жыл болатын. Осы хабарды ести салысымен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің қызметкерлері мәселенің мән-жайын білу үшін мектепке тартты. Зерттеу, зерделеу жұмыстарының нәтижесінде «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Тіршілік түйткілдері» айдарымен «Мектеп... қалмаса екен шеттеп» (1994 жыл. 12 ақпан. №15) деген сын мақала жарияланды.
Мектеп
сексенінші жылдары салынған. Мектеп құрылысын салу қолға алынғанда қалалық
атқару комитетінің жанындағы жер құрылысы учаскелері бөлімінің
инженер-мамандары үлкен ағаттық жіберген. Жері борпылдақ алаңқайға су жіберіліп
көрілмеген, топырағы нығыздалып тапталмаған. Экскаваторлар жерді тегістеген де,
даяр блоктар, каркастар қойылып, іс қарқын алып кеткен. Қабырғалары өріліп,
шатыры жабылғанда түнікелері дуалдардан сыртқа шығыңқылау болу жағы
ескерілмеген. Солай бола тұра мектепті комиссия мүшелері қабылдап алған. Арада өткен 13 жыл ішінде күзгі нөсер,
көктемде еріген қар суы іргетасының түбін үңгіп, мектепті апатты жағдайға душар
еткен. Мектептің сыртқы сылақтары түсіп, жылу жүйелері дұрыс жұмыс істемеген.
Қас қылғанда тап осы жылы жер сілкінісі болып, мектептің шығыс қанаты шөге
бастаған.
Осындай
мектепте білім алуға бола ма? Ақырында
1200 оқушы көрші мектептерге лажсыз ауыстырылған. Тарыдай шашырап кеткен мектеп
оқушыларының сол кездегі мүшкіл халі «Оңтүстік Қазақстанның» бетінде өткір
сыналады. «Жығылғанға жұдырық» демекші, сол жылы мектептің жаңа жазу машинкасы
қолды болған. Қаржы тапшы болды ма екен, басқа да сыры бар ма, жобалау
институтынан келген өкілдер мектеп қабырғасын құрсаулау керек деп шешім
шығарыпты.
Бірақ,
газет сынынан кейін мектеп сырылып тасталып, орнына мүлде жаңа ғимарат бой
көтереді. Қазір мұнда 2300 оқушы білім алады. Мектепке жасын талант Саттар
Ерубаевтың есімі берілген.
–
Қазір біз республикалық деңгейдегі іргелі оқу орындарының біріміз. Мектебіміз
лицей атанды. Мектепалды дайындық, ұзартылған күн тобы жұмыс істейді. Футбол
алаңымыз бар. Мектепті жыл сайын ағымдағы жөндеуден өткізіп тұрамыз. Мектеп
заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Иә, 1994 жылы мектепте
қиын жағдай орын алғанын жақсы білемін. Ол кезде мен қаладағы №25 мектепте
жұмыс істейтінмін. Журналистерге рахмет, мектептің сол кездегі жағдайына
байланысты дер кезінде дабыл қаға білді. Міне, бүгін соның жемісін көріп
отырмыз, – дейді Саттар Ерубаев атындағы
мектеп-лицейдің директоры Ұлжалғас Есімова.
Сарғайған парақтар сан алуан сыр ақтарады. Осыдан ширек ғасыр бұрын редакция қол ұшын созып, жаңа ғимарат салынуына ықпал жасаған екен. Содан бері де осы білім ұясынан қаншама түлек қанат қақты десеңізші?! Мың жылдығын ойлаған жұрт ұрпақ тәрбиелейді. Ал, осы ұлағатты жолда газет редакциясы қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да үлес қосып жатса, бұл мемлекет алдындағы, ұлт алдындағы бір парыздың орындалғаны.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».