АҚШ – ИРАН ҚАҚТЫҒЫСЫ: ең маңызды 5 сауал

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Халықаралық қауіпсіздікке төнетін ең үлкен қатердің бірі – Иранның ядролық бағдарламасы. Ұзаққа созылған келіссөздерден кейін 2015 жылы халықаралық қауымдастық Иранмен осы мәселеде келісімге келгені белгілі. «JCPOA» деп аталған бұл келісімнің ядролық қарусыздану бағытындағы үлкен бір дипломатиялық табыс болғаны рас. Қысқарақ айтқанда, бұл келісімге сәйкес АҚШ пен Еуропа Одағы Тегеранға қарсы салынған санкцияларынан бас тартқан. Есесіне Иран өзінің ядролық даму бағдарламасын тоқтатқан болатын. Алайда, АҚШ президенті Дональд Трамп билікке келісімен бұл келісімнің Америка үшін мүлде тиімсіз екенін айтып, наразылық білдірген-ді.

Ақыры өткен 2018 жылы мамыр айында Ақүй Иранмен арадағы келісімді ұзартудан бас тартып, одан шығып кетті. АҚШ-тың Еуропадағы Эмманюэль Макрон (Франция президенті – авт.) бастаған одақтастары Вашингтонды райынан қайтармақ болғанымен, одан түк шықпаған. Сөйтіп, келісім күшін жойған соң Иранға қарсы санкциялар қайта қолданыла бастады. Атап айтқанда, Вашингтон әлем елдеріне Ираннан мұнай, газ, мыс, хром, болат, алюминий сатып алуға тыйым салды. Тиісінше, Иран да өз міндеттемелерін орындауды тоқтатты. Әзірге олар ядролық қару жасауға тікелей кіріспегенімен, төмен байытылған уран қорын барынша молайтуда.

Арада бір жылдан астам уақыт өткенде жағдай одан әрі ушықты. Оман теңізіндегі екі мұнай танкеріне қатысты жағдайдан кейін Иранның Ислам революциясын қорғау корпусы Хормозган аймағының әуе кеңістігінен «RQ-4 Global Hawk» атты пилотсыз ұшақты атып түсірді. Сөйтіп, егер АҚШ өздеріне қарсы күш қолданса, соңына дейін жан аямай соғысуға дайын екенін мәлімдеді. Пентагон болса, АҚШ әуе күштеріне тиесілі дронның Иран аумағына кірмегенін, ол халықаралық теңіздің үстінде атып түсірілгенін хабарлады. Және ирандықтардың бұл әрекеті халықаралық құқықтық нормаларға қайшы екенін жеткізді.

Осылайша, маусымның соңына қарай шиеленіс біртіндеп әскери сипат ала бастады. Өткен аптада АҚШ президенті Д.Трамп жаңа санкцияларға қол қойды. Оған сәйкес Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеидің және осы елдің басқарушы тұлғаларының АҚШ пен оның одақтас елдеріне баруына тыйым салынып, олардың американдық және еуропалық банктердегі есепшоттары бұғатталады.

Санкцияларға қол қоя отырып Д.Трамп Иранды тағы да қорқытып-үркітті. ВВС-дің орыс қызметі хабарлағандай, Д.Трамп «Біз Иранмен арадағы шиеленістің дипломатиялық жолмен шешілгенін қалаймыз. Алайда, Иран Американың қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін тағы бір әрекет жасаса, біз оған лайықты әскери жауап береміз. Ондай жауаптан кейін жер бетінен мұндай мемлекет жойылуы да мүмкін» деді. Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф АҚШ президентінің бұл мәлімдемесі халықаралық нормаларға қайшы екенін, соғыс бола қалған жағдайда әрбір ирандық өз Отанын қасық қаны қалғанша қорғайтынын айтты.

Сонымен екі жақ та шабуылды бірінші бастағысы келмей отырғанымен, қос тараптың да аузынан «соғыс» деген сөз шығып қалды. Бұл, әрине, жақсылықтың нышаны емес. Осы күндері адамзатты «Парсы шығанағында жаңа соғыс басталуы мүмкін бе?», «Иран табанды қарсылық көрсетуге дайын ба?», «Бұл соғыс халықаралық қауіпсіздік пен әлемдік экономикаға қалай әсер етеді?» деген сауалдар мазалап отыр. Оған біз өз тарапымыздан «Бұл соғысқа Ресейдің реакциясы қалай болады?» және «Мұның Орта Азия мен Қазақстанға қандай әсері болуы мүмкін?» деген сауалдарды қосар едік. Енді осы ең маңызды 5 сауалға шамамыз келгенше жауап беріп көрейік.

Алғашқы екі сұрақтың жауабы бір-бірімен тығыз байланысты. Иранның «ешқандай да жаңа келіссөздер жүргізбейміз» деген ұстанымынан айнымай отырғанына қарағанда соғыс болуы әбден мүмкін. Бірақ, ол толыққанды соғыс бола ма, әлде АҚШ Иранға қатысты «жазалау шарасы» ретінде тек зымыранмен атқылап қана қоя ма, оны қазір дөп басып айту қиын. Өйткені, «Россия 24» арнасы хабарлағандай, Пентагон өткен аптада Парсы шығанағына 7 әскери кемеден тұратын армадасын аттандырды. Атап айтар болсақ, бұл жетіліктің құрамында бомбалаушы 90 ұшақты алып жүретін «Авраам Линкольн» атты алып әуетасымалдаушы әскери кемесі бар. Кемедегі ұшақтардың көпшілігі соңғы үлгідегі «F-35 B» бомбалаушылары екенін ескерсек, осы бір кеменің өзі кез келген қарсыластың зәре-құтын қашыратын алапат күш деген сөз. Одан бөлек әрбіріне «Томагавк» қанатты зымырандарының 90-ы тиелген «Макфол» және «Гонсалес» атты қос әскери кеме де Парсы шығанағында тұр. Бұлардан бөлек топ құрамында бірнеше зымыранды крейсерлер мен әскери десантты кеме бар. Пентагон теңіз күштерін әуеден қолдау мақсатында Таяу Шығыс аймағына «Пэтриот» зенитті-зымыран кешендерінің бірнеше батальонын түсірген.

Жоғарыдағы мәліметтерге қарап-ақ АҚШ-тың әскери күші басым екенін бірден байқайсыз. Дегенмен, АҚШ бұл елге шабуылдаса, Ауғанстан, Ирак пен Сириядағыға қарағанда әлдеқайда тегеурінді қарсылыққа тап болары анық. Себебі, Иранда 650 мың адамнан тұратын, барынша толық қаруланған, кәсіби деңгейі жоғары армия бар. Ол екі бөліктен – қорғаныс министрлігіне бағынатын әскер мен Ислам революциясын қорғау корпусынан тұрады. Оның арсеналында 3 мыңға жуық танк, 350 әскери ұшақ пен 600 тікұшақ, ондаған әскери кеме мен стратегиялық зымыран кешендерімен жабдықталған 3 суасты кемесі бар. Егер толыққанды соғыс басталса, Пентагон Парсы шығанағына 120 мыңға дейін әскерилерін апаруға дайын екенін мәлімдеді. Есесіне, Иран тарапы 120 мың «демократия қорғаушысының» қарсысына Ислам революциясын қорғау корпусының запастағы 1 миллион 800 мың сарбазын шығарады. Олардың бәрі кәсіби дайындықтан өткен, жер бедерін жақсы білетін, жергілікті климаттық жағдайға бейімделген, ең бастысы, патриоттық рухы тым асқақ сарбаздар.

Қалай болғанда да, қанына антиамерикандық идеология сіңіп кеткен 83 миллион халқы бар Иранды толықтай тізе бүктіру АҚШ үшін орындалуы екіталай міндет сияқты көрінеді. Сондықтан АҚШ-тың бар жоспары Иранды теңізден зымыранмен атқылап, әуе шабуылы арқылы бомбаның астына алып титықтату болуы мүмкін. Сөйтіп, Тегеранды 2015 жылғы келісімді қайта қарап, АҚШ-тың мүддесіне сәйкес келетін жаңа құжатқа қол қоюға мәжбүр ету. Бұл жоспардың қаншалықты іске асатынын уақыт көрсетеді. Міне, бұл алғашқы екі сауалдың жауабы.

«Бұл соғыс халықаралық қауіпсіздік пен әлемдік экономикаға қалай әсер етеді?» деген үшінші сауалға келер болсақ, Таяу Шығыстағы жанжалдың эскалациясының салдары ауыр болады. Өйткені, АҚШ Иранға шабуылдай бастаған күні Иран американдықтардың Сауд Арабиясы мен Израиль секілді одақтастарын зымыранның астына алады. Яғни бұл соғыс АҚШ – Иран соғысы деген шеңберден шығып, тіпті, дүниежүзілік сипат алып кетуі де ықтимал.

Мұнан бөлек әскери қақтығыс бастала салып Иран өзіне жақын орналасқан Ормуз бұғазын жауып тастайды. Иранның қорғаныс министрі Амир Хатами өзінің «Твиттердегі» парақшасына «Ормуз бұғазын жабу біз үшін бір кесе су ішкендей оңай» деп жазды. Әлемде өндірілетін мұнайдың 40 пайызы дүниежүзілік мұхитқа қарай өтетін Ормуз бұғазындағы танкерлерді Иран армиясы атқылай бастаса, дүниежүзілік экономикада орасан зор энергетикалық дағдарыс басталатыны айдан анық.

Төртінші сауалға, яғни «Бұл соғысқа Ресейдің реакциясы қалай болады?» деген мәселеге қатысты әзірге бір нәрсе айту қиын. Өткен аптадағы сұхбаттарының бірінде Ресей президенті В.Путин Иранға қатысты сауалға «Бізге толықтай байланысты емес мәселелерде бәрін бірден құтқара беретіндей Ресей өрт сөндіру бригадасы емес» деп жауап берді. Алайда, Ресей АҚШ-тың бұл аймақта толық үстемдік орнатуына қарап отыра алмайды. Себебі, бір жағынан Иран Ресейдің ең маңызды стратегиялық одақтасы, екінші жағынан Иранда проамерикандық билік орнаса, Ресейдің Орталық Азиядағы және Каспий теңізіндегі мүдделеріне нұқсан келеді.

Енді ең соңғы сауал – «Бұл соғыстың бізге, яғни Орта Азия мен Қазақстанға әсері қандай болады?» деген мәселеге тоқталайық. АҚШ – Иран соғысы бізге сөз жоқ зиянын тигізеді. Басқаны айтпағанда, Иран бізге айтарлықтай жақын орналасқан, Каспий теңізі бойынша көршіміз. Көршінің үйі өртке оранып жатса, оның несіне қуанасыз?

Кейбір сарапшылар «Иранда соғыс басталса, мұнайдың дүниежүзілік бағасы қымбаттайды, бұл бізге тиімді» деген жаңсақ пікірлер білдіруде. Экономикалық планда да біз бұл соғыстан зиян шегеміз. Оған дәлел ретінде екі дәйек ұсына аламыз. Біріншіден, Қазақстан мұнайы, металы мен астығының елеулі бөлігі Иран арқылы дүниежүзілік нарыққа жол тартып жүр. Ирандағы соғыс Қазақстанның онсыз да ақсап тұрған экспортын әбден тұралатып тастауы мүмкін.

Екіншіден, Қазақстан өзінің экономикалық даму перспективаларын Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» бағдарламасымен байланыстырып отырғаны жасырын емес. Ал, бұл бағдарламада Еуропамен арадағы сауда жолының ең маңызды бөлігі Иран арқылы өтеді деп жоспарланған. Егер бағдарлама тоқтап қалса, еліміздің экономикалық дамуының бір жолы жабылады деген сөз. Бір жағынан АҚШ-тың Иранға шүйлігудегі тағы бір мақсаты Қытайдың Еуропа нарығында үстемдік етуіне кедергі жасау болуы да ғажап емес. Не де болса, АҚШ пен Иран арасында туындауы мүмкін соғыстың ешкімге, тіпті, АҚШ-тың өзіне де пайда әкелуі неғайбыл сияқты...

Пікір қалдырыңыз