170 құрылыс бригадасы келдi

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».
Арыс қаласында
орын алған төтенше жағдай нәтижесінде 27 үй жарамсыз болып қалған. Оның 21-і
өртенген. Бұл туралы Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек брифингте мәлім етті.
Бүгінде Арыс
қаласында зардап шеккен нысандарды түгендеу, оларды тіркеу жұмыстары жүріп
жатыр. Бұған дейін хабарланғандай, Арыс қаласын қайта қалпына келтіру
мақсатында шаһар 17 секторға бөлінген болатын. Секторлардың көпшілігінде
құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Жарылыс салдарынан 6 117 үйге зақым келгені
анықталды. Қазіргі таңда үйлердің шатырлары мен терезелерін ауыстыру жұмыстары
атқарылуда. Нақтырақ айтсақ, қазір 728 үйде жөндеу жұмыстары басталып кетті. Ол
үшін республиканың барлық өңірлерінен 170 құрылыс бригадасы келген. Онда 1 200-ге жуық құрылысшы жұмыс істейді.
Сондай-ақ, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан келген
110 ерікті жас жұмыс істеуде.
Арыс қаласындағы
жағдай бірқалыпты. Қала әкімінің айтуынша қазіргі таңда 30-дан астам дүкен мен 3 наубайхана тұрғындарды керекті
азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатыр. Қаланың орталық базары ашылып, тіршілік
жандануда.
Қаладағы
коммуналдық шаруашылық қызметтері де реттелді. Шаһар жұрты су және электр
энергиясымен уақтылы қамтылды. Қалаішілік және қалааралық транспорт мекемелері
жұмыстарына қайта кірісті. Республикамыздың өңірлерінен гуманитарлық көмек
ретінде келген азық-түліктер үйді-үйлерге таратылып жатыр.
Қорғаныс
министрлігінің басшылығымен қаладағы қауіпсіздік шаралары қолға алынған.
Қалалық ішкі істер мекемесінде 2 мобильді топ құрылған. Олар тұрғындардың
арыз-шағымын қабылдап, тиісті шаралар атқаруда. Қорғаныс министрлігінің
өкілдері қала тұрғындарынан шаһар аумағында күдікті зат тауып алған жағдайда
шұғыл хабарлауды өтінеді.
Қаладағы төтенше
жағдай басталғалы бері 77 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген екен. Облыстық
денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың айтуынша, 55 адам
үйіне қайтарылса, 5 адам Нұр-Сұлтан қаласына ауыстырылды. Елордаға жөнелтілген
1 ересек адамның және 1 нәрестенің жағдайы ауыр. Олар жарылыс болған
күні жол апатынан зардап шеккен екен. 17 сектордың әрқайсысына бір-біреуден
жедел жәрдем қызметі қойылып, тәжірибелі медицина қызметкерлері бекітілген.
Сонымен қатар Арыс қаласының 4 жерінде мобильді медициналық пункт ашылып, шаһар
жұртшылығының денсаулығын бақылауда ұстауда. Жарылыстан зақым келген қалалық
аурухана қайта қалпына келтірілуде. Бұл жұмысқа 40 адам
жұмылдырылған. 1 айда жұмыс толық аяқталады. Экстральды түрдегі науқастар
Ордабасы, Отырар аудандық ауруханаларына жеткізілуде.