Абылғазы аймақ абыройы едi

«Шежіре сөзі арабша «Шаджарад» деген сөзден шыққан. Ол «бұтақ, тармақ» деген мағынаға ие. Әу бастан қағазға қатталмаған шежіре тек көзіқарақты, зерделі адамдардың жадында жинақталды.

Бұл кей жағдайларда «Біз кімбіз? Қайдан келдік? Қайда барамыз?» деген сауалдарға да жауап беріп келгені рас. Дәуірден дәуірге, заманнан заманға жазылған хатпен де, жадтағы жаңғырықпен де жағаласа жүріп жеткен шежіре шеруі бірін-бірі толықтырып, рухани байлығымызды еселей түскені анық. Тек оны таным таразысынан талғаммен өткере білсек қанеки?!

Біздің арғы атамыз – Алтыбай бабамыздың қай жылы дүниеге келіп, қай жылы қайтыс болғандығынан бейхабармын. Білетінім, 1840-шы жылдардың бас жағында дүниеге келген перзенттері – Абылғазы, Қазыбай, Бибала және одан тараған ұрпақтар. Оларды өсірді, өндірді, саналы тәрбие беріп, салт-дәстүрлерді бойларына сіңіре білді. Ең бастысы – білімді болуға үйретті. Егер білімі болса, ол – адамның таянышы, жолда – дос, жалғыздықта – жолдас, қуанышта – бастаушы, қайғыда – медет, күресте – құрал, зұлымдыққа қарсы айла.

Біздің ата-бабаларымыз қайда тұрса да, қайда көшсе де бала оқытуды, оларға бес уақыт намазды үйретіп, араб графикасындағы жазуға мән беріп, Құран оқуларын талап етіп отырған. Өздері киіз үйлерде отырса да, кейінгі жылдарда мешіт салуға мүмкіндігі жетті. Қақпатас елді мекенінің Рысбай Сыдықбаев және Өтелбай Бекбосынов ағаларымыздың үйлері орналасқан сайдың ар жағындағы тегістік жердегі мешіт үйінің орны әлі күнге дейін сақталған. Сайдың бүгінде «Мешіттің сайы» деп аталуы содан. Бұл іске басшы болған Абылғазы Алтыбайұлы атамыз 1864 жылы дүниеге келіп, 1933 жылы елімізді ашаршылық қысып тұрған кезде, ал, інісі Қазыбай баба ел тойынғанда 1935 жылы дүние салыпты. Абылғазы ата мен Алтын әжеміз екеуінен бес қыз, үш ұл бала болған екен. Ұлдарынан үлкені Еркебай, Ағабай, Сыдықбай.

Абылғазы Алтыбайұлы елге сіңірген қиын-қыстау замандағы еңбегімен, ақыл-парасатымен халық қамын ойлаған азамат болыпты. Отаршылардың зорлық-зомбылығына батыл қарсылық көрсетіп, аты аңызға айналған. Ол кісі Жетіата елі қоныстанған мекендегі Жолбарысбастау бұлағының жоғары тұмсығынан басталатын жерге қоныстаған екен. Содан болса керек, жұрт ол жерді «Абылғазының сайы» деп атап кетіпті. Сай етегінде үйдің, қора жайлары мен құдығының іздері төмпешік-төмпешік, ойдымдары қаз-қалпы сақталып қалған. Ауылымыздан қарағанда, Ақсу өзенінің арғы жағасындағы 24 гектар жер шетіндегі «Абылғазы қорғаны» деп аталатын жер атауымен және Қақпатас елді мекенінің шығысындағы Тобылғысай етегіндегі биік тас тұмсықтың алды мен етек жағындағы үй және қора жай орындары Абылғазы бабаның құтты қонысы болыпты. Бұл географиялық атаулармен қатар арғы атамыздың аты баспа беттерінде де тарихи тұлғалармен кездесулерінде аталып қалады.

Мысалы, 1994 жылы 7 тамызда жарық көрген «Қазақ әдебиеті» газетінің №40 санында жарияланған Айтжан Бекназардың «Елтай атаға қиянат жасамайық» деген мақаласында Елтай Ерназаровтың 1914 жылдары Абылғазы, Қазыбай байлардың балаларын оқытуға жалданғаны, кейіннен 1927–1935 жылдары Елтай ағаның өзінің білімділігі арқасында Қаз ЦИК-тің төрағасы болғандығы айтылады. Ал, жергілікті жазбагер Көшкінбай Елікбаев та Абылғазы баба жайлы бірнеше құнды деректерді баспа беттеріне жариялаған.

Абылғазы бабаның еті тірілігі, дуалы ауызды екені, жетім-жесірге, момын жандарға, әлсіздерге қорған болғандығы, елжанды азамат атанғандығы ел аузында әлі айтылады. Оған көнекөз қарттар куә.

Өзінің естілігімен Абылғазы бабамның абыройын асырған аяулы жары – Алтын әжеміздің мейірімділігі, бауырмашылдығы, турашылдығы, қайырымдылығы ел ішіне аңыз болып тараған. Алтын әжем өзінің ақылдылығымен, адалдығымен Абылғазы бабама сүйеу бола білген. Бірлік-береке мен ынтымақтың ұйытқысы болған.

Бірде Абылғазы бабам жол жүріп кеткенде, үйіне сыйлы қонақтар келіп түседі. Ерінің жоқтығын білдірмей, Сиқым Қасымбек датқаны өзі күтіп алып, сый-құрмет көрсетеді. Бұл қонақтың үстіне Жаныс елінің датқасы Қасымбек келіп түседі. Келген қонақтарды екі үйге жеке түсіріп, арнайы әрбіріне тай сойып, қонақ етеді. Қонақасыны жеп болған қонақтар сыртқа шыққанда, екі елдің датқа Қасымбектері бір-бірін көріп таң қалысады. Амандық-саулық сұрасқан соң, Алтын әжеме келіп:

– Екеумізді бір үйге түсірмей, бөлек үйге жеке-жеке күткеніңізді қалай түсінсек екен? – деп сұрасады. Сонда әжеміз саспастан:

– Кейін келгеніңіз «Бұрын келген қонақтың сарқытына тап болдым-ау» деп ойлар едіңіз. Әрқайсыңызға арнап, қонақасы дайындатқаным содан, отағасы болғанда, осылай күтер еді, – дегенде екі датқа да тауып айтылған ұтқыр жауапқа риза болыпты.

Абылғазы бабамыз алдында білім заманы туып келе жатқанына орай, молда жалдап, ауыл балаларын бір жерге жинап сауатын ашқызады. Бұл оқиғалар Айтжан Бекназардың «Елтай елінің бір ұлы еді», «Ақиқат және әдеп» атты кітаптарындағы деректермен былайша нақтыланады.

«Елтай елінің бір ұлы еді» кітабының 39-бетінде:

«Елтай Шымкенттегі медресені 1914 жылы тәмәмдап, Абылғазы, Қазыбай деген байлардың балаларын оқытуға жалданады» деген жолдар бар. 2008 жылы «Түркология» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ғалым Мұхит Міразов екуміз Елтай Ерназаровтың аталас інісі Айтжан Бекназаров деген кісінің үйінде кездесудің сәті түсті. Елтай ақсақал жайлы қариялардан жазылып алынған үнтаспаны інісіне табыстадым. Айтжан ағаға менің Елтай жайлы тың деректерім ұнады.

– Мамандығың қандай еді өзі, неге осы білгендеріңді жазбайсың? – деп сұраулы көзбен қарады. «Елтай елінің бір ұлы еді», «Ақиқат пен әдеп», «Тарих- тағы ұлы тұлғалар» атты кітаптарын маған сыйға тартып тұрып: «Елтай ағам мен Патшайым жеңгеме пана болған Қақпатастағы үңгірді бір көрсем» деген қызығушылығын білдірді. Сондағы Айтжан ағаның айтқан әңгімесі мынау еді:

– Абылғазы ата Елтай Ерназаровты жайлауға көшсе – жайлауға, қыстауға көшсе – қыстауға ертіп, жанынан қалдырмай, бір баласындай алып жүретін. Ақырында үйлендіріп те берген. Айқай-даудың басын қайтарған да сол кісі, – деуіне қарағанда, Айтжан ағаның Абылғазы байдың қолында 1914 жылы болған деуі нақты дәлел. Айтжан аға кітабындағы Елтай атаға байланысты, олардың жастық шағындағы оқиғалар маған өте таныс. Оларды мен кішкене кезімнен білетінмін. Ағабай ата мен Сыдықбай әкем, Сәлима және Қызжан апалар ол кісі біздің үйдің бір перзентіндей болып кеткенін үнемі айтып отыратын. Елтай аға мен Абылғазы ата екеуінің қарым-қатынасы, барыс-келісі бертінге дейін созылған.

Патшайым апа мен Елтай ата екеуі де жас кезінде арабша сауат ашқандықтан бір-бірімен хат жазысып, хабарласып тұрған. Хат тасушы Елекеңнің ағасы Бекназардың қызы Күләнда болған. Ата-бабаларымыздың бұрынғы, хандық заманындағы жарғыларында, екі нәрсеге өлім жазасы болғанын білеміз. Біріншісі – біреудің некелі әйелін алып қашқанда, екіншісі – біреудің әйелін зорлағанда.

Елінен қашып, жан сауғалап пана іздеген Елтай мен Патшайымды Абылғазы баба өз қамқорлығына алып, уақытша жасырын паналатады. Екі жасты ауыл адамдары да көре алмастай етіп, алғашқыда біраз күн үйге жақын маңдағы Тобылғысай ішіндегі үңгірге жасырса, іздеушілер сезігі күшейгені байқалғандықтан, қауіпсіздікті күшейту мақсатында Қақпатас ішіне түнде түбегейлі ауыстырады. Қақпатас аталатын сайдың екі жағы биік жоталар, құз-жартастар арасындағы үңгірге керек-жарағымен қоса жасырады. Бұл сырды Алтын әже мен тамақ таситын жас бала Жұманнан басқа жан баласы білмейді. Ол елді мекенге кіре берістегі оң жақтағы қатпар тастар арасында орналасқан. Сырт көзге ол жерде үңгірдің бар екені сезілмейді. Жұрт бұл жерде көп жүре де бермейді.

Жұман Сұлтанқұлов Елтай Ерназаровтың Патшайым апамызға үйленіп, Майбұлаққа қашып келгенінде сегіз жастағы ойын баласы екен. Жұман аға үңгірге жасырылғандарға құпия түрде күнде тамақ тасыған. Өйткені, жеті-сегіз жас шамасындағы баланың жүрісі елеусіздеу. Жұман ағаның әңгімесі құлағымызда қалып қойған.

– Алтын әжем алғаш мені өзімен үйден ертіп шығып, жай бірдеңе теріп жүргендей қалып танытып, елеусіз үңгірді көрсетті. Кейін оны өзім тауып бара беретін болдым. Әжем маған күнде нан, бауырсақ, пісірілген ет, құмыраға құйып қымыз, айран, құрт, майын мен арқылы беріп жіберетін. Мені де тәттіге тойдыратын. Үңгірге күнде барып-қайтып жүргенімді үлкендерге және бірге ойнайтын балаларға айтып қоймауымды, жолда ешкімге жолығып қалмауымды, егер жолда біреуге кездесіп қалатындай жағдайда, алдын-ала алыстан байқап, жол жиегіндегі қалың бұталар мен тастар арасына жасырына тұруымды ескертіп, қайта-қайта пысықтайтын. Құпияны мен бұлжытпай сақтадым. Тіс жарып ешкімге айтпадым.

Жесірін іздегендер «Тапсақ, тірі қоймаспыз» деп Абылғазы бабаның үйіне қайта-қайта келіп, сұрау салып мазалайтын. Ал, атамыз уақыт емші деп біраз күңдерді шыдамдылықпен өткереді. Уақыт сәті жобаға келгенде ұрда-жық содырларға ашуы шығып:

– Елтай адам өлтірген жоқ. Айыбы болса, мен көтерейін. Бір мәмілелі бітімге келейік. Қырғи үрейінен қорыққан, торғай паналайтын бұта құрлы жоқпын ба?! – дейді.

Абылғазының беделі зор. Әділдігі, айбарлығы, адуындығымен бұл аймаққа аты шыққан. Ол кісі араласқан тірлік аяқсыз қалмайтынын білген қуғыншылардың аптығы басылып, ақыры екі жақ жастардың некелесуіне рұқсат береді.

Келісімге келіп, ел тыншыған соң, Елтайды таудан алдырып:

– Шырағым, енді сен бұл жерде қалма. Мыналар өшігіп, саған қастандық жасауы мүмкін. Еліңе бара ғой. Біраз қолымызда тұрып, балаларымыздың тілін сындырдың, қызметіңе рахмет. Қайда жүрсең де, аман бол! – деп, жастардың бақытты болуларына батасын беріп, шығарып салады...

Қорыта айтқанда, Елтай Ерназаров өмірінің алғашқы соқпағы атам Абылғазы Алтыбайұлымен өрілгені менің кеудемде қимастық жылуын ұялатады. Бұл тағдыр қалауы ғой.

Жақсылық СЫДЫҚБАЕВ, зейнеткер ұстаз. Төлеби ауданы.

Пікір қалдырыңыз