Жарыстар төрiне айналса...

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».
Әлемде саяси
жиындар, спорттық бәсекелер өткізумен аты танылған қаншама шаһарлар бар. Жаһан
жұртшылығы ондай қалалардың аты аталса болды, қай елде, қай құрлықта
орналасқанын жазбай таниды. Мәселен, Швейцарияның аты ауызға алынса, бірінші
кезекте ойыңа ел астанасы Берн емес, дүниежүзілік экономикалық форум өтетін
Давос түседі. Германия дегеннен жұрт ел астанасы Берлин қаласынан бұрын төрі
жарыстардан босамайтын Мюнхен қаласын айта бастайды. Дүние жүзіне аты әйгілі
сондай шаһарларды өз көзімен бір рет болсын көруді арман ететіндер де аз емес.
Бұл – әлгі біз айтып жүрген туризмді дамытудың бір тетігі.
Рухани
астанамыз Түркістан қаласының облыс орталығы болып бекітілгеніне көп бола
қойған жоқ. Миллиондаған халқы бар облыстың орталығына айналған қасиетті
шаһардың алдағы даму жоспары жасалып, құрылыс жұмыстары басталып та кетті.
Түркістан
қаласында туризмді дамыту керек деген әңгімені алғаш біз айтып отырған жоқпыз.
Бір өңірдің орталығына айналған «екінші Меккенің» осы салаға түбегейлі бет
бұратын кезі әлдеқашан жеткен сыңайлы. Осы орайда Түркістан қаласының
туризмінің дамуына спорт саласының сіңірер еңбегі орасан зор болмақ. Қалай
дейсіз ғой?!
Біздіңше, бұл
қалаға туристерді ірі халықаралық жарыстарды көптеп ұйымдастыру арқылы да
молынан тартуға болады. Сөйтіп, шетелдік спортшылардың ғана емес,
жанкүйерлердің де назарын аудартып әрі Түркістанның атын танытамыз, әрі
қаржылай табыс табамыз.
Түркістан
қаласында жыл сайын халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын бокс турнирі бар.
Даңқты боксшы Бекзат Саттархановты еске түсіруге арналған турнир жыл сайын
жастар арасында сол былғары қолғап шеберінің атындағы спорт кешенінде
ұйымдастырылады. Алайда, бұл жарыс «А» дәрежесіндегі халықаралық турнирге кірмейді.
Бұл турнирде топ жарған отандық боксшылар тек «ҚР-ның спорт шебері» атағын
иемдене алады. Осы жарыс «А» дәрежесіндегі халықаралық турнирлер тізіміне
енгізуге әбден сұранып-ақ тұр. Әйтпесе жарысқа әлем елдерінен белді де беделді
спортшыларды тарта отырып ірі халықаралық жарыстар өткізген дұрыс шығар.
Ол үшін ең
алдымен спорт кешендері соған сай болуы ләзім. Жоғарыда атап өткен
Б.Саттарханов атындағы спорт кешенін әлемдік ірі жарыстарды қабылдай алатын
нысанға айналдыруға, халықаралық стандарттарға сай жабдықтауға болады. Елбасы
Нұрсұлтан Назарбаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшылығына Түркістан
қаласына стадион салып беруді тапсырған-тын. Бүгінде спорт нысанының құрылысы
басталып та кетті. 7 мың адамға лайықталған стадион әлемдік стандарттарға сай салынуда.
Қылышын
сүйретіп қыс келгеннен-ақ Еуропа мен Азияның футбол клубтары оқу-жаттығу
жиындарын өткізуге Түркияның Анталья қаласына аттанады. Анталья футболшылардың
көзді жұмып тауып бара беретін қаласына айналған. Неге деріңіз бар ма?! Мұнда
жоғары сапалы қызмет көрсететін бірнеше футбол базасы бар. Теңіз жағасында
орналасқандықтан қысы-жазы ауасы жайлы Антальяға жыл сайын 1500-ге жуық футбол
клубы келеді екен. Олардың жаттығуына, жолдастық кездесулер өткізуіне мұнда
толық жағдай жасалған. Әлемдік футбол клубтары пайдасының біраз бөлігін Анталья
қаласының қазынасына құйып отыр. Оның ішінде қазақстандық футбол клубтары да
бар. Түркияның туристік әлеуетімен таласу әзірге мүмкін емес шығар. Алайда,
климаты қыста да доп тебуге мүмкіндік беретін Түркістан облысында футбол
алаңдарын көптеп салуға неге болмасын?! Бұл түбі ел қазынасына пайда әкеледі.
Ең құрығанда қазақстандық футбол командалары оқу-жаттығу жиынына бөлінген
қаржысының бір бөлігін Түркістанға қалдырып кетер ме еді?!
Елдің атын
шығаратын екі сала болса бірі – туризм, бірі – спорт. Ал, жаңадан облыс
орталығы болған Түркістан қаласының бүгінгі жағдайында атының әлемге танылуы
өңірдегі спорттың дамуына, қарқын алуына да байланысты деген ойдамыз.