Айқын мақсатқа қол жеткіземіз
Базарбай МҰСАБЕКОВ, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Түркістан қаласының «Қоғамдық кеңес» төрағасы.
– Елге мәлім кешегі күні саяси науқанға нүкте қойылды. Сайлаушылардың басым дауысымен қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа таңдау жасалды. Бұл таңдау әлемдік аренада өзінің орны бар тұлғаның ел ішіндегі абыройының да жоғары екендігінің дәлелі. Сондықтан мен мемлекет басшысын сайлауда ел тұрғындарының басым бөлігі дұрыс шешім қабылдады деп санаймын және осы таңдауға өз ризашылығымды білдіремін. Себебі, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев салған сара жолды одан әрі жалғастырып, мемлекеттің қуатын арттыру бағытында басталған істі соңына жеткізу арқылы нәтижеге қол жеткізуде бұл сайлаудың маңызы өте зор. Мемлекет дамуының ең басты шарты тұрақтылық екені анық. Бұл мақсатта біздің Түркістан облысының тұрғындары өз ұстанымы мен көзқарасының, жалпы таңдауының негізі - ынтымақ екенін аңғартты. Демек, халқы ауызбіршілікті қолдаған елге дамудың даңғыл жолы ашық болатыны сөзсіз. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген дана халқымыздың өзгенің сөзіне ермей алалықтан ада болғаны абзал. Егер біз осындай бірлігімізді сақтай білсек, ел сеніміне ие болған Қ.Тоқаевтың халық мүддесі үшін елеулі еңбек етуіне толық мүмкіндігі бар және қарымы мен қабілеті де жеткілікті. Сол үшін де халықтың басым бөлігі Президентімізге қолдау көрсетті.
Ендігі үміт бұқараның әлеуетін арттыру арқылы Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайту. Осы жолда мемлекет басшысы бастап, халық қостап азат еліміздің тарихындағы жарқын жеңістер қатарын арттыра түсуіміз қажет. Бұл ретте тағы да ынтымақ пен бірлігіміз берік болуы тиіс. Сонда ғана айқын мақсатқа қол жеткізетін боламыз.