Қазақша үлгідегі транзит
немесе халық сабақтастық, әділеттілік пен өрлеуді жақтап дауыс берді
Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Ońtústik Qazaqstan».
Қазақстан халқы 9
маусымда тарихи таңдау жасады. ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметтері
бойынша, елімізде тіркелген сайлаушылардың 77,4 пайызы өздері таңдаған
кандидатқа дауыс берген. Бұл көрсеткіш 2005 жылы өткен Президент сайлауындағы
көрсеткішке қарағанда біршама жоғары. Түркістан облысында да халық ерекше
белсенділік танытты. Өңірімізде дауыс беруге сайлаушылардың 84,8 пайызы
қатысқан. Бұл көрсеткіш тұрғысынан өңіріміз республикада Алматы және Ақтөбе
облыстарынан кейінгі үшінші орынды иеленді.
Кеше ҚР Орталық
сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров сайлаудың алдын-ала
қорытындыларын хабарлады. Оның айтуынша, 9 маусым күні өткен кезектен тыс
Президент сайлауында қазақстандықтардың 70,76 пайызы «Nur
Otan» партиясының кандидаты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдап
дауыс берді. Ал, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінен ұсынылған кандидат
Әміржан Қосанов 16,02 пайыз дауысқа ие болса, қалған 13 пайыздан астам дауысты
өзге 5 кандидат өзара бөліске салған.
Осылайша,
Президент Қ.Тоқаев айтқандай, қазақша үлгідегі билік транзиті толығымен жүзеге
асты. Қазақстан халқы Елбасының саяси бағытының сабақтастығын, тұрақтылықты,
қоғамда әлеуметтік әділеттілік орнауын және өрлеу жолын жақтап дауыс берді. Бұл
Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында көрсетілген негізгі постулаттар болатын.
Ал, бұл саяси доданың ең басты жетістігі – саяси науқанның тұрақтылық
жағдайында өткендігі.
Біз еліміздегі
осынау тарихи оқиғаға байланысты бірқатар саясаттанушылардың көзқарастарын
білген едік. Енді сол пікірлерді оқырман назарына ұсынғанды жөн санап отырмыз.
Мұхит-Ардагер
СЫДЫҚНАЗАРОВ, саясаттанушы:
– Өз басым бұл
сайлауда бұрынғы саяси додалармен салыстырғанда демократиялану бағытына қарай
айтарлықтай прогресс барына анық көз жеткіздім. Бұған дәлел ретінде бірнеше
аргументті алға тарта аламын.
Біріншісі, сөз
жоқ, бұл – биліктің десакрализациясы. Жұртшылық билік деген сондай киелі ұғым,
ал, оны қолына ұстап отырған адам әулие еместігін түсінді. Президент халыққа
қызмет ету үшін ғана сайланатынын, ал, Үкімет деген сайлаушылардың салық
түсімдері арқылы жинақталған өз ақшасына ұстап отырған жалдамалы менеджерлері
ғана екеніне көз жеткізді. Бұл – нағыз саяси эволюция. Алдағы электоралды
кезеңдер бұдан әлдеқайда шиеленісті өтпек. Өйткені, халық өзінің елдегі
жағдайға қалай ықпал ете алатынын анық сезіне бастады.
Екіншіден, осы
сайлауда халықтың саяси белсенділігі артты. Бір қарағанда керісінше сияқты
көрінуі мүмкін. Өйткені, 2015 жылғы Президент сайлауына электораттың 98 пайызы
қатысса, бұл жолғы көрсеткіш 77 пайызды құрады. Бірақ, мәселе қатысу
көрсеткішінде ғана емес. Саяси белсенділіктің артқанын көптеген жастардың
партиялық немесе тәуелсіз бақылаушы болғанынан-ақ байқауға болады. Бұл өте
жақсы. Осы тенденция сақталып, алдағы электоралды науқандар кезінде
бақылаушылардың қатары көбейе түсуі тиіс. Өйткені, бақылаушы қаншалықты көп
болса, бұрмалаулар соншалықты азаяды және сайлау әділ өтеді. Ал, қазақ
мемлекеттілігін нығайтудың басты жолы – әділ сайлау.
Үшіншіден, қай
мемлекетте болмасын сайлаудың қалай өткендігіне, оның лигитимділігіне қатысты
қорытынды бағаны халықаралық қауымдастық береді. Біздегі сайлау халықаралық
қауымдастық үшін ашық болды. Ұйымдастырушылар халықаралық ұйымдар мен шет
мемлекеттерден 1 013 бақылаушы шақырған. Бұл – айтарлықтай жоғары көрсеткіш.
Төртіншіден, бұл
жолы сайлаудың өткізілуі де, оның нәтижелері де біршама шынайы болды. Бір
қарағанда оппозициялық кандидат Әміржан Қосановтың жинаған 16 пайыз даусы тым
аз болып көрінуі мүмкін. Бірақ, Қазақстандағы сайлаушылардың 16 пайызы
дегеніңіз 1 472 733 адам (Орталық сайлау комиссиясы таратқан ресми мәлімет).
Мұны аз деп ойлайсыз ба? Демек, осынша адамның елдегі қалыптасқан жағдайға
көңілі толмайды, биліктің жүргізіп жатқан саясатына наразы, қандай да бір
өзгерістердің болғанын қалайды деген сөз.
Тағы бір айта
кетерлігі, осы жолы саяси науқанға тән ерекшеліктердің барлығы көрініс тапты.
Бұл жерде мен теледебаттың өткені, әлеуметтік желілердегі қызу, көпқырлы әрі
терең мәнді пікірталастар туралы ғана айтып отырған жоқпын. ІІМ Нұр-Сұлтан мен
Алматы қалаларында заңсыз шерулердің өткені туралы хабарлады. Бізде осындай
митингтердің өткенін жасырудың, одан ұялудың, оны трагедия ретінде қабылдаудың
қажеті жоқ. Білесіз бе, наразылық – саяси процестердің ажырамас бөлігі. Егер
наразылық болмаса, халықтың бәрі бірдей билікті қолдап отырса, онда сайлау
өткізуге қажеттілік болар ма еді? Тек осы процестердің барлығы өркениетті
жолдармен жүзеге асуы керек. Ал, кешегі митингтердің мақсаты – қоғамдық
тәртіпті бұзып, жағдайды тұрақсыздандыру еді. Құқық қорғау органдарының оған
жол бермегеніне қуаныштымын.
Осының бәріне
қарамастан, 6,5 миллион азаматтың қолдауына ие болған Қасым-Жомарт Кемелұлы
жеңіске жетті. Көптің аты көп қой. Әрі барлық адамның бірдей көңілінен шығу
мүмкін емес. Саясаттың да, өмірдің де заңы солай.
Сәкен МӘЖІМБЕКОВ,
саясаттанушы:
– Сайлау
дегеніміз, былайша айтқанда, билік пен халық арасындағы әлеуметтік
келісімшарттың қайта қаралатын, қайта рәсімделіп, қол қойылатын кезеңі ғой.
Кандидаттар өзі сайланатын кезеңде халықтың тұрмысын түзету үшін, елді дамыта
түсу үшін мынадай іс атқарамын деп уәде береді. Сол уәделер олардың сайлауалды
бағдарламаларында көрініс табады. Сайлаудың нәтижесі сол бағдарламалардың
қаншалықты сапалы әзірленуіне және оның халыққа жетуіне байланысты.
Осы қағидаларды
басшылыққа алсақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңіске жетуі заңдылық деп айта
аламын. Себебі, Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында қоғамдық өмірдің барлық
салаларына қатысты сөз қозғалып, әрбір саладағы жағдайды түзетудің нақты
тетіктері көрсетілген. Онда экономиканы әртараптандыру, білім, денсаулық сақтау
салаларын дамыту, әлеуметтік қамсыздандыруды жетілдіру, жемқорлықты түбірімен
жою, сот жүйесінің дербестігін арттыру мен саяси реформаларға дейінгі
мәселелердің барлығы қамтылған.
Ал, өзге
кандидаттардың көбінің сайлауалды бағдарламаларында белгілі бір салаларға
қатысты мәселелерге басымдық берілген еді. Мәселен, Амангелді Таспиховтың
бағдарламасында еңбек құқығы мәселесі ерекше сөз болса, Дания Еспаева
кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға басымдық берген. Тиісінше, бұл кандидаттар
халықтың үлкен бөлігінің қолдауына ие бола алмады. Ал, Әміржан Қосановтың
бағдарламасы кең ауқымды әрі толыққанды болып көрінгенімен, ол негізінен қазақ
ұлтына, оның ішінде қазақ тілді, ұлттық ортаға ғана бағытталған еді. Осы саяси
технологиялық қателігінің салдарынан ол Қазақстан халқының айтарлықтай үлкен
бөлігін құрайтын орыс тілді орта мен өзге этнос өкілдері арасында жеткілікті
дәрежеде танымалдылыққа, медиаиденттілікке қол жеткізе алмады. Сол себепті
өзінің үлкен әлеуетіне қарамай сайлаушылардың 16 пайызының ғана даусын иеленді.
Тағы бір айта
кетерлік мәселе, бұл сайлау елдегі ұлттық-демократиялық күштер үшін алдағы
электоралды кезеңдерге үлкен дайындық іспетті болды. Егер бүгін жеңіске жете
алмаған кандидаттар мен олардың партиялары осы жолғы дауыстарын Парламент
сайлауындағы дауыстарға сәтті конвертациялай білсе, олардың төменгі палатада
өзіндік орны бар фракция құруына мүмкіндігі болады. Бұл Қазақстанда
плюрализмнің дамуына, Үкіметке ықпал ете алатын беделді Парламенттің
қалыптасуына жол ашады. Демек, елімізде демократиялану бағытында орнықты
эволюция жүріп жатыр деп сеніммен айта аламыз.