Сүлікпен емдеу: мемлекет тарапынан қолдау тапса...

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Жуырда Шымкент қаласында гирудотерапевтер бас қосты. Осымен жетінші мәрте ұйымдастырылған халықаралық конференцияда сүліктің заманауи медицинадағы қолданысы мен келешектегі дамуы жайлы мәселелер талқыланды.

Алқалы жиынға елімізбен қатар Өзбекстаннан келген гирудология саласының білікті маманы, ТашМА фармакология кафедрасының меңгерушісі М.Аллаева да қатысты. Ғылыми-тәжірибелік конференцияның өтуіне ұйытқы болған «Қазақстандық гирудотерапевтер альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, «Гирудомед» медициналық орталығының директоры С.Серікбаеваның айтуынша, сүлікпен емдеу халық емшілігінде баяғыдан қолданылып келе жатса да, заманауи медицинада оның тиімділігі мен артықшылығы енді ғана мойындалуда.

– Конференцияда Санкт-Петербург қаласымен Skype желісі арқылы тікелей байланысқа шығып, гирудотерапия жайлы жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Сонымен бірге, бүгін сөз сөйлеген мамандардың баяндамалары ғылыми жинақ болып басылып шықты. Жиында сүлікпен емдеудің стандартын жасап, мемлекеттік емханалар мен ауруханаларға енгізу мәселесі көтерілді. Бірінші конференцияда дәрігерлер, ғылыми атағы жоғары докторлар аз еді. Бүгінде конференцияға қатысушы білікті мамандардың саны артқан. Бұл гирудология саласының жылдан-жылға дамып келе жатқанын көрсетеді. Сүлік – аурудың алдын алуға, қанды сұйылтып, тазартуға бірден-бір ем. Гирудотерапия халық арасында көп жарнамаланбайды. Алайда, жарнамадан гөрі әрбір емделген науқас арқылы сүліктің шипалы қасиеті жайлы мәлімет қоғамда тез тарап жатыр. Сүліктің көмегімен балалар басішілік қысымның көтерілуі, аллергия, созылмалы отит сынды кеселдерден құлан-таза айығып кетуде. Яғни педиатрия саласында да гирудотерапияға деген сұраныс бірте-бірте артып келеді. Алғашқы кезде елордада жалғыз ғана клиникамыз болатын. Қазір олардың саны 23-ке жетті. Соның үшеуі мемлекеттік емдеу мекемесінде орналасқан. Осыған қарап мемлекет шынымен де гирудотерапияға көңіл аудара бастады деген қорытынды жасай аламыз, – деді С.Серікбаева.

Ол басқаратын «Гирудомед» медициналық орталығы Санкт-Петербург қаласындағы «Гирулайн» биофабрикасының Қазақстандағы ресми өкілі болып саналады. Бүгінгі таңда клиника қолданып жатқан емдік сүліктер сол биофабрикадан жеткізіледі. С.Серікбаева алдағы қазан айында өтетін гирудотерапевтерді оқыту курсында дәл осындай биофабриканы елімізден ашу жөнінде «Гирулайн» компаниясымен келісім жүргізетінін мәлімдеді. Бұдан бөлек, Ташкент медицина академиясының профессоры М.Аллаеваның айтуынша, Өзбекстан астанасында күзде «Гирудомед» медициналық орталығының филиалын ашу жоспарлануда. «Гирудотерапия гинекология саласында кеңінен қолданылады. Тромбоз ауруын емдеуде де сүліктің пайдасы зор. Өзбекстанда қазіргі таңда гирудология ерекше қарқынмен дамып келеді. Сүлікпен емдеуге арналған арнайы орталығымыз бар. Оның тағы бір пайдасы қан айналымын жақсартады, жүйке жүйесін қалпына келтіреді. Жас келген сайын ағзадағы қан қоюланады. Сондықтан науқас емес адамға да сүлік салдырған пайдалы» дейді өзбекстандық ғалым.

Жалпы, конференцияда шетелдік мамандармен және еліміздегі жеке клиниканы басқаратын немесе сонда қызмет атқаратын дәрігерлермен қатар Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының, сондай-ақ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің оқытушы ғалымдары да гирудотерапияның пайдасы мен оның синтетикалық жолмен жасалған дәрі-дәрмектерге қарағанда артықшылықтары туралы баяндады. Жиын қорытындысында сүлікпен емдеу әдісі мемлекет тарапынан қолдау тауып, бюджеттік емдеу мекемелерінде емдік шара ретінде қолданысқа енуі керектігі жайлы ортақ шешімге келді.

Пікір қалдырыңыз