Мырзашөлдiң мақтанышы

(эссе)

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Оңтүстік Қазақстанның жүрегі – Мырзашөл» деген лебізі қанатты сөзге айналып кетті. Ал, Мырзашөл дегеніңіз екі ел – Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасы болып түйісіп, тұтасып жатқан шұрайлы да шырайлы өлке. Осыдан небәрі бір ғасыр ғана бұрын бұл жер шағыл басып жатқан құла дүз, сағымды сары дала болатын. Сол даланы игеруге, гүлдендіруге белсене атсалысқандардың бірі әрі бірегейі – Бегім СЕРІКҰЛЫ ағамыз.

Тағдыр деген тосындығымен, жұмбақтығымен, тіпті қиындығымен де қызық қой. Ол кезде Компартияның қылышы қылпылдап тұрған кез. Айтты, бітті, бұйрығы сөзсіз орындалатын. Сол Компартия Бекеңді өз ауылында түрлі комсомол, шаруашылық, партия мектептерінен өтіп, енді жетіле бастаған шағында 1967 жылы осы қасиетті дала Мырзашөл өңірінен ашылған Мырзашөл аупарткомына ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі етіп алып келді. Алайда, бұл келіс аттай 33 жылға созыларын ол кезде өзі де, өзгелер де сезген жоқ.

Аупарткомда тапжылмай үш жылдай отырды. Жаңа аудан шаңырақ көтеріп, түрлі жаңа шаруашылықтармен толыға түсті. Содан кейін Бекеңді енді ғана ашылған 19 «А» шаруашылығына директор етіп жіберді. Ол кезде Бегім Серікұлының жасы небәрі 31-де еді. Жас жігітке осылайша үлкен сенім артылды. Елсіз жерде шаруашылық құру оңай болмағаны түсінікті. Ел-елге барып, тамыр-таныс қуып дегендей, талайларға жалынып, адам жинады, сөйтіп шаруашылық жұмысын бастап кетті. Бұл шаруашылықтың негізгі кәсібі шитті мақта өсіру болатын. Ол дақылды өсіруден Бекең талай сын-сынақтардан өтіп, біраз тәжірибе жинаған-ды. Намысқа тырысып күндіз-түні тынбай еңбек етіп, осы дақылдан мол өнімге қол жеткізді.

Ақ мақта дегеніңіз Өзбекстан Республикасының – ары мен абырой-атағы, даңқы. Мақта терімі кезінде бұл елде үлкен-кіші, қызметкер, қатардағы жұмысшы деген болмайды, бәрі мақта терімге жұмылдырылады. Тіпті, республиканың түрлі деңгейдегі басшылары да мақта терімі кезінде кабинетте отыруды ұмыта тұрады. Бір күні Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Шараф Рашидұлы Рашидов шаруашылыққа арнайы келіп, еңбекті өз көзімен көріп:

– Атаңызға рахмет, уртоқ Сериков! Міне, машина терімін осындай етіп ұйымдастыру керек! – деді ризашылық білдіріп.

– Бүгін Уратөбеге барасың, өз тәжірибеңді ортаға саласың. Әсіресе, механизаторларға мақтаны қалай таза теру керектігін, төгіп-шашпау үшін не істеу керек екенін үйретесің, – деді де өзімен бірге ала кетті.

Содан республика басшысының оған ықыласы ауды. Жас директорды ел тани бастады. Шараф ака нағыз шаруа азаматтың іскерлігін, ізденімпаздығын, пайым-парасатын алғаш көргеннен-ақ аңғарды. Сөйтіп көптің көзінше жылы сөйлеп, арқасынан қағып қойды.

Дәл осы 1971 жылдың мамыр айында қазақтың нар тұлғалы ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың табандылығымен 1963 жылы Өзбекстанның құрамына берілген оңтүстіктегі үш аудан – Мақтаарал, Жетісай және Киров аудандары Қазақстанға қайтарылды. Шынында да, бұл өзбек ағайындар үшін күткен де, күтпеген де жағдай еді. Олар істің бұлай боларын алдын-ала сезді ме, осы аудандардағы жарамды техникаларды, басқа да құрал-жабдықтарды өздеріне қарай тасып, аймақты түгел Қазақстанға тапсыруға дайындалғандай болды. Қоғам және мемлекет қайраткері Егемқұл Тасанбаев ағамыз «Өзім өскен өлкеде» кітабында құжатта «сол кездегі шекара бойынша» деудің орнына, «қазіргі шекара» делініп кетуінің салдарынан біраз жер Өзбекстанда қалып қойғандығы туралы жазған. Дәл сол себеппен Бекең қызмет еткен шаруашылық та көрші елдің еншісінде кетеді.

Бекең жаңа кеңшарда жұмысын жалғастыра берді. Бәлкім шаруашылықтың жол бойында орналасуы себеп болды ма, әлде шынымен жүрегі қалап тұрды ма, Шараф Рашидов облыстарды аралағанда міндетті түрде осы кеңшарға бұрылмай кетпейтін. Келген сайын жылы шыраймен амандасып, бауырына тарта сөйлейтін.

– Уртоқ Сериков, сен де шөлқуарсың, мен де шөлқуармын, кел бірге аралайық, – деп әр келген сапарында қасына ертіп жүретін.

Осы құрметтің арқасында Бекең кеңшар орталығын жаңа жоба бойынша Мырзашөлдің даңқын асыратын, үлгі болатын кеңшар етіп құруға мүмкіндік алды.

Бұл өте дұрыс шешім болды. Себебі, осы жоба арқылы Бегім Серікұлы басқаратын кеңшар Бүкілодақтық байқауда жеңімпаз атанып, Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінің I дәрежелі дипломымен марапатталады. Бекең өзі қызмет істеген кеңшарда 30 жылдан астам уақыт тұрады, үш рет ауданға, екі рет облыстық ұйымдарға басшылық жасайды, тағдырдың жазуымен төл шаруашылығына үш рет оралады. Осындағы қазақтардың түпқазығы, бастау арнасы осы С.Сегізбаев кеңшары еді. Сөз реті келгенде айта кетейік, Сұлтан Сегізбаев деген кісі өткен ғасырдың басында Түркістан АССР тұсында Ташкентте жұмыс істеп, қоғам және мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген қазақ азаматы. Республикалар бөлінгенде Ташкентте қалып жұмысын жалғастыра береді. Алайда, жақсыларға қырғидай тиген 1937-нің қан қасабында Сұлтан Сегізбаев та жалған жаламен ұсталған. Оның кім екенін саяси басшы әрі қарымды қаламгер Шараф Рашидұлы жақсы білетін, кеңшарға сол кісінің атын қойдырғаны сондықтан еді.

Арада 4 жыл өткен соң Өзбекстанда жаңадан Жызақ облысы құрылады. Сөйтіп Мырзашөл бойындағы аудандар жаңа облысқа қосылады. Бекең бірінші басшының тапсырмасымен облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып бекітіледі.

Жызақты игеруге Шараф акаға ұсыныс берген де Бегім Серікұлы еді. Соңынан облыстағы егіс жүйесі құрылды. Мәселен, Галляарал, Бахмал аудандары көкөніс, бау, жүзім өсірсе, Айдаркөлде, Санзар дариясында балық шаруашылығы құрылды, Зааминде «Ангор» тұқымды түбіт ешкі, Галляаралда терісі бағалы аңдар өсірілді. Ташкент – Самарқан тасжолының бойында жайқалып тұрған алма, пальмет баулары да Бекеңнің бастамасымен егілген! Міне, осылайша Мырзашөлдің түлегі Жызақ өңірінде ерекше сый-құрметке бөленді.

Бекеңнің әрбір ісінің артында береке тұратын. Басшылық жаңа қызметке осы кісіні дұрыс көрсе керек, 1978 жылы 19 наурызда өзі ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып бастаған Мырзашөл аупарткомына бірінші хатшы етіп сайлайды. Әрине, өзге елде бұл қазақ баласына артылған үлкен сенім еді.

Алда көп жұмыстар күтіп тұрды. Мырзашөл ауданының орталығы әлемнің бірінші ғарышкері Ю.Гагарин атымен аталды. Басында осы қалада Ю.Гагарин ескерткіші қойылатын болған. Осыған орай Ленинград қаласындағы мүсін соғатын комбинатқа тапсырыс та берілген. Бірақ, Ташкент қаласының басшылығы ескерткішті өздерінде қалдыруды жөн санапты. Бекең лезде жоғары жаққа қоңырау шалады. Сонда Шараф Рашидұлы:

– Тез басқасын жасатыңдар болмаса өз ескерткішін алып беріңдер, – депті қаһарына мініп. Тұңғыш ғарышкер мүсіні шынында да кісі қызығарлықтай алып ескерткіш еді. Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі 9 метр, салмағы 30 тонна болатын. Республикадағы жалғыз еңселі ескерткіш осы ғана еді. Д.А.Қонаев ағамыз көріп «мынау керемет ескерткіш екен. Рахмет, сіздерге» деп ризалығын білдірген.

Осындағы «Тың игерушілер» сарайы да Бекеңнің туындысы. Мәдениет сарайы 600, 100 орынды үлкен және кіші залдарды қамтиды, қосымша кітапхана, спорт зал, түрлі үйірмелер мен студияларға арналған бөлмелері бар. Сонымен бірге 210 орынды аурухана, 100 орынды физиотерапиялық профилакторий да Бекеңнің басшылығы кезінде салынды. Бұдан бөлек талай сәулетті ғимараттар, құрылыс техникумы, мектептер бой көтерді. Бір кездері осы өңірге жолы түскен заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Мырзашөлде жасалған керемет жұмыстарды өз көзімен көрмей адам сенбейді» деуі тегін емес.

Әрбір адамның өмірінде бақытты да естен кетпес сәттері болады емес пе?! Бекең де сондай бір сағынышты сәттерін ұмытпайды. 1980 жылы тамызда Алматыда өткен Қазақ КСР-інің 60 жылдық мерейтойы көнекөздердің әлі есінде болса керек. Бұл тойға КОКП ОК Бас хатшысы, Димаш Ахметұлының сыйлас досы Леонид Ильич Брежневтің өзі қатысатын болған. Осыған орай Саяси Бюро мүшелері, республикалар мен Одақтың түрлі саладағы басшылары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мерейтойға түгел шақырылған. Өзбекстаннан Ш.Рашидов бастаған үш адамдық делегацияны аэропортта Димаш Ахметұлының өзі күтіп алды. Делегация құрамында кімдер бар еді дейсіз ғой? Әрине, мұндай жиынға елдің назарындағы, халықтың нағыз құрметіне ие азаматтар шақырылатыны сөзсіз. Шараф ака қасына Чкалов атындағы Ташкент ұшақ жасау зауытының бас директоры, Социалистік Еңбек Ері, техника ғылымдарының докторы, республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты Сивец Виктор Николаевичті ертіпті.

Ал, енді үшінші делегат кім? Ол туысқан Димекеңнің қолын алып, осынау дүбірлі тойдың куәсі болған Өзбекстаннан келген жалғыз қазақ Бегім аға еді. Шараф акаңыз екі елдің тарихын терең білетін, ақылды да көреген саясаткер ғой, қуаң даланы маңдайы тершіп игеріп жатқан қазақ баласы дегісі келді ме, таңдауды Б.Серіковке жасапты. Содан болса керек, аэропорттан қарсы алып жатқанда:

– Мырзашөл аупарткомының бірінші хатшысы, шөлейт жерлерді игеруге үлкен еңбек сіңірген Серіков Бегім, – деп таныстырыпты.

Бұл сөзге Димаш Ахметұлы біраз ойланып қалады.

– Иә, баяғы тарихи Мырзашөлден десеңізші, – дейді.

– Иә, өзіңіз жақсы білетін Мырзашөлден, – дейді қонақ. Әңгіме осымен тәмам болып, барлығы күтіп тұрған көліктерге отырады.

Шынында да, Өзбекстанда тұратын бір жарым миллион қазақтың ішінен таңдаудың (олардың арасында министр, облыс, аудан басшысы болған қандастарымыз аз емес еді) Бекеңе түсуі кездейсоқтық емес. Оның еңбексүйгіштігі, ұқыптылығы, қарым-қабілеті таң қалдырмай қоймайтын. Сөйтіп, Бегім аға туған елінің тойында республиканың бірінші хатшысымен дидарласып, түрлі іс-шараларға қатысып, қуанышы қойнына сыймай қайтып еді.

Бекең шаруашылыққа ғана емес, руханиятқа да қамшы салдырмайтын азамат еді. Сол кезде осы аймақта қазақ тілінде «Достық» атты газет шығып тұрды, онда елімізге белгілі ақындар мен қаламгерлер жұмыс істеді. Солардың ішінен Шарапхан Кенжеханов, Есенғали Раушанов, Мылтықбай Ерімбетов, Бекшүкір Қаршалов, Ақылбек Төребеков, Темірхан Әлиханов, Ақшагүл Рамазанова, тағы басқаларын ерекше атап өтуге болады. Бұлардан бөлек қолына қалам ұстаған қаншама жас талант түлеп ұшты. Бекең осы талантты іні-қарындастарының баспасөз беттеріндегі «артық сөз», ерке қылықтарын кешіре білді, жоғарыға да білдірмей жіберетін. Содан да болар, «Достық» газетінде қазақ үшін өзекті мәселелер оябын тауып айтылып жататын. Бірде «Есенғали, сенен түбі мықты ақын шығады, Алматыға бар» деп батасын да беріпті. Сол үшін де олар қамқор ағаларын ұмытпай сәлемдерін айтып жүреді.

Мырзашөл даласы Өзбекстанға қарағанымен қазақ өнер шеберлерінің сағына жететін мекені болатын. Көрші Жетісай ауданына келген өнерпаздарды Бекең аттай қалап шақырып, міндетті түрде қонақ етіп жіберетін, аудан тұрғындарымен кездесу ұйымдастыратын. Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Мұхтар Шаханов, Қалдарбек Найманбаев, Тұманбай, Қадыр, Сағи, Фариза, Ысрайылдан бастап Күләш Ахметоваға дейін қазақ өнері мен әдебиетінің майталмандары Мырзашөл жерінде қадірлі қонақ болып, төрден орын алды. Мұның бәрі де аудан басшысының өз тіліне, салт-дәстүріне деген сый-құрметінің белгісі еді.

Бекең Мырзашөлді жұрт қызығатын шырайлы шаһарға, табысты, таза өлкеге айналдырды. Біз таза өлке деп бекер айтып отырған жоқпыз. 1983-1986 жылдар Өзбекстан тарихында «қаралы жылдар» деген атпен қалды. Одақ тарапынан «Мақта ісі» бойынша іс қозғалып, республиканың астаң-кестеңін шығарды. Орталық, республикалық баспасөз беттерінде түрлі сыни мақалалар бірінен кейін бірі жарияланды. Бұл дауыл ең алдымен Бекеңнің панасы, қамқоршысы болған Шараф аканың қазасына әкеп соқтырды. Содан республика үкіметінен бастап, төменгі буын басшыларына дейін 25 мың адам түрмеге жабылып, жауапқа тартылды. Бұл дүрмектен Мырзашөл ауданы да аман қалған жоқ, Орталықтан келген екі тергеуші 6 ай бойы сыбайлас жемқорлыққа күдікті адамдарды тергеудің астына алды. Республикалық деңгейдегі басшыларды аямағандар Бекеңді аясын ба?! Бірақ, іліп алар кемшілік таппай, әбден әлекке түсіпті. Сот отырысында да Бекеңе қарсы ешкім ешнәрсе дей алмады. Сонымен, Бекең соттан арына ешқандай дақ түсірмей таза шықты. Мұны естігендер өз құлақтарына өздері сенбей, біраз аңтарылып жүрді. Содан аудан басшысының еңбегінің адал екеніне барша жұрттың көздері жетіп, күмәнсіз мойындады.

Жұрт Бекеңді аз күлетіндігіне байланысты Күлмесхан деп те атап кеткен. Расында да, ол кісі шитті мақтаны егіп болған соң және өнімді жинап, мемлекетке өткізіп, тапсырманы орындаған кезде ғана жұмсақ жымияды екен. Бұл, әрине, ұлы Абай атасының «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» деген қасиетті сөзін жадына мықтап тоқығанынан болса керек.

Жасаған еңбегі елге, мемлекетке жаққанымен, бір пенделердің қызғанышын да тудырмай қоймады. Ол кездің басты қаруы «домалақ арыз» болатын. Күншілдер соны қолданды. Саясаттың ең нәзік жерін ұстанып, «ұлтшыл», «қазақтан басқаға есігі жабық» деген секілді айыптар тақты. Баяғы қорғаны Шараф ака жоқ. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, дәл осы кезде Орталықтың бас газеті «Правдада» «Сильный человек Мирзачуля» деген сын мақала жариялана қалмасы бар ма?! Мұның бір ұштығы Бекеңе де тиеді. «Басқа қызметке ауысқаның дұрыс» деп кеңес береді сол кездегі облыс басшысы. Содан облыстық халықтық бақылау комитетіне төрағаның орынбасары болып барды. Көп ұзамай өзі сұранып шаруашылығы қожырай бастаған өзінің сүйікті С.Сегізбаев кеңшарына директор болып ауысып келді.

Бекеңнің бойында бір бұла күш бар еді, сол жанына бір сәт тыным бермейді, тағат таптырмайды. Ішкі тірлігіне араласпаса да, өзі құрған шаруашылықтың жібі босаңсығанын біліп жүрді. Шаруашылыққа басшы болып қайта келген соң кеңшарды заман талабына сай кооперативтерге бөліп, шаруашылық есеп жүйесін ендіріп, бір қалыпқа түсірді. Басқалар бұл әдіске көшудің есебін таппай жүргенде Бекең өзгелерге тамаша үлгі көрсетті.

Бұл елде тағы бір саяси шара – республиканың Жоғарғы Кеңесіне депутаттар сайлау науқаны басталды. Билік орындары бұл орынға көрші шаруашылықтардың басшыларын ұсынды. Бекең де өз ауылындағы дос-жарандарымен ақылдасып, осы науқанға араласуды ұйғарады. Өйткені, Бегім Серікұлын жұрттың бәрі біледі, бәрі де оны құрметтейді, өзінің ортасында мойындалған адам. Бегім Серікұлы бұл сында да доданы жарып өтіп, 70 пайыз дауыспен Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланды.

Бұрынғы одақтас республикалар тәуелсіздік алғаннан кейін өздеріндегі облыс, аудандық басқару жүйелерін жапатармағай өздерінше атауға талпынды. Олий Кеңесінің кезекті сессиясында өзбек ағайындар да Ресей, Қазақстан сияқты «Әкімшілік басшысы» деген қаулының жобасын мақұлдады. «Бұл көршілерден көшірме ғой, өзіміздің халықтың дәстүріне, тарихына сай атау берейік» деп оны бұздырған, сөйтіп «Хоким» деген ұсынысты қабылдатқан қазақ азаматы Бегім Серікұлы екенін бүгінде біреу білер, біреу білмес. Өзі де бұрын екі рет аупарткомның бірінші хатшысы қызметінде аймақты өрге сүйресе, енді хоким атанып, үшінші рет аудан басқарды.

Бегім Серікұлының кешегі өткен Ислам Каримовпен қарым-қатынасы да екі ел перзентінің бір-біріне деген риясыз достығын аңғартады. Кезекті президент сайлауының қарсаңында Ислам Каримов аудандардың аужайын байқау үшін жанына облыс әкімін ертіп Мырзашөлге келеді.

– Ислам Әбдіғаниевич, ойланбаңыз, халық Сіздің жағыңызда, ең кемі 85-86 пайыз дауыс жинайсыз, – деп алаң көңілді алғаш басқан да Бекең еді. Ислам Әбдіғаниұлының кетерінде қимастықпен:

– Мен Сізге сенемін, – деп айқара құшақтап, қоштасуы Бекеңе деген құрметтің шынайы көрінісі болатын. Артынша И.Каримов сайлауда жеңіске жетіп, кейін Бекеңе арнайы рахметін айтқан еді.

Көп ұзамай өз өтініші бойынша у-шусыз, артық әңгімесіз орнын босатып, кезінде іргетасын өзі қалаған С.Сегізбаев атындағы шаруашылығына оралып, халқымен қайта қауышады. Бұл Бекеңнің осы шаруашылыққа осымен үшінші рет келуі еді. Бұл 1994 жыл болатын.

Шаруашылық жұмысы Бекең келсе дұрыс жолға қойылатын, басқа қызметке ауысса, қайтадан қожырап сала беретін. Содан ба, оның келгеніне бәрі қуанды, құшақтарын жая қарсы алды. Бұл жолы да Бекеңнің арқасында қырманға мақта, қамбаға бидай толды. Мемлекеттік қызмет мұрша бермей кетіп еді, енді осынау тыныштау кезеңді пайдаланып, кандидаттық диссертациясын жаза бастады.

Бірақ, тағы да жоғары жақ бас бұрғызбады. Бұл жолы оқиға басқашалау өрбіді. Арада бір жыл өткенде облысқа жаңа әкім болып өзінің депутаттық корпустағы танысы әрі әріптесі Шавкат Мирамонұлы Мирзиёев тағайындалды. Ол өзінің алғашқы сөзінде Жызақтың экономикасын көтеру үшін ауыл шаруашылығы жөнінен мәслихат кеңесін құратынын, оның жетекшісі етіп өмір көрген, ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі мол, елдің де, жердің де жағдайын жақсы білетін Бегім Серікұлын бекітетінін мәлімдеді. Бекең біреу сенім артса, оны абыроймен орындауға, ұятқа қалдырмауға тырысатын жан. Қанына сіңген қасиет қой. Баяғыда Мырзашөл ауданының ең алғашқы басшысы Сатай Керімов те сеніп, өзін шақыртып еді. Сол сенімнен шығуға бар күшін салды. Кеңшарға алғаш директор болып қызметке кіріскенде де оның іскерлігіне күдік келтіріп жүргендердің аузына құм құйылды. Шараф аканың сенімін ақтап, ауданды түлетті. Содан соң халық депутаттығына сайланып, жаңа заманға лайықты ойларымен жұртты аузына қаратты. Сонда Бекең мінберде тұрып сөз сөйлеген кезде зал сілтідей тынатын. Бірде Өзбекстан президенті И.Каримов келіп «Мен Сізге сенемін» деп еді, ауданнан 90 пайыз артық дауыс жинап берді. Енді, міне, Шавкат Мирамонұлының (ол кезде байтақ елдің екінші президенті болатының ешкім білген де, сезген де жоқ еді ғой) мейірімі түсіп отыр. Меселін қалай қайтарсын?! Оның адамдық ниетін, азаматтық сөзін жерге тастай алмады. Бекең кіріссе, береке болатынын жаңа басшы сезгендей-ау шамасы. Сонымен, Бекеңді кеңесші етіп сайлап, жанына жақын тартты, қосымша облыстық астық дайындау мекемесін басқарды, дегенмен, негізгі жұмысы ретінде дала өнімдерін молайтудың жолдарын қарастырумен айналысты. Мұндай лауазымды қызметтерге шынында да Бекеңнің білімі де, тәжірибесі де толықтай жететін. Талай құнды пікір, ұсыныстарды, талаптарды облыс әкімінің аузымен айтқызды. Құдайға шүкір, ел-жұрт одан жаман болмады. Көздеген межелер орындалып, өңірде тың өзгерістер орын алды. Облыс өрлеудің жаңа сатысына көтерілді. Бұған, біріншіден, халық қуанды, басшылыққа ерекше ризашылықтарын білдірді. Екінші жағынан Бекең де, облыс әкімі де маңызды істер тындырып, елдің алғысын арқалады.

Жызақ жерінде жемісті жылдар, айдарлы айлар, қайта айналып келмес қызықты күндер зымырап өтіп жатты. Облыс басшысы Шавкат Мирамонұлы бірде Бекеңнің жүрегіндегі толқуды көріп тұрғандай ойламаған жерден бір ұсыныс айтады:

– Бегим Серикович, сіз біз үшін туысқансыз, елдің ағасы ретінде сыйлаймыз. Сондықтан сіздің мерейтойыңызды өзім басында тұрып, өткізіп беремін, шақыратын дос-жарандарыңыздың санын айтыңыз, – дейді.

– Сізге рахмет, Шавкат Мирамонович! Өзіміз-ақ өткізерміз, – деп ізетпен жауап қайырады.

– Бегим Серикович, укаларыңыз тұрғанда, ешнәрсеге де алаң болмаңыз, – деп Шавкат Мирамонұлы көнбей қояды.

Сөйтіп Бекеңнің 60 жылдық мерейтойы 1999 жылы 5 мамырда Жызақ қаласындағы «Форум» мейрамханасында ерекше салтанатпен өтеді. Мұндай үлкен құрмет, сый кісі елі тұрмақ, өз еліңде кем көрсетілетін, кей басшылар ескере бермейтін іс-шара екені шындық қой. Мұндай сыйды миллиондардың ішінен тек Бекеңе бұйырған бақыт десек қателеспейміз. Бұл тойға Ташкент шаһарынан өзбек эстрадасының танымал жұлдыздары әнші Фахруддин Умаров пен Ходжаакбар Ниязов келіп, әсем дауыстарымен қонақтарға ән шырқап береді. Мерейтойды сол кездегі облыс әкімі, бүгінгі республика президенті Шавкат Мирамонұлының өзі ашып, ақтарыла сөйлеп, мерейтой иесіне ризалығын білдіріп, иығына зерлі шапан жабады. Бұл тойға бұрынғы Үкімет басшысы Н.Худойбердыев, Орталық Комитеттің хатшысы А.Шагазатов, министр Х.Қойбағаров, облыс әкімі болған Ә.Айдарқұлов, академик Қ.Сейданов, жалпы облыс басшылығы түгел қатысса, Қазақстаннан сол кездегі аудан әкімдері К.Төлебаев, И.Үмбетаев, «Ақ алтын» акционерлік қоғамының президенті А.Өтенұлы оның орынбасары Ж.Әбдіәзімов секілді тағы да басқа азаматтар қонақ ретінде шақырылды. Жалпы, өзбек елі Бегім ағаны ерекше бағалап, құрметтеді. Адамды бағалау, еңбегін ескеру, құрметтеу деген осындай-ақ болсын. Мемлекетке қызметі өткен жандарды қалай сыйлау керектігін өзбек ағайындардан үйренсек, қанеки! Мұндайда бұрынғы Үкімет басшысы Н.Худойбердыевтың мына бір шынайы сөзі еске түседі:

– Сіз Мырзашөлдің сорына да, желіне де, ыстығына да, басқа да қиыншылықтарына төзіп, шыдап келе жатырсыз. Мұны адамдар да, Құдай да біледі. Құдай Сіздің бойыңызға ерекше қасиет дарытқан жансыз. Сондықтан да сіз бақыттысыз, қолға алған әрбір тірлігіңізде береке бар, – деп еді.

Шынында да Бекең сондай жан.

Зейнетке шықса да бірден кетем деп айтудың ретін таппай, іштей қиналған себебі де сол ғой. Туған бауырындай болып кеткен, 6 жыл қоян-қолтық араласып, бірге қызметтес болған Шавкат Мирамонұлы Самарқан облысына ауысарда қимай қоштасты. Сол күні Бекең де көш басын көптен бері көңілде күпті болып жүрген туған жері Мақтаарал ауданына қарай бұрып еді. Аман-есен еліне оралды. Сөйтіп тағдыр мен тарихтың бұралаң жолдарынан сүрінбей өтті.

Әрине, әңгімені осы жерден бітіре салуға да болар еді. Бірақ, Бегім Серікұлы туған жеріне келген соң да талай тірлік тындырып, елдің зор құрметіне бөленді. Мұны көрмей, елемей кету адамгершілікке сын.

Бекең көрші республикада 33 жылға жуық аттан түспей қызмет істеді. Шараф акасы айтқандай, Мырзашөл, Жызақтың қуаң-шөлейт далаларында 60-тан астам мақта, 26 бау-жүзім шаруашылығы бар 6 аудан ұйымдастырылды. Сол аймақтардағы магистральді каналдар, сусорғы стансалар құрылысын жүргізуге және ирригациялық, мелиорациялық жаңа инженерлік жобалар мен шешімдерді жүзеге асыруға қатысты. Бұған кезінде отандық және шетелдік мамандар өте жоғары баға берді. Кеудесіне ең жоғары дәрежелі төрт орден, ондаған медаль тақты, республикаға еңбегі сіңген экономист атанды, Жоғарғы Кеңес депутаты, республика орталық партия комитетінің, тексеру комиссиясының мүшесі болды. Бір адамға жетерлік сыбаға, үлкен бақыт бұл. Құдайдың берген 6 перзенті бар. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Енді Бекеңе демалып, құда-жекжаттарды аралап, қызықтап жүрсе де жарасар еді. Арысын айтпағанда, Оңтүстік өңірі бұл кісінің атақ-даңқын жақсы біледі, төменге емес, төрге отырғызып құрметтейтіні рас.

Бірақ, біз білетін Бекең қол қусырып қарап отыра алмайды. Ол Ұлы Абайдың «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» деген ұстанымымен өмір сүретін адамдардың бірі. Өзбек-станда тұрған уақытында Шараф акасының 75 жасқа толуына орай қазақтың біртуар перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ағасы келген. Тәшкеннен күтіп алып, Жызақтағы алқалы жиынға әкелген. Бұрынғы ескі достары Өзбекстан, Түркіменстанның бірінші басшылары Н.А.Мухиддинов пен М.Гапуровпен кездеседі, сонда үш арыстың иығына қазақтың ұлттық шапанын жапқан осы Бекең-тұғын. Қашан да үлкенді құрметтейтінін көрсетіп, қазақтың ата дәстүріне сай қариялардың батасын алды. Кейін де ағасының отбасында қонақ болып, ел ақсақалдарымен шай үстінде сұхбат құрып еді.

Жалпы, Бекеңнің бойында үнемі алға сүйрейтін бір тылсым күш бар, әсіресе, өзін-өзі тәртіпке бағындыра алатын қасиеті сүйсіндірмей қоймайды. Алдына мақсат қойды ма, соған жетпей тынбайды. Бұл – әке қанымен, ана сүтімен дарыған қасиет. Бұрынғы атақ-даңқын бұлдауды қойып, өзін таныту, мойындату үшін де бір тынбайды. Елдегі ағайындардан екі ұсыныс түседі, бірі су шаруашылығы саласындағы қызмет болса, екіншісі «Сырдария» университетінде ұстаздық еңбек. Екеуі де көңіліне қонды, бірақ таңдауды соңғысына жасайды. Өйткені, сыртта жүрген қандас бауырларына қамқорлық жасауды борышы санады. Ұстаз болып талай шәкірт тәрбиеледі, қазір жүздеген бала сол кісіден тәлім алуда, келешекте олар атамекенінде қалады деген үміт басым, ата-аналары да ұл-қыздарының артынан елге келіп қосылар. Иә, бұл да Бекеңнің алыстан ойлай білетін көрегендік қасиеті.

Сондай-ақ, облыстың қиыр оңтүстігі өзіне етене таныс, әрбір сай-қырын жақсы біледі. Бұл аймақ аграрлы аудан, негізгі егетін дақылы – мақта екендігі баршаға белгілі. Ал, мақта дақылынан мол өнім алудың қыр-сырын бір білсе, Бекең біледі. Рас, жүргізілген реформалар шаруаларға қиын тиіп жатыр, қазір әркім өзімен-өзі әлек боп кетті. Осындайда оларға дұрыс бағыт-бағдар беруге Бекеңнің тәжірибесі де, білім-білігі де толық жетеді. «Мақташыға көмек» дейтін арнайы анықтамалық кітапша шығарып, шаруаларға тегін таратты. Талай рет ұйымдастырылып жататын жиындарға қатысып, өз пікірін ғылыми тұрғыда тұжырымдап, сонымен бірге оларды мерзімді басылымдарға үздіксіз жариялап тұрады.

Бекең туған жерге келген соң өзі ең алғаш еңбек жолын бастаған сүйікті ауылы Мақталы ауыл округінен екі рет аудандық мәслихатқа депутат болып сайланды. Мұның өзі ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуына мүмкіндік туғызды.

Осыдан ширек ғасыр бұрын Бегім Серікұлы кандидаттық диссертациясын қорғаған еді. Өмірлік мол тәжірибесінің, осы жылдар ішінде жинаған терең білімінің арқасында зерттеген еңбегін қайта дамытып, өрістетуге мүмкіндік алды. Содан 2007 жылы «Мақта кешенінің экономикалық тиімділігін арттыру жолдары» атты монографиясы жарық көреді. Мұны ғалымдар Қазақстанда нарықтық экономиканы қалыптастыру жайын сөз еткен үлгілі еңбек ретінде жоғары бағалады.

2010 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті жанындағы ғылыми кеңесте докторлық диссертациясын сәтті қорғап, экономика ғылымдарының докторы атанды.

Осы университет қабырғасында жүріп 9 монография, 15 кітап, 150 ғылыми-зерттеу мақала, 3 оқу құралы, 4 электронды оқу құралын жазыпты. Соның нәтижесінде төсіне Ы. Алтынсарин атындағы ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері төсбелгісін тақты, 2014 жылы республика бойынша ЖОО-лар арасында «Үздік оқытушы» грантын жеңіп алды. Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, Ф.Тейлор атындағы алтын медаль иегері. Сонау 1942 жылы 27 тамызда Сталинград түбіндегі кескілескен ұрыста ерлікпен қаза тапқан әкесі Серіктің Орловка деревнясындағы асыл сүйегі жатқан қабірінің басына барып, туған жердің бір уыс топырағын салып қайтты.

Бекеңнің тағы бір ерекше қасиеті – соншалықты ұқыптылығы. Ондаған шежірелі шығарма жазды.

Соның ішінде өзім редакторлық еткен 2 томдық мемуарын айрықша атар едім. Оны автор қарапайым тілмен «өмірбаяндық хикаят» деп атапты. Біз де әдептен аспай, атауын солай қалдырдық. Дегенмен, бұл шығарма әдеби мемуардың жүгін көтеріп тұр. (Олар «Мырзашөл – атамекенім», А. «Тұран» б. 17,5 баспа табақ, 2002 ж., «Мырзашөл – өмір мектебім», «Жазушы» б., 2019 ж., 23,5 баспа табақ) деп аталады.

Қысқасы, Бегім Серікұлы – Мырзашөлдің перзенті, бар саналы ғұмырын осы жердің игерілуі, өсіп-өркендеуі жолына жұмсап келе жатқан аяулы азамат. Өскен елінің мақтанышы. Әсіресе, өзі үш рет бірінші басшы болған Мырзашөл ауданына, оның орталығы Гагарин қаласына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Оны көрші республикадағы жаңа үлгідегі қалаға айналдырды. Жақында осы жерде тағы бір тарихи оқиғаны басынан кешірген жайы бар. Өзбекстан Республикасының президенті, кезінде өзін ерекше құрметтеп, мерейтойын өткізіп берген, республикаға атын шығарған Шавкат Мирамонұлы Мирзиёев арнайы шақырды.

– Бегим ака, өзіңіз бастаған жақсы ісіңізді жалғастырып жатырмыз, соны көрсін деп арнайы шақырдық, – деді төс түйістіріп амандасқан Шавкат укасы.

Айтса айтқандай, қаланың ескі үйлерін бұзып, жаңалап, жасандырып, жайнатып жіберіпті. Мұны көрген Бекең ерекше риза болып қалды.

– Өзіңіз бір кездері орынсыз сөз естіген кеденді де қайта қараймыз, енді ағайындарыңызға еркін кіріп-шыға бересіз, – деп күліп қойды. Ескі достар біраз әңгімелесіп, көкейкесті мәселелер бойынша бір-бірімен көп ақылдасты. Сыралғы дос, сырмінез жандар сырласты деген осы болар, сірә.

Шынында да, Мырзашөл – Бегім Серікұлының өмірін өзгерткен жер, бақыт құшағына бөлеген мекен. Екі елді байланыстырған қасиетті өлке. Шағын ғана аймақ екі мемлекетке емес, кезінде бүкіл Одаққа танымал болған жер. КСРО-ның бірінші басшылары Н.С.Хрущев та, Л.И.Брежнев те, Үкімет Төрағасы А.Н.Косыгин де, басқа да Саяси Бюро мүшелері де осында келіп, Мырзашөлдегі қайнап жатқан өмірді өз көздерімен көріп қайтқан. Тіпті, Пәкстан президенті Мухаммед Аюп Хан, Алжир Демократиялық Республикасының президенті Ахмет Бен Бело, сонау мұхиттың арғы бетінен Куба Республикасының басшысы Фидель Кастро, тағы басқа шетел басшылары Мырзашөл жеріне ат басын бұрып, мұндағы қонақжай халықтың пейіліне риза болып аттанған.

Олай болса бұл мекенді дүниенің төрт бұрышы да біледі деген сөз. Демек, Мырзашөлдің мақтанышы болған Бекеңді де бәрі таниды, атақ-даңқы алысқа жайылған тұлға десек артық айтқандық емес.

Қазір Бегім аға бабында, сексенде де сергек қалпы. Біз адамның еңбегі жасымен емес, жасаған еңбегімен өлшенетін заманда өмір сүріп жатырмыз. Әлі де ойда тың идеялар көп, оны өзінің кейінгі кітабында былайша баяндайды: «Жалпы, қоғамның, Елбасы саясатының талаптарына сәйкес алға қадам басуына, еліміздің, халқымыздың мерейін үстем етуге, Қазақстанның жарқын болашағы үшін жаппай қозғалыста өз орнымызды табу, ұлы мақсаттарға жету жолында өнегелі істер жасауымыз керек».

Иә, өзінен артық біз не дейміз, мақсатыңызға жете беріңіз, екі елге де еңбегі сіңген қадірлі тұлға, аяулы аға!

Жолбарыс ТІЛЕУҰЛЫ, Жетісай ауданының құрметті азаматы.

Пікір қалдырыңыз