Сүттей ұйыған Сүткент

Кезінде қаракөл қойын өсіруден даңқы шыққан Шардара ауданындағы Сүткент ауылы әлі де мал шаруашылығынан қол үзбей келеді. Мұндағы тұрғындардың негізгі кәсібі де осы.

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Ońtústik Qazaqstan».


Кешеге дейін қораларындағы бірді-екілі ірілі-ұсақ малдарының ғана бетіне қарап отырғандарға ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың шарапаты мол тиіпті. Соның арқасында олар шаруашылықтарын ілгерілетіп отыр. Мал санын көбейтіп қана қоймай, асылдандыру жұмыстары да қарқын алған.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Нұрлан» шаруа қожалығы – 1, «Қазына» шаруа қожалығы – 2, «Бағаналы» шаруа қожалығы 2 бұқа бордақылап отыр. «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» демекші, Шопан ата түлігінің де берекесі мол. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша Сүткенттегі «Ахмет ата», «Қаракөл» және «Сопбек Қазына» шаруа қожалықтары 295 асыл тұқымды қошқар өсіруде.

Қамбар ата түлігін қадір тұтқан қазаққа жылқы ұстаудың қызығы бір бөлек. Жылқы болғанда да, ауыздығымен алысқан арғымақ баптау әрбір қазақтың арманы шығар. Ондай асыл тұқымды жылқыны бүгінде Қостанай жылқы зауытынан табуға болады. Олардың бағалары да Құлагердің құнымен пара-пар. Соңғы жылдары қарапайым ауыл тұрғындарына да асыл тұқымды жылқы өсіруге мүмкіндік туды. Сүткенттік Шалабай Үсіпбаев төрағалық ететін «Собақ» шаруа қожалығы «Құлан» бағдарламасының арқасында 2 ағылшын жылқысын сатып алыпты. Қорасында жүздеген жылқысы бар шаруа бұдан бөлек өз қаржысына асыл тұқымды 6 бие алып, мал санын көбейткен. Келешекте бұл шаруашылықтан түр-тұрпатына көз сүйсінер небір жүйріктер шығарына сенеміз.

Өрісі төрт түлікке толы ауылға қысы-жазы жем-шөп жеткізу де оңай шаруа емес. Құнарлы әрі мол өнім алу үшін егіндікке де ерекше бап керек. Осыны ескерген ауыл тұрғындары бірігіп, «Сүткент» су пайдаланушылар селолық тұтыну кооперативін құрыпты. Жаулы Ақылбек төрағалық ететін кооперативке 216 қожалық мүше боп тіркелген. Кооператив егін егу үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін түрлі жеңілдіктерді пайдалана отырып, өздеріне тиесілі үлестерін алып келеді. Өткен жылы олар 1,5 мың гектар алқаптың 500 га жеріне мақта дақылын ексе, қалған егістіктен бақшалық өніммен қатар, мал азығын да жеткілікті дәрежеде жинап алыпты. Ауылда бұдан бөлек тағы да 2 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді.

– Қазір ерінбегенге «екі қолға бір күрек» табу оңай. Мемлекет тарапынан ауыл тұрғындарына көптеген қамқорлық жасалған. Сүткенттіктер осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып отыр деуге болады. Ауыл тұрғындары арасында тегін кәсіби білім алып жатқандары да бар. Мәселен, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 8 азамат оқып, бүгінде тұрақты жұмысқа орналасты. Аталған бағдарламаның екінші бағытына қатысқан 5 ауыл тұрғыны кәсіпкерлік курсын тәмамдап, өздерінің бизнес-жоспарларын дамытуға мемлекеттен қаржы алды. «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» деп аталатын үшінші бағыт бойынша 13 ауыл тұрғыны қоғамдық, 2 маман жастар практикасымен, мүмкіндігі шектеулі 3 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды, – дейді ауыл әкімі Олжас Айдосов.

Нарықтық бәсекелестік заманында ауылдағы қыз-келіншектер де қол қусырып қарап отырғысы келмейді. Көп балалы ана Гүлімжан Калменова да өткен жылы «Өрлеу» бағдарламасы аясында 217 мың 458 теңге қайтарымсыз қаржы алып, ауыл ішінен шаштараз ашыпты. 30 жастағы келіншек күнделікті нәпақасын осы жерден айырып отыр. Алдағы уақытта шаштаразды әсемдік салонына айналдырсам деген жоспары бар.

Әрине, ауыл тұрғындарының бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ынтымақтаса тірлік істеуіне ауыл әкімінің біліктілігі ықпал ететіні анық. Тұрғындарға мемлекеттік бағдарламаларды егжей-тегжейлі түсіндіріп, құжаттарын реттеп, несие алуына көмектесіп, істің басы-қасында жүрген ауыл әкімі Олжас Қалмаханбетұлының іскерлігіне сүткенттіктер де, біз де сүйсіндік.

Пікір қалдырыңыз