ПОЛИЦЕЙЛЕР ШЕБЕРЛІКТЕРІН ШЫҢДАУДА
Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөліміне қарасты Ақтас әскери жаттығу полигонында өңіріміздің 7 ауданы мен қаласынан шақырылған полицейлер шеберліктерін шыңдауда. Түркістан облыстық полиция департаментінің арнайы даярлық және жұмылдыру басқармасының басшысы, полиция полковнигі Е. Аққозиев басқарған жауапты қызметкерлер мен нұсқаушылар бекітілген кестеге сәйкес тәртіп сақшылары дене шынықтыру, арнайы тактикалық, жауынгерлік күрес және атыс дайындықтары бойынша оқу-жаттығудан өтуде.
– Мұнда шақырылған полицейлер бозбала шақтағы әскери
өмірін қайта бір еске түсіріп, таңертең таңғы сағат 6.00-ден тұрып 3 шақырым
жүгіріп келіп, арнайы алаңда бой сергітеді,— дейді Түркістан облыстық полиция
департаментінің арнайы даярлық және жұмылдыру басқармасының аға инспекторы,
полиция капитаны Біржан Тоғысов.— Жуынып, шайынып, казармадағы асханадан дәм
татады. Лекция тыңдайды. Теориялық және практикалық сабақтарға қатысады. Арнайы
бағдарламаға сәйкес дене шынықтыру, жекпе-жек күрес, ату және психологиялық
дайындықтан өтеді. Тәртіп сақшысы қылмыстың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті
қамтамасыз ету үшін кез келген жағдайға дайын болып, жедел қимыл көрсету қажет.
Бұл игілікті шара бір аптаға созылады. Мұны алдағы аттестация кезеңіндегі үлкен
сынақ деп бағалауға болады.
Полигондағы нұсқаушылар расында да өз кәсібін жетік
меңгерген әрі психологиялық дайындығы мықты мамандардан жасақталған. Мәселен,
Біржан Тоғысов «Бүркіт» жасағында 7-8 жыл қызмет атқарған. Самбо және басқа да
жекпе-жек өнерін жетік меңгерген. Нұсқаушы Нұрбол Қамбаров туралы осындай жылы
лебіз білдіруге болады. Жалпы Түркістан облыстық полиция департаментінің арнайы
даярлық және жұмылдыру басқармасындағы 11 қызметкердің төртеуі осында. Ал екеуі
кеңседе құжат ресімдеумен айналысса, қалғандары аудандар мен қалалардағы тәртіп
сақшыларына дәріс беруде.
– Күнделікті қызметімізде бұған мүмкіндік бола
бермейді. Автоматты да анда-санда
ұстаймыз. Мұндағы жаттығу өзімізді әрдайым спорттық бабымызда болу қажеттігін
үйретті, — дейді Төлеби аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік
инспекторы, капитан Бағдат Оспанов. — Біз бір ауданнан бес қызметкер келген
едік. Үйренгенімізді өз қызметімізде қолданатын
боламыз.
Мұндай жылы лебізді ордабасылық әріптесі, капитан Сәкен
Сәрсенбаев, Қазығұрт аудандық полиция бөлімі айдауыл тобының полиция аға
сержанты Тұрақ Бекжан және басқалар да білдірді. Жалпы Ақтастағы жаттығу
орталығына келген тәртіп сақшылары мен нұсқаушылар осындай қолайлы жағдай
жасағаны үшін Түркістан облыстық полиция
департаментінің басшысы, генерал-майор Қайрат Дәлбековке шынайы алғыстарын
жеткізуде.
С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.