ЖЕМІС-ЖИДЕГІ БРЕНД, ТУРИЗМІ ТАНЫМАЛ

Түлкібас ауданының ең басты саласы — агросектор. Егіс көлемін өткен жылы 65 390 гектарға жеткізу жоспарланса, 65 406 гектардан астам алқап игерілді. Бұдан бөлек 57 655 гектар жайылым бар. Ерте көктемде шаруа қожалықтары жанар-жағар маймен толық қамтылып, егіс жұмыстары әлдеқашан аяқталды. Қазір дәнді дақылдар жайқалып өсіп, масақ тартып қалған. «Сулы жер – нулы жер» дейді халық даналығы. Аудандағы 572 шақырымды құрайтын 111 канал күрделі жөндеуден өткізілді, арық-атыздар тазаланды. Бұл жұмыстарға бюджеттен қаржы бөлінген жоқ, демеушілердің күшімен атқарылды. Сөйтіп, барлығы 11 мың гектарға жуық танаптар тегіс ылғалдандырылмақ. Мәселен, биылдың өзінде жаңадан қосылатын суармалы жерді 300 гектарға жеткізу межеленсе, жоспар 318 гектарға артығымен игерілді. Осылайша егіншілікте суармалы жер көлемі көбейіп, еңбек өнімділігі де арта түспек.
Таулы аймақта орналасқандықтан мұнда алма шаруашылығын
дамытуға қолайлы. Түлкібас ауданы — ежелден
сапалы және экологиялық таза
өнімнің эталоны әрі бренді саналып келгені белгілі. Кеңестік кезеңде даңқы
сонау Одаққа дейін жеткен бұл аймақтың бұрынғы даңқын қайтару үшін түлкібастық
бағбандар 2007 жылдан бастап бау шаруашылығын қалпына келтіруді қолға алды. Бүгінгі таңда аудан аумағында жалпы 3347 гектар алма бауы бар. Соның ішінде
310 гектары қарқынды бау. 2007-2018 жылдар аралығында мемлекет тарапынан
көрсетілген қолдаудың арқасында осы аймақта
барлығы 2500 гектар алқапқа жаңа алма бау көшеттері отырғызылған
болатын. Соңғы жылдары ғана егілгені болмаса, баудың басым бөлігі жыл сайын
жеміс салады. Өткен жылы түлкібастықтар
жеміс-жидектен 25 150 тонна өнім жинаған болатын. Оныңм бір бөлігі жалпы
сыйымдылығы 9 мың тоннаға жуықтайтын
аудандағы алты жеміс-жидек және көкөніс қоймаларында сақталып, еліміздің
өзге аймақтарына жөнелтілді. Ал сақтауға келмеген өнімдер жергілікті жердегі жеміс-жидекті қайта өңдеу
кәсіпорындарында кәдеге жаратылды. Мұнда өнімдер терең өңделіп, түрлі тосаптар, шырындар мен
сусындар күйінде тұтынушыларға сатылымға шығарылуда. Сөйтіп, қалдықсыз технологиямен
жұмыс істеуге де біртіндеп үйреніп келеді.
Жалпы Түлкібас ауданының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың
аймақтық бағдарламасына сәйкес 2022 жылы алма бау көлемін 4487 гектарға
жеткізіп (соның ішінде 1 000 гектар қарқынды бау), жылына 60-65 мың тонна өнім
жинау жоспарланған. Оған толық мүмкіндік бар. Мәселен, «Көктал» шаруа қожалығы
алма бауының көлемін 260 гектарға, «Кентау» ЖШС 210 гектарға (соның ішінде
қарқынды бау көлемі 160 гектар), «Мөлдір» ЖШС 110 гектарға қарқынды бау егіп,
өз үлестерін қосуда. «Бизнестің жол
картасы — 2020» бағдарламасы аясында «Кентау» ЖШС Шақпақ баба ауылдық
округінен сыйымдылығы 2 мың тонналық
көкөніс сақтау қоймасын салуға 600 миллион теңге несие алды. Үкімет тарапынан
банк несиесінің пайыздық ставкасы субсидияланады. Ал осы нысанға инфрақұрылым
жүргізу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.
2018 жылы аудан диқандары 165 гектарға жеміс көшеттерін
егуді жоспарласа, тапсырма 258 гектар
(50 гектары қарқынды бау) болып артығымен орындалды. Сонымен қатар, 257,5
гектарға жаңғақ, 81 гектарға жуық таңқурай, 10 гектарға жүзім егілді. Былтыр
аудан көлемінде 627 тонна жаңғақ жиналды. Ағымдағы жылы қосымша 135 гектарға
жаңғақ көшеті отырғызылмақ. Әрине, жемістердің аудандастырылған сұрыптары
өсірілуде. Мәселен, алманың «Жаңа таң», «Голден Делишес», «Золотой привосход»,
«Семиренка», «Буарда», «Мельба», «Заилилийкий», жүзімнің «Ркацители»,
«Саправи», «Розовый тайфий», алмұрттың «Талгарская красавица», «Лесная красавица»
және басқа да сұрыптары өсірілуде.
Суды тиімді әрі ысырапсыз пайдалану — уақыт талабы.
Сондықтан ылғалды үнемдеу технологиясы да біртіндеп жүзеге асуда. Аудан бойынша
тамшылатып суару әдісін енгізу жоспары 500 гектар болса, ол толығымен
орындалды.
Түлкібас ауданында мал және балық шаруашылығы да өркендеп
келеді. Аталған аймақта қазір 41,5 мың қара мал, 9 мыңға жық қой, 4,8 мың ешкі, 21,2 мың жылқы, 125 мыңнан
астам құс өсірілуде. Мал басы жылдан жылға көбейіп келеді. Соңғы кезде түйе, шошқа
бағу қолға алынды. Соның нәтижесінде Түлкібас ауданы ет, сүт және жұмыртқа
өндіру тапсырмасын жыл сайын асыра орындап жүр. Әсіресе, «Сыбаға» бағдарламасы
бойынша 75 сиыр сатып алу жоспарланса, қазіргі таңға оның 147-сі алынып, тапсырма
196 пайыз орындалды. Ал «Құлан» бағдарламасы бойынша көзделген 106 жылқының
орнына оның 164-і сатып алынған. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 334 қойдың
орнына 450-і алынып, жоспар асыра өтелді.
Осылайша Түлкібас ауданында мемлекеттік бағдарламалар ойдағыдай орындалып келеді.
Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».