«СОҒЫС» деген сөзді білмесе екен

«СОҒЫС» деген сөзді білмесе екен
Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».
Жеңіс күні
қарсаңында Шымкент қаласындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне қарасты
10216 әскери бөлімінің аға офицері, майор Берік Әбенов, майор Батыр Дүйсенов,
әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс істеу бөлімшесінің бастығы Зейнура
Қалбаева Ұлы Отан соғысының ардагері Абылай Қазыбаевтың үйіне барды. Бөлім
қызметкерлері биыл 96 жасқа шыққан қарт жауынгерді мерекемен құттықтап,
басшылық атынан алғыс білдіріп, сый-сияпат тапсырды.
Абылай ақсақал өз
кезегінде әскери бөлімнің басшылығы мен ондағы жұмыстарға табыс тілеп, туған
жерінің өсіп-өркендеп жатқанына ризашылығын білдірді. Майдангер қала,
республикада орын алып жатқан барлық оқиғалардан хабардар екенін, Қазақстанның
экономикалық табыстары мен жерлестерінің жеңістері үшін қуанатынын жасырмады.
– Біздің басымыздан
өткенді еске алудың қажеті жоқ. Біз өз борышымызды өтедік. Қазір маңыздысы –
елімізде тыныштық болса екен деп тілеп, ертеңгі ұрпағымыз «соғыс» деген сөзді
білмесе екен деймін. Барлығы артта қалсын. Ондай қайғы-қасіретті көруді ешкімнің
маңдайына жазбасын, – дейді бүгінде немере-шөберелерінің қызығына кенеліп
отырған Абылай ақсақал.