Сыр өңiрi дамудың жаңа деңгейiне шығуы тиiс

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болды

Қызылорда облысының қатпарлы қазақ тарихында алатын орны ерекше. Тағдыр талайында еріксіз бодандықтың қамытын киген, қол-аяғы бұғауда болған қазақ өктемшіл империя үшін «бұратана, «киргиз-кайсак» аталып келген еді. Ел астанасы Орынбордан Ақмешіт – Қызылордаға ауысқанда, Алаш ардақтылары нақ осы аймақта 1925 жылы халыққа қазақ атауын қайтарып берген болатын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сыр – қазақтың анасы» деген қанатты сөзін мұндағы жұрт қастер тұтады.

Қазақстан Президенті жұмыс сапары барысында әуелі облыстық көпсалалы балалар ауруханасына барды. Бүгінде еліміз балалар денсаулығына ерекше мән беріп отыр. Тағдыр жазуымен төсекке таңылған, ақыл-ой, дене дамуында ауытқуы бар балалар мемлекет қамқорлығынан тыс қалмақ емес. 2017 жылы пайдалануға берілген көпбейінді аурухана соның бір айғағы. Ауруханада 11 бөлім, 5 операциялық блок, реанимациялық және анестезияға арналған бөлімдер бар. Сондай-ақ мұнда кеңес беру-диагностикалық бөлімі жұмыс істейді. Аурухана заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Мамандар шетелдік клиникаларда біліктілігін арттырған. 500 адам қызмет етеді.

Қ.Тоқаев балалар ауруxанасының медициналық қызмет көрсететін кабинеттерін аралап көріп, дәрігерлермен әңгімелесті. Еркін әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті бала денсаулығын жақсарту ісі мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар жандана түсетінін айтты.

– Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыздың оңай емес екенін жақсы білемін. Балаларды емдеп, халықтың алғысына бөленіп жүрсіздер. Еңбектеріңіз елене берсін! – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы медицина мекемесі ұжымының жұмысына табыс тіледі.

Мемлекет басшысы бұдан кейін «Жан Арай» күріш өсіру ісіне мамандандырылған агроиндустрия кешенінде болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Қ.Тоқаев серіктестікте ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен жүздесіп, пікір алысты. Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен әңгіме кезінде бұл саланы өркендетудің басты бағыттарын атап көрсетті.

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласының сол жағалауының құрылысын көрді. Мұнда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сол жағалау құрылысының Қазақстан Үкіметі бекіткен бас жоспарын таныстырды.

Қазақстан Президенті келесі кезекте Қызылорда облысындағы өңірлік «Рухани жаңғыру» орталығында болды. Мемлекет басшысына орталықтың негізгі қызметі жөнінде мәлімет берілді. Жергілікті бюджет есебінен бой көтерген бұл орталық «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» сияқты бағыттар бойынша жұмыс істейді. Ғимаратта Қызылорда қаласының тарихына арналған мұражай орналасқан. Қ.Тоқаев мұражай экспозициясымен танысты.

Президент Қ.Тоқаев Қорқыт ата мемориалдық кешеніне де барып, музейдің жаңартылған экспонаттарымен танысты. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында 1980 жылдары Түркі әлеміне ортақ рухани ұстаз Қорқыт атаның құрметіне мемориалдық кешен салынған.

2014 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен кешенге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қосымша зиярат ету нысаны тұрғызылған болатын.

Сапарының соңында Қ.Тоқаев Байқоңыр қаласына барып шаһардың даму барысымен танысты. Қазақстан Президентіне қаланың қазіргі аxуалы мен әлеуметтік-экономикалық даму барысы және оның негізгі көрсеткіштері баяндалды.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары – Президенттің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Б.Намаев қаладағы тұрғын үй салу, газбен және сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңарту жөніндегі жобалардың іске асырылып жатқанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Байқоңыр» арнайы экономикалық аймағын құру жөніндегі тұжырымдамамен танысты.

Қызылорда облысы.

Пікір қалдырыңыз