Өркендеу жолында

Өркендеу жолында

Түркістан облысының мәслихаты таяуда өкілетті билік органдарының жұмысын жетілдіру жөнінде бастама көтерді. Мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу жөніндегі ұсынысын ҚР Парламенті Сенатына жеткізді.

– Жиырма бес жыл дегеніміз, Қазақстандағы өкілетті билік органдарының, жалпы елдегі саяси жүйенің орнықты дамыған және кемелденген кезеңі, – деді Қ.Балабиев. – Н.Назарбаев бастаған, Қ.Тоқаев жалғастырған бағытты ұстана отырып Қазақстан халықаралық аренада терең экономикалық және қоғамдық-саяси реформаларды жүзеге асырып жатқан мемлекет ретінде зор беделге ие болды. Қазақстанның бұл беделі, ең әуелі, елдің ішкі бірлігіне, мемлекеттің этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы жан-жақты ойластырылған саясатына, өзін-өзі басқару органдарын біртіндеп дамытуына, өкілетті биліктің беделінің артуына негізделген. Қазақстанның саяси жүйесін дамыту барысында Парламентке, облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттарға ерекше назар аударылуда. Мемлекеттік құрылымның атқарушы және өкілетті билік тармақтарының әріптестігі мен бірлескен іс-әрекеттеріне негізделген қолданыстағы моделі тәуелсіздік жылдарында өзінің өміршеңдігі мен зор әлеуетін көрсетті. Парламенттен бастап, мәслихаттарға дейінгі барлық өкілетті билік органдарының сайлануы, қызметі мен құзіреті ҚР Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы Заңымен реттеледі. Жоғарыда айтылған нәтижелі ынтымақтастық осы заңның қолданыстағы нормаларына негізделген. Билік пирамидасының іргесін нығайту ісінде ендігі жерде жергілікті өзін-өзі басқару органдарын дамытуға айрықша назар аударылмақ.

 

Жұмысты кері байланыс нәтижелі етеді

Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыру бағытындағы 100 нақты қадамға негізделген Ұлт жоспарында «өзін-өзі реттеу мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын жетілдіру арқылы жергілікті жердегі шешімдердің қабылдануына азаматтардың белсенді қатысуына жол ашу» дейтін мақсат бар. Ендігі жерде мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру барысында осы міндет алдыңғы қатарға шығады. Мұндайда депутаттар мен сайлаушылардың өзара байланысының, өкілетті билік органдары мен қарапайым азаматтар арасындағы кері байланыстың маңызы арта түседі. Өткен жылы Түркістан облысының мәслихаты республикада алғашқы болып халықпен онлайн байланыс жобасын іске қосты. Сайтта әрбір депутатпен, оның күнделікті жұмыс барысымен танысуға ғана емес, өзіңізді қызықтырған сауалдарды қойып, оған халық қалаулысынан уақтылы жауап алуға мүмкіндік бар. Сайт жұмысының нәтижелерін тұрақты түрде сараптап отыру арқылы халықпен байланыстың осы формасы айтарлықтай тиімді екеніне көз жеткіздік. Мәслихат аппараты азаматтардың жүздеген сұрақтары мен ұсыныс-тілектерін топтастырып, оларға сараптама жасады. Оның ішінде азаматтардың жеке мәселелерімен қатар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты салмақты проблемалар да бар. Депутаттар мен сайлаушылардың өзара байланысын тұрақты түрде жүргізу әрі оны барынша қолайлы форматқа көшіру жөніндегі идея осылайша өзін-өзі толықтай ақтап отыр.

– Осындай форматтағы диалог мәслихаттың жұмысын мейлінше ашық және нәтижелі етуде, – дейді Қ.Балабиев. – Депутаттардың өз сайлаушыларымен мерзімді кездесулері және жеке қабылдаулар өз алдына бөлек мәселе. Ал, интернет олардың өзара байланысын тіпті жаңа деңгейге көтерді. Бұл азаматтарға кез келген уақытта басы артық рәсімдерсіз депутаттың онлайн қабылдауына кіріп, өзін мазалаған сұрақтарына жауап алып отыруға мүмкіндік берді. Ал, біз үшін бұл – облыста туындаған проблемалардан дер кезінде хабардар болып, оларды шешуге уақтылы ықпал етіп отырудың жолы. Кері байланыс жұмысының алгоритмі мынадай: егер сайлаушы көтерген мәселені депутат өз бетінше шеше алмаса, онда ол мәселе тиісті атқарушы органның қарауына депутаттық сауал ретінде жолданады. Бұл азаматтардың атқарушы органға өз бетінше хабарласқанымен салыстырғанда әлдеқайда тиімді. Себебі, депутаттық сауал түскен соң ол органның басшыларына басқаша жауапкершілік жүктеледі. Өйткені, депутаттық сауалдарға уақтылы әрі сапалы жауап беру қолданыстағы заңнамамен міндеттелген. Бұл – бір. Екінші жағынан қай депутат атқарушы органдардың өзінің сауалына жүрдім-бардым қарағанына төзіп отырады дейсіз? Оның үстіне депутаттың сауал жолдағаны, атқарушы органның ол сауалға уақтылы жауап берген, бермегені онлайн режимде жұрттың бәріне көрініп тұрады. Мәслихат депутаттарының қай-қайсысы да қоғамда өзінің орны бар, абыройлы азаматтар, олар атқарушы органдардың салғырттығына бола өздерінің қоғамдағы беделінен айырылғысы келмейді де, өзінің депутаттық сауалына уақтылы жауап берілуін табанды түрде талап етеді. Ал, егер тіпті депутаттың өзі де бюрократиялық кедергілерді жеңе алмайтындай күрделі жағдай қалыптасса, онда бұл мәселе мәслихат сессиясының күн тәртібіне шығарылады. Енді қай атқарушы орган өз жұмысындағы кемшіліктің облыстағы өкілетті биліктің жоғарғы органының қарауына ұсынылғанын қалайды дейсіз?! Жақында өтетін мәслихат сессиясына келіп түскен сауалдарды сараптай отырып, онда көтерілген мәселелердің шешілу барысын облыс әкімдігінің салалық басқармалары бойынша жіктеп қараймыз. Міне, осындай тұрақты әрі жан-жақты бақылау азаматтардың күнделікті мәселелерінің уақтылы шешілуіне ықпал етеді.

 

Өкілетті биліктің беделін арттыру қажет

ҚР Сайлау туралы Заңына енгізілген өзгерістерге байланысты өкілетті билік органдары саяси партияларға дауыс беру арқылы сайланады. Саяси партиялардың мәслихаттар жұмысына бұрынғыдан көбірек назар аударуы оның беделін арттырып қана қоймай, өңірлерді дамыту мәселесінде халықтың барлық топтарының көңілінен шығатындай нақты шешімдердің қабылдануына әсер етеді. Түркістан облыстық мәслихаты қабылданған шешімдердің орындалуы мен азаматтар көтерген мәселелердің қаралуын бақылайтын жүйені жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар жасап отыр.

Ол үшін облыстық мәслихаттардың жанынан қабылданған шешімдердің орындалуын қадағалайтын тексеру комиссияларын құру керек. Қолданыстағы заңнама бойынша облыстағы тексеру комиссиясы республикалық Есеп комитетінің құрылымында жұмыс істейді. Мәслихаттың өкілеттілігі ол комиссияның төрағасы мен төрт мүшесін сайлаумен ғана шектеледі. Егер заңнамаға өзгеріс енгізіліп, тексеру комиссиясы облыстық мәслихаттың құрамына өтсе және оның төрағасы мен мүшелері мәслихат депутаттарының қатарынан сайланса, бұл әлеуметтік-экономикалық пробемаларды шешу мақсатында бюджеттен бөлінген қаржының уақтылы әрі мақсатты түрде игерілуін қадағалауға зор мүмкіндік берер еді.

Мұнан бөлек өңірдің әлеуметтік мәселелері мен азаматтар көтерген проблемаларға дер кезінде үн қатып отыру үшін, қоғам өмірінің маңызды салаларында туындаған мәселелерді басы артық рәсімдерсіз тез шешу үшін мәслихат депутаттарына өз өкілеттілігі шегінде басқаратын қаржы бюджеттен бөлінсе деген де ұсынысымыз бар. Бұл өкілетті биліктің, жалпы елдегі мемлекеттік биліктің халық арасындағы абыройын өсіруге мүмкіндік туғызар еді.

Сонымен қатар біздің ҚР Парламенті Сенатының қарауына жолдаған ұсыныстарымыздың ішінде өңірдегі құқық қорғау органдарының басшыларын тағайындаған кезде олардың кандидатурасын мәслихаттармен келісу мәселесі де бар. Бұл халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімінің артуына ықпал етеді.

И.Лунин.

Пікір қалдырыңыз