«Қор бюджеттен тыс бастамаларды жүзеге асырады»

Дәуренбек Құрбаниязов, «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорының директоры: «Қор бюджеттен тыс бастамаларды жүзеге асырады»
Бүгінде Түркі әлемінің түп бесігі – Түркістанды түлету ісі үлкен қарқынмен жүргізіліп жатыр. Бұл игі бастамаға еліміздегі ұлттық компаниялар мен кәсіпкерлер, шетелдік инвесторлар да өзіндік үлестерін қосуда. Мәселен, еліміздегі ең ірі үш компания «Ұлы Дала елі» орталығының құрылысын жүргізуді құп көрсе, автобекет, фитнес орталық, «Риксос» қонақүйінің құрылысы жеке инвесторлар есебінен жүргізілуде. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы, «Базис-А» және «BI Group» секілді ірі компаниялар көне қалаға сәулетті ғимараттарды тарту етпек.
Ал, киелі мекеннің көркеюіне қаржылай қолдау білдіремін деген жандар үшін арнайы «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры құрылып, қызмет көрсете бастады. Аталған қордың директоры Дәуренбек Құрбаниязовпен сұхбаттасып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың барысы жайлы әңгімелестік.
– Дәуренбек Амангелдіұлы, сіз басшылық жасап отырған қор Түркістанды түлету жолында қандай жобаларды жүзеге асыра алады?
– Елбасы Н.Ә.Назарбаев былтыр қыркүйек айында Түркістан қаласына келген сапарында инвесторлар тарапынан түсетін қаражаттарды жинақтап, мақсатты жұмсалуын ұйымдастыратын арнайы қордың қажеттігін айтып, тапсырма берген болатын. Қазіргі кезде жаңа облыс орталығы – Түркістан қаласына инвестиция салғысы келетін кәсіпкерлер көп. Олардың біршама бөлігі қалаға сәулетті ғимараттар тарту етуді қолға алып отыр. Енді біразы үлестерін қаржылай бермек. Заңдылық тұрғысынан алғанда инвесторлар қаржыны әкімшілік есепшоттарға аудара алмайды. Кәсіпкерлер мен меценаттар игі бастамаларға қаржылай қолдау білдіргісі келсе, тек қана арнайы құрылған қорлардың қызметіне жүгінеді.
«Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорының мақсаты – Мемлекет басшысының Түркістан аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кеңесі барысында берілген тапсырмасына сәйкес, облыс әкімдігінің бюджетінде қарастырылмаған әлеуметтік нысандардың құрылысын қаржыландыру. Ал, қорға түскен қаржы осындағы қамқоршылық кеңес мүшелерінің шешімімен мақсатты түрде жұмсалады.
– «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорының қызмет түрлерімен таныстырып өтсеңіз.
– Даму қорының негізі 2010 жылдан бастау алады. Сол жылдың 21 сәуірінде «Оңтүстік» корпоративтік әлеуметтік даму қоры болып құрылған. Содан бері ол көптеген игі істерге ұйытқы бола білді. Ал, Елбасымыздың Жарлығына сәйкес облыс орталығы Түркістан қаласына ауысуына байланысты қордың да аты «Түркістан» болып өзгертілді.
Қордың қызмет түрлеріне тоқталар болсам, ол негізінен білім саласындағы жобаларды қаржыландырады. Атап айтқанда, мектепке дейінгі балалар мекемелерін (балабақшаларды), мектептерді, кәсіптік-техникалық мектептерді (училищелерді) салумен айналысады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласындағы жобаларды да қаржыландыруға мүдделі. Атап айтқанда, санаторлық-шипажай мекемелерін, диагностикалық және оңалту орталықтарын салып, қайта жаңғыртумен де шұғылданады. Мәдениет, спорт және әлеуметтік маңызы бар нысандардың бой көтеруіне септігін тигізеді. Бір сөзбен айтқанда, ҚР заңнамаларына сәйкес құрылыс жұмыстарын жүргізіп, қайырымдылық, демеушілік таныту секілді қызмет түрлерін көрсете алады. Облысымызда бастау алған осы бағыттағы игі істерге барша ел тұрғындарын үлес қосуға шақырамын.
– Қорға түскен қаржыларды жұмсау ісі жүзеге қалай асады?
– Қордың құрылтайшысы – Түркістан облысының әкімдігі. Ал, тұрақты түрде қызмет атқаратын басқарушы органы «Қамқоршылық кеңес» болып табылады. Кеңес мүшелері қордың есебінен қаржыландыратын жобаларды іріктеп, қаржыландыру туралы шешім қабылдайды. «Қамқоршылық кеңес» халық танитын абыройлы азаматтардан құралған.
– Қордың жұмыс істеп келе жатқанына биыл 9 жыл толады. Бұған дейін қандай игілікті істерді жүзеге асырдыңыздар?
– «Оңтүстік» корпоративтік әлеуметтік даму қоры қамқоршылық кеңесінің шешімімен Арыс ауданының Т.Тәжібаев атындағы №1 балалар үйінде, Сарыағаш және Түлкібас аудандарында орналасқан монша кешендерін салдық. Осы аудандағы Керейт ауылдық округінде орналасқан аудандық мәдениет үйі толық жөндеуден өтті. 2010-2011 жылдары қор тарапынан Қазақ Ұлттық Аграрлық университетімен жасалған меморандум негізінде облысымыздағы әлеуметтік жағдайы төмен көп балалы отбасы балаларына оқу гранттары бөлінді. Бұдан басқа да көптеген игі істердің ұйытқысы болып келеміз.
– Алдағы уақыттағы жұмыс жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
– Еліміздің ірі кәсіпорындарын Түркістан өңірінің дамуына өз үлестерін қосуға шақырамыз. Сондай-ақ, туған жерден шалғайдағы жерлестерімізбен және шетелде жүрген қандастарымызбен байланысып, оларды да ортақ іске тартуды жоспарлап отырмыз. Елімізде кәсіпкерлікпен айналысып жүрген Түркия азаматтарымен байланыс орнату, түркі тілдес елдермен ынтымақтастықта жұмыс істеу – жоспардағы негізгі басым бағыттардың бірі.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қайрат ЗАЙНИШЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».
P.S. Қаржылай қолдау көрсетеміз деген азаматтар өз ниеттерін төменде көрсетілген банктік реквизиттер арқылы іске асыра алады.
«Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры реквизиттері:
Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Кызылорда тас жолы, 34 А ғимараты. Пошта индексі 161200, БСН (БИН) 100440016000, «ForteBank» АҚ Түркістан қаласындағы филиалы, ЖСК (ИИК) KZ7196528F0007014540, БСК (БИК) IRTYKZKA