«Махаббат жасқа қарамайды»

  Өзімді осы сөзге қанша сендіргім келгенімен, ішкі жан-дүниемдегі бір дауыс бәрібір мұны жоққа шығаратындай. Жолдастарымнан, туыстарымнан, айналамдағы басқа да адамдардан бәрібір қысыламын. Қысылатындай-ақ, жөнім бар. Өйткені, өзімнен 8 жас үлкен қызға ғашықпын...

 

Айналамдағы жандардың менің бұл сезімімді қалай қабылдайтынын әзірге білмеймін. Сырымды бір адамға айтсам, күллі әлем біліп қоярдай қауіптенемін. Жұрттың өсегіне кім қалғысы келеді дейсіз. «Махаббат жасқа қарамайды» деген сөзді сірә, өзінен үлкен қызға ғашық болып көрмеген біреу таратса керек?!

Ол қызбен әлеуметтік желі арқылы танысқанбыз. Алғашында жасын сұрамаппын. Сұраған да шығармын?! Аса мән бермеген соң шығар, анық есімде жоқ. Екеуміздің ара-қатынасымыз күннен-күнге жақындай түсті. Әлеуметтік желіде басталған таныстығымыз одан әрі беки түсу үшін кездесіп те жүрдік. Бірақ, ғашық болып қаламын деп ойламаппын. Оның маған деген сезімін байқасам да өзімді «ұят болады» деген бір ауыз сөзбен тежеп жүрдім.

Бұрын оқушы кезімде «махаббат жасқа қарамайды» деген сөз жасы үлкен жігіт пен жасы кіші қыздардың қарым-қатынасына қаратып айтылған шығар деп ойлайтынмын. Бірақ, олай емес екен. Өзімнің бұл ісіме қатты ұяламын. Сол қызбен кездескенде, сөйлескенде ол ұяттың бәрін оған деген сезімім жеңіп кетеді. Достармен басқосуларда олар жанына сүйген қыздарын ертіп келеді. Өзіңіз де бағамдап отырған боларсыз, мен ондай жиындарға жалғыз барамын. Достарыма «менің сүйгенім басқа қалада тұрады» деймін. Олар да осы өтірігіме сеніп алған, тереңдеп сұрамайды.

Өзімнің әкем анамнан 5 жас үлкен. Анам әкемді үйдің тірегі ретінде қатты сыйлайды. Иә, сыйластық та адамның жасына қатысты емес шығар. Бірақ, 8 жас үлкен қызды ұнатып қалғанымды айналам қалай қабылдайды деген ой маза бермейді. Жоғарыда айттым ғой, бұл сырымды ешкімге айтқым келмейді. Сондықтан да қағаз бен қалам арқылы іштегі шерімді шығарып алғым келді. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман, жігіттің өзінен 8 жас үлкен қызға ғашық болуын, ұнатуын, сол қызбен отбасын құруын біздің қоғам қалай қабылдайды?

Жасұлан, студент.

Пікір қалдырыңыз