Облыс мәдениетінде мақтанатын көрсеткіш бар

  «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 22 қаңтар күнгі санында жарық көрген Үмітхан Алтаеваның «Облыс мәдениетi: ойланатын жәйттер бар» мақаласына орай Түркістан облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасымен бірлесе отырып, келтірілген мысалдармен келіспейтінімізді жеткіземіз. Өйткені, автор жеке көзқарасы арқылы аймақ басшылығының қадағалауындағы мәдени орындар мен шығармашылық ұжымдардың атқарған жұмысына күмән келтіріп, қызметін жоққа шығаруға тырысқан.

 

Басылым бетінде журналист былтырғы жылы өңірде 4 республикалық, 23 облыстық мәдени іс-шара өткенін және Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Түркістан сарайы» 350-ге жуық концерт ұйымдастырғанын көлденең тартады. 20-дан астам гастрольдік сапарға шыққанын мысалға алып, «сапа емес, сан қуалап кеткен жоқпыз ба?» деген сауал тастайды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Түркістан сарайы» – екі бөлек ұжым. Филармония ұжымының міндеті – халыққа жаңа бағдарлама ұсыну, қала-аудандарда өнер көрсету, түрлі деңгейдегі мемлекеттік мерекелер мен айтулы күндерге атсалысу. Осы мақсатта 12 ай ішінде 16 жаңа бағдарлама ұсынылса, қалғаны ағымдағы концерттер мен басқарма тарапынан жоспарланған түрлі бұқаралық іс-шаралар. Ал, «Түркістан сарайы» көрермен залын жалға берумен ғана шектеледі. Арнайы шара ұйымдастырмайды, сәулетті сарайға Астана мен Алматыдан немесе басқа қаладан келген эстрада әншілері қанша концерт қойса да өз еркі. Қалталары көтерсе, қарсылық жоқ. Әзіл-сықақ театрларының қойылымдары мен жеке компаниялардың мерейтойы да осы сахнада жүзеге асады. Тіпті, әр саладағы ғылыми конференциялар мен құзырлы орындардың есеп беру жиындарына да әрдайым есік ашық.

Жалпы, аймақтағы бір жылда атқарылған 29 967 шараны
678 мәдениет және өнер мекемесіне бөлсек, шамамен 45 шарадан келеді.

Төрт республикалық шара облыс орталығында, облыстық деңгейдегі 23 шара түрлі ауданға бөлінген. Олардың барлығы бір форматтағы, бірін-бірі айнытпай қайталайтын сценарийлер емес. «Театр көктемі» фестивалі, ақындар айтысы, патриоттық әндер байқауы, мүмкіндігі шектеулі балалардың өнер сайысы, эстрада әншілері мен іс-шара жүргізушілердің, суретшілер мен күйшілердің, термешілер мен жыршылардың, опера әншілері мен Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауының әрқайсысының көтерген жүгі бар. Президент Жарлығымен бекітілген «Алғыс айту» күні, 8-наурыз – халықаралық әйелдер мерекесі, Наурыз тойы, Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, Астананың
20 жылдығы, Конститутция, Тәуелсіздік мерекесі сияқты оңтүстікте ғана емес, республикада атап өтілетін айтулы даталар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы музейлер мен кітапханаларда өткен бірлескен жобалар да осы есепке кіреді. «Халық мұрасы – халық қазынасы», «Тарихи қазыналар», «Есімі елімен бірге жасаған», «Ата – баба мұрасын сақтайық», «Туған өлкем тарихы», «Ұлттық әшекей бұйымдары», «Отырар мұралары» жобасының өскелең ұрпаққа берері мол.

Сондай-ақ, «Салбурын – саятшылық мерекесі», «Ұлттық қолөнер – ұлы мұра», «Қош келдің, әз Наурыз», «Ақсу-Жабағалының алауы, Шұбайқызылдың жалауы» халықаралық қызғалдақ фестивалі, «Ордабасыға оралу: Береке басы – бірлік» іс-шарасы аясындағы «Туған жерге тағзым: Ордабасы көктемі» жастар форумы, «Қымызмұрындық», «Қауын FEST», Халықаралық өнер фестивалі, «Агро FEST», «SAFARI SHARDARA», «OPEN SARYAGASH», «Тау самалы – жан самалы» фестивалін ретсіз ұйымдастырылған, артық шара қатарына жатқызуға болмас.

Барлығы өз тұжырымдамасымен, жыл мезгілдері мен ауданның орналасу ерекшеліктеріне сай қолға алынған. Сондықтан бұл жерде «мәдени мекемелер сапа емес, сан қуып кетті» дейтіндей дәйек бар деп айта алмаймыз. Автор ары қарай Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауының жылда өткізілетінін айта келе, «қайталай бергеннен не ұтамыз? Шын мәнінде, фестиваль ұйымдастырғаннан Шәмші әндерінің орындалу мәдениеті жоғары деңгейге көтерілді деп айта аламыз ба?» деген сауалға жауап іздейді.

Түркістан облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы ұлы композиторды ұлықтауға арналған дәстүрлі шара жыл өткен сайын ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейге көтерілгенін мақтан етеді. Алғашқы кездері Шымкент қаласында ұйымдастырылған байқау 2016 жылы Шәмші Қалдаяқовтың туған жері Отырар ауданында кең көлемде аталса, 2017 жылы композитордың «Теріскей» әнінің құрметіне Созақ ауданында салтанат құрған. Облыстық деңгейдегі «Менің Қазақстаным» ән байқауын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдап, халықаралық дәрежеге көтергені аз жетістік болмаса керек. Бұған қоса, Түркістан облысының әншілері Шәмші Қалдаяқов атындағы Халықаралық «Менің Қазақстаным» ән фестивалінде 4 жыл қатарынан Бас жүлдені Астанадан алып келгені ерекше қуаныш. 2010 жылы – Нұржан Жүсіпбеков, 2011 жылы – «Өркен» Рысдаулетовтер отбасылық ансамблі, 2012 жылы – Мәдіхан Дүйсеев, 2014 жылы – Айбек Қанатбек – Гран-при, ал, 2015 жылы – «Тенор» тобы II орын иеленген. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық  «Менің Қазақстаным» байқауының жеңімпаздары да жыл сайын республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орыннан көрініп, жетістіктерімен қуантып келеді. Соңғы жылдары қатысқан Өсербай Бөріханов, Мағжан Әлтенбаев пен «Сарын» тобы бірнеше республикалық, халықаралық байқауда топ жарып үлгерді. Олардың әрқайсы байқау арқылы іріктеліп, Шәмші әндерін сапалы орындаушы ретінде танылғандар. Шет елдерде облыстың ғана емес, Қазақстанның атын асқақтатып, қазақ өнерін насихаттауға қолдарынан келгенше үлес қосып жүр. Келер күн мен алдағы уақыттан да үміт үзбейік.

Үмітхан Алтаева Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы тұрақты ұйымдастыратын «Театр көктемі» фестивалінен де кемшілік іздеп, «Әшірбек Сығай бақилық болғалы қызығы ада болып, қадірі кеткен сияқты» дейді. Өнертанушы Асқар Әлиханның «Әрбір фестивальдің қорытындысында қазылар алқасы құрамындағы театртанушы мамандардың қойылымдарды талдауы әртістер қауымы үшін үлкен дәріс, сабақ болуы керек. «Әттеген-ай, біз мына контекстен қалып кетіппіз, оның критерийлері мынадай болуы керек екен ғой» деп өкініш білдіріп жатқан әртісті көрмейміз. Орын белгілеуде де көңілжықпастық, принципсіздік орын алып жатады. Жүлдені мерейтойы өткелі отырған театрға бере салады. Бұл өнерді шын бағалауға жатпайды» деген сөздерімен тұздықтайды. 

Бұған қатысты да басқарма мамандарының базынасы жоқ емес. Театр фестивалі жыл сайын бір ізді шиырлап, қойылатын пьесаларды үміткерлердің еркіне салып отырған жоқ. Әр жолы бір тақырып таңдалып немесе танымал драматургтердің шығармашылығына ден қойылады. Жаңа ізденістерге жол ашып, репертуардың жаңаруына ықпал етеді. 2016 жылы Рахымжан Отарбаевтың спектакльдері сахналанса, 2017 жылы қазақтың тұңғыш режиссері Ж.Шаниннің 125 жылдығына орай халықаралық деңгейге көтеріліп, Түркі әлемі театрлары бас қосқан. 2018 жылы көрнекті режиссер, актер Халел Шаженовтың 110 жылдығы мен Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Райымбек Сейтметовтың 80 жылдығына құрмет көрсетілген. Қазылар алқасының төрағалығы мен құрамына театртанушы-профессорлар, Халықаралық театрлар ассоциациясының мүшелері, республикалық театрлардың көркемдік жетекшілері, басшылары, әдебиет сыншылары мен шетелдік мамандарды шақыру дәстүрге айналған. Бағалау барысында әділетсіздікке жол беріліп жатса, бұл сұраққа әділқазылар жауап бергені жөн.

Иә, театртанушы  Әшірбек Сығай өкінішке қарай өмірден өтті, алайда ізін жалғастырушы шәкірттері ортамызда бар. Олардың да фестивальде қонақ болып тұратынын басқа білмесе де, қазылар алқасының құрамында жұмыс істеген мақала авторы ұмытпауы тиіс.

«Асыра айтқанымыз емес, соңғы кезде «ішкі жұмысты қоя тұрып, алдымен іс-шара өткізіңдер» деп жоғарыдан тапсырма беріп қойғандай мәдениет және өнер мекемелері іс-шара, фестиваль, байқау, семинар өткізуден өзара жарысқа түскен сияқты әсер қалдырады. Кітапханаңыз да, музейіңіз де, ауыл-аймақтағы клубтарыңыз да өздерінің функционалдық қызметтерін жиыстырып қойып, таңертеңнен кешке дейін тек іс-шара өткізумен сабылып жүреді. Кітапханаларда күніне екі-үш іс-шара өтеді десек, артық айтпағанымыз. Мәдени-ағарту мекемелерінің, клубтардың жұмыстарын тап қазір кітапханашылар атқаруда. Өздері әнші, өздері биші, шетінен әмбебап дерсіз. Оқырмандар залы іс-шарадан босамайтындықтан, кітапханалардан тұрақты оқырмандары «үркіп кетті» деуге болады» дейді Үмітхан Алтаева. Керісінше оқырман тартуға арналған шаралардың нәтижесінде облыстағы 387 кітапханада келушілер саны 467 863 адамға артқан. 110 714 жаңа кітаппен толықтырылып, кітап қоры 5 млн. 668 мыңнан асыпты. «Ең көп оқылатын 100 кітап», «Алтын қорға үлес қос», «Кітапханаға сый» акцияларынан кейін 9765 кітап кітапханалар қорына сыйға берілген. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында электрондық кітап қоры 22 751 данаға жетіп, 1867 құжат цифрлы форматқа көшірілген.

Тарихи-мәдени мұраларды қорғау, сақтау, жаңғырту және насихаттау аясында да ауқымды жобалар қолға алынып, жинақтар жарық көрді. Ақын-жазушылардың шығармашылық кештері мен туындыларын насихаттау да оқырман үшін маңызды шара саналады.

Облыстағы кітапханалардың қатысуынсыз, 251 клуб мекемесі өз алдына 2798 іс-шара ұйымдастырып, 2105,6 мың адамды қамтыған. 911 клубтық құрылымдар жасақталып, 11552 адам тартылған. Сол себепті, «клубтың жұмысын кітапхана атқарып отыр» деген мәлімет шындыққа жанаспайды, кітапхана мен клубтың міндеті бөлек.

Мақаладағы «Халық арасынан таланттарды тауып, бұлақтың көзін ашады деп сенім артқан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы да дауыл алдындағы тыныштықтың күйін кешуде. Әйтпесе алыстағы ауылдар мен шалғайдағы шаруашылықтардан небір дәстүрлі ән орындаушылар мен термешілерді іздеп табуға болады. Амал нешік, бұл мекеме қызметкерлерінің де іс-шара ұйымдастырудан, залды толтыратын контингент табудан қолдары босай бермейді» деген жолдар тіпті қисынға келмейді.

Халық шығармашылығы орталығы ешқашан залды толтырумен айналыспайды және апталап, айлап қол қусырып қарап отырған жоқ. Күйшілер мен дәстүрлі ән орындаушылардың қатарын көбейту мақсатында жыл сайын облыстық деңгейде «Күй құдіреті» , «Дәстүрлі әндер» байқауына ауыл, аудандардағы өнерпаздар қатыстырылады. Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы халықтың бос уақытын ұйымдастыру, жас таланттарға қолдау көрсету мақсатында 84 түрлі мәдени іс-шара мен
байқау-фестивальдер ұйымдастырып, 147160 көрермен қамтыды.

Ресми мәлімет бойынша, театр мен музейге келушілер қатары да едәуір көбейген. 3 кәсіби театрда 11 жаңа спектакль сахналанып, 759 қойылымды 134690 көрермен тамашалаған. 24 музейде 12868 экскурсия,1047 көрме, 821 көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, 1 965 946 келуші қамтылған. 7268 дана жаңа экспонат жинақталып, жалпы қор 164106 данаға жетті. Кино саласының жетістіктері де көш ілгері. «Оңтүстікфильм» мекемесі «САҚ» киностудиясымен бірге «Ордабасы бірліктің туы», «Оқсыз», «Түркістан» анимациялық фильмдерін, «Төле би» 10 сериялы тарихи телехикаясын түсірді. Жастар мен балаларға 128 көрсетілім ұйымдастырып, 25 134 көрермен тартылды. 

Облыс өнерпаздары Финляндия, Швеция, Жапония, Эстония, Ресей, Италия, Түркия, Грузия, Молдова, Қырғызстанда өткен түрлі жанрдағы байқаулар мен фестивальдерден табыспен оралды.

Демек, облыс мәдениетінде ойланатын емес, мақтанатын жайттар бар. Түркістан облысы құрылғалы жарты жыл ішінде бірқатар жоспар өзгеріп, жаңа жобалар әзірленгені белгілі. Көне шаһарды түркі әлемінің орталығына айналдыру мақсатында бой көтеретін Конгресс-Холл, Қожа Ахмет Ясауи музейі, Ұлы дала елі орталығы, Түркі әлемі музейі, Қазақ хандары мен билері музейі, Визит орталық, Амфитеатр, Ғылыми-әмбебап кітапхана, драма театр сияқты мәдени-рухани нысандар енді салынады. Осындай оңтайлану уақыты мен көшпелі жағдайға қарамастан, мәдениет мекемелері жұмысын тоқтатпай, кемшіліктермен күресті жалғастырып келеді.

Алайда, мақала авторы басқармадан алдын-ала сұрап алған мәліметтердің байыбына барып, түбіріне терең үңілмей үстірт ой айтып, дүмбілез қорытынды жасаған. Біз өз кезегімізде негізсіз сын айтып, орынсыз мін таққан мақалаға нақты дәйектермен жауап қайтарып, мәселенің ақ-қарасын айқындап беруді жөн көрдік. Себебі, журналистің жан-жақты зерттеп-зерделеп, анық-қанығына көз жеткізбеген дүниесі басқарманың беделіне – сызат, көрсеткішіне көлеңке түсірмеуі тиіс!

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ, Түркістан облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасына қарасты ақпараттық-талдау орталығы директорының орынбасары.

Пікір қалдырыңыз