Ол – креативтi ұстаз

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan». Біз креативті деп қоғамдық ортаға бейім, жаңа идеяларға бай, кәсіби білікті және бәсекеге қабілетті адамдарды айтамыз. Бүгінгі кейіпкеріміз Раушан Құлжанованың бойында осы қасиеттер тегіс бар. Ол Шымкенттегі Саттар Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицейде география пәнінен сабақ береді. «Педагог-сарапшы» біліктілік санатын алған ұстаз.

 

Қазіргі таңда мектеп бағдарламасы толықтай жаңартылған білім беру жүйесіне көшірілді. Мұғалімдерге оқушыларға бұрынғыдай кітаптағы бар дүниені айтып бере салу жеткіліксіз. Олар әр сабақты ойын түрінде ұйымдастырып, балалардың жан-жақты мағлұмат алуына баса назар аудару керек. Міне, сол үшін Раушан өзінің кәсіби біліктілігін ұдайы жетілдіріп отырады.

«Оқытудың инновациялық технологиялары: интербелсенді әдістеменің теориясы мен практикасы» атты тақырыпта ұйымдастырылған курсқа қатысып, арнайы сертификат алды. Бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық педагогикалық іс-тәжірибесін басқа мектептерге таратудың маңызы зор. Раушан Елемесқызы осы мақсатта Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Кіріктірілген білім беру», «География сабақтарындағы критериалды бағалау», «Сабақ барысында үштілділікті қолдану» тағы басқа да тақырыптарда өткен семинар-кеңестерге қатысты. Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында география пәні мұғалімінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту» атты тақырыпта ұйымдастырған біліктілікті арттыру курсынан өтті.

Жалпы, кәсіби шеберлігі мықты мұғалім оқушысын мектеп қабырғасында ғана емес, өмірде де табысты болуға жетелейді. Міне, сондықтан Раушан оқушыларына Қазақстанның кең байтақ жерін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын да таныстыруды өз алдына мақсат етіпті. Мектеп ішіндегі тарихи-өлкетану мұражайында меңгеруші қызметін қоса атқарады. Қоғамдық шараларға да өте белсенді қатысады. Қалада «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі қарсаңында «Үздік гид – саяхат жүргізушісі» атты тақырыпта ұйымдастырылған сайыста ІІ орынды иеленді.

Ұстаздың еңбегін шәкіртінің жеткен жетістігінен көруге болады. Раушан Елемесқызының оқушысы Назерке Бекжанның «Халықты азық-түлікпен қамтамасыз етудегі тамақ өнеркәсібінің маңызы мен оның өзекті мәселелері» атты тақырыпта жүргізген зерттеу еңбегі республикалық ғылыми жұмыстар байқауында «Ең үздік ғылыми жоба» аталымын иеленді. Ал, кейіпкеріміз Алғыс хатпен марапатталды.

Раушанның шәкірттері арасында география пәнінен өткен аймақтық олимпиадада Мөлдір Арыстанбекова ІІ орынды, ал, Түркістан облысы оқушылары арасында ұйымдастырылған «Алтын ұрпақ» зияткерлік олимпиадасында Анар Кәрімова І орынды иеленді. 2018 – 2019 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша Шымкент қаласында болған олимпиаданың ІІІ кезеңінде Нұржан Есіркеп ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

Раушан мектептегі 11 «А» сыныбының жетекшісі. Бұл сыныпта үш оқушы «Алтын белгіге», үш оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Олардың алдағы ҰБТ-да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, ата-аналары мен ұстаздарының үмітін ақтауына тілектеспіз. Біз жоғарыда Раушанды креативті ұстаз деп тектен-текке айтқан жоқпыз. Ол жас педагогтар арасында «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» атты тақырыпта республика көлемінде ұйымдастырылған сайыста «Ең креативті ұстаз» аталымына ие болған.

Пікір қалдырыңыз