Ақпан-дақпан алты күн...

Қыстың соңғы айы ақпан да мезгіл босағасынан аттады. Қазақша жыл қайыру бойынша ақпан – тек қыстың емес, жылдың да соңғы айы. Өйткені, дәстүрлі санаққа сай жыл басы – наурыз!
«Ақпан» – қазақтың «ақ ықпа», яғни боран деген сөзінен шыққан. Ежелгі түркілер «кічік ай», хакастар бұл айды бүгінге дейін «кічік қырлас ай» деп атайды. Ал, «феурал» – римдіктердің фебрарус деген сөзінен алыныпты. Бұл сөздің мағынасы садақа беріп, күнәдан тазалану деген мағынаны білдіреді екен.
Қыстың қаһарына мінетін кез нақ осы шақ болғандықтан, халқымыз ақпанды екі ағайынды деп атаған. Ол – ақ басқын мен ақ ықпа. Қатты суық, аяз, үскірік, дүлей борандар осы айда болады. Кешегі қариялар «боз тоқтыда құйрық қалды, бойжеткенде бұғақ қалды, қырлан, ақпан, қырлан!» деп қаңтар ақпанға тапсырып кетеді екен» дегенді айтып отыратын. Осы айда келетін амалды «Ақпан-дақпан алты күн, аязымен жеті күн» деген. Бұл жеті күн нағыз ай ортасына келеді. Қар жауып, жел тұрып, боран, бұрқасын болып, аяз күшейген. Қыстаудағы мал баққан ел «құт келді – жұт келді» деп ақпаннан қатты қорқып отырған. Өйткені, төрт түліктің жұтқа ұшырауы да осы айға тұспа-тұс келген. Бұл кезде мал жүдеп, жем-шөп азаяды. Тауды ықтап, ағашты паналаған төрт түлік айдалада адасып, аштық пен суықтан қырылып қалады.
Халық тілімен айтқанда, «ақпанда күн ат адым ұзарады». Бұл – жылдың ең қысқа айы. Кейде 28, кейде 29 күнмен бітіп отырады. Ай мен аспан денесіндегі құбылыстарды зерделеу арқылы ата-бабамыз ауа райын дәл болжаған. Халықтық астрономияда қыста шалқасынан туған ай аяздың қатты болатындығын білдіреді. Сондықтан, шаруа баққан адам шалқалап туған айды жақтырмай, «жарықтық, жатысың өзіңе жайлы болса да, шаруаға жайсыз» деп кейіс білдірген. Ай тігінен туса, «жайлы туыпты, күн райы шаруаға қолайлы болады», «қырынан туса күн жылы болады» деп жақсылыққа жорыған. Ай қораланса ауа райы бұзылып, жайсыз болады деп болжаған. Осындай түсінікке сай «ай оңынан туды», «айың оңынан тусын!» деген әрі тілек, әрі бата сөз қалыптасқан.
Таяғымен жұлдыз санап, табиғат құбылысын баққан шопан баласы қазір жоқтың қасы. Есесіне, арнайы орталықтар мен интернеттегі ауа райының болжамы ашсақ алақанымызда тұр. «Қазгидромет» орталығы синоптиктерінің ақпандағы күн райы болжамына қарасақ, облысымызда ақпанда биыл жауын-шашын мөлшерден аз түседі деп күтілуде.
– Бірінші онкүндіктің ортасында және соңында, үшінші онкүндіктің басында кей жерлерде қар жауады; екінші және үшінші онкүндіктердің соңында жауын-шашын болуы мүмкін. Екінші онкүндіктің соңында кей жерлерде көктайғақ болады деп күтіледі. Екінші онкүндіктің бірінші жартысында, үшінші онкүндіктің басында кей жерлерде қалың тұман түсуі мүмкін. Бірінші онкүндіктің ортасында және соңында, екінші онкүндіктің соңында, сонымен қатар үшінші онкүндіктің басында және соңында батыстан соғатын жел кей жерлерде күшейеді, – дейді мамандар.
Дайындаған Лаура ТАСТАНБЕК.