Жаңа кітап жарық көрді

  Жас ақын Сүндет Сейітовтің «Мәрия» атты екінші кітабы оқырманға жол тартты. Естеріңізде болса, былтыр «Тәубе» атты алғашқы жыр жинағы жарық көргенде елден сүйінші сұраған едік.

 

«Мәрия» кітабы – «Шыназ жыры», «Сезім жыры», «Аудармалар» атты үш бөлімнен тұрады. Тұтас кітапты парақтай отырып, туған жерге деген сарытап сағыныштың, Отанға деген сүйіспеншіліктің, ата-анаға құрметтің, балаң жаста тұтанған махаббаттың мөп-мөлдір бұлағына шөл қандырғандай болдық. Сүндеттің өлеңдерінен атамекенге оралғанына «шүкіршілік» айтып, өмірдің келеңсіздігінің өзінен сабақ алуға шақыру аңғарылып тұрады. Небәрі жиырма жасар жігіттің өз өмірінің шындығын боямасыз жеткізіп, жасандылыққа бой алдырмауы, қазақ поэзиясындағы беталысы, аудармаға ден қоя бастауы ұлылардың ізін жалғап, жолын қууға жасаған алғашқы қадамы деп түсіндік.

«Кітаптың атын таңсық көрудің қажеті жоқ. «Мәрия» сөзі қасиетті Құран Кәрімдегі «ұлы», «қасиетті» деген ұғымға саяды. «Мәриям» деген сүре де бар. Яғни Отан, ата-ана, махаббат, туған-туыс, бауыр деген секілді ұлылықтың бәрін сыйғызып тұрған бір ауыз сөз ғой» дейді автордың өзі.

Аталмыш жыр жинақ мың данамен көпшілікке жол тартты. Туындының жарық көруіне Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы мен «Қызмет» баспасының директоры Бейсенкүл Нарымбетова қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған.

Айта кетсек, Сүндет Сейітов 1998 жылы 3 қазанда Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Шыназ ауданы, Көтерме ауылында өмірге келген. 2007 жылы атамекенге қоныс аударған.

М.ТҰРЛЫБЕКҚЫЗЫ.

Пікір қалдырыңыз