«Ел тәуелсiздiгi – қастерлi құндылық»

Түркістандағы Саттар Ерубаев музейінде Тәуелсіздік күніне орай «Ел тәуелсіздігі – қастерлі құндылық» атты мерекелік іс-шара өтті. Аталған шараға облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнар Аренова, тарихи- мәдени- этнографиялық орталық пен «Рухани жаңғыру» кеңсесінің қызметкерлері және облыстағы бірқатар музейлер ұжымы қатысты.
«Бабаларымыз тәуелсіздікті ғасырлар бойы аңсаса, сол арманына ұрпақтары – біз жетіп отырмыз. Бүгінде егеменді Қазақстанның қарыштап дамуында Елбасымыздың еңбегі ұшан-теңіз. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында елімізді бүгінде бүкіл әлем таниды. Бұл да тәуелсіздігіміздің арқасы. Сондықтан да тәуелсіздігімізді қадірлеу баршамыздың борышымыз болуы керек» деді мерекелік шарада бірінші болып сөз алған Түркістан қаласының құрметті азаматы Елтай Бимаханбетұлы. Сондай-ақ, ол тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болуына тілектестігін білдіріп, аталық батасын берді. Ал, мәдениет қайраткері, ақын Нұрмахан Назаров тәуелсіздікке арнаған жыр жолдарын оқыды.
Мерекелік шара тәуелсіздік күніне арналған фотосуреттер көрмесіне ұласты.
Ә.ЗҰЛПЫХАРҰЛЫ.