Журналистиканы дамытудың модельдерi талқыланды

  Қайрат ЗАЙНИШЕВ, «Оңтүстік Қазақстан». Түркістан қаласында «Журналистика бойынша білім беру бағдарламалар модельдері: кәсіби стандарттар интеграциясы» атты ІІ халықаралық журналистика форумы өтті. ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті бірлесе ұйымдастырған форумға ҚР Білім және ғылым министрінің PR кеңесшісі Майраш Тайкенова, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті, профессор Болатбек Абдрасилов және Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанның ғалымдары, студенттері, магистранттары мен докторанттар қатысты.

 

Форум аясында «Нарыққа бағытталған білім беру бағдарламалары: академиялық ортадағы жаңа тәсілдер» бағытында баспасөз мәслихаты өтіп, онда форум жұмысы кең көлемде таныстырылды.

– Кез келген білім беру бағдарламалары нарықтың талабына негізделіп жасалуы керек. Себебі, сұранысты қанағаттандырмаса ол жарамсыз деген сөз. Сондықтан журналистиканы дамыту, соның ішінде нарыққа бағытталған белгілі салаларды, мәселен, спорт, визуалды, технологиялық журналистика секілді өзге де салаларды дамыту керек. Форумның қорытындысы бойынша 2019 жылы журналистикалық білім беретін 29 кафедраға біз бірнеше оқу бағдарламаларын енгізуді кепілдік ретінде ұсынамыз. Оларды министрлік тарапынан түскен ұсыныс негізінде дайындап отырмыз. Бұл – Жол картасы. Оның үлкен бағдарламасы «Цифрлық медиа» деп аталады. Нарыққа керегі де осы, – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, кафедра меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаева.

Ал, форумды ашқан ҚР Білім және ғылым министрінің PR кеңесшісі Майраш Тайкенова жиынның маңызы мен міндеттерін түсіндіріп өтті. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті, профессор Болатбек Абдрасилов, университеттің І вице-президенті, профессор Женгиз Томар форумның жұмысына сәттілік тіледі.

Шетелден және еліміздің әр облысынан келген сала мамандары бүгінгі күннің талабына сай келетін мамандар даярлауда тәжірибелерімен бөлісті, орамды ойларын ортаға салды.

Келесі күні қонақтар өңірдің киелі жерлеріне саяхат жасап, тарихи орындармен танысты.

Пікір қалдырыңыз