Рух, руханилық, рухтану

  Елбасы Н.Ә.Назарбаев еліміздегі рухани салаға көңіл аударуды назарға ала отырып, 2017 жылғы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады. Онда алғаш экономика, содан соң саясат ұстанымымен еліміздің экономикалық дамуын биікке көтергеннен кейін, қоғам дамуы үшін руханилықтың маңызды екенін түйсіне отырып, кең өрістің тарапты өлшемдерін ұсынған.

 

Президент осы еңбегі арқылы қазақ халқын ХХІ ғасырға дайын болу қажеттігін ескертіп өтті. Мемлекет басшысы еңбегінің басты идеясы – Мәңгілік Қазақ елінің рухани тұғырын негіздеу. Міне, бұл жөнінде мақаланың бірінші бөлімінде бәсекеге қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы тақырыптарымен берілген Президент жазбалары терең толғамдарымен тәнті етеді.

Руханилық – адамзат эволюциясымен бірге жасасқан феномен. Орта ғасырларда бұл түсінік өзінің мәнін бірегейлендіре түсті. Рухтың табиғи-биологиялық негізден бастау алатын психологиялық сапа екендігін ескерсек, рух – ұжымдық және жеке, интуитивті байыпталатын және табиғаты жөнінен иррационалды құбылыс. Сондықтан рух түпкі субстраттық болатын болса, руханилық оның жоғары деңгейіндегі саналы бейнесі. Рух жоғалып та кетпейді, өшіп те қалмайды, ол тәжірибе арқылы қайтадан туындап, өзін жаңа белеске көтеріп отырады.

Кеңестік дәуірде халқымыздың рухани-моральдық құндылықтарының тоқырауға ұшырауы қазақ еліндегі қазіргі моральдық дағдарыстардың басты негізі болып табылады. Демек, рухани сауықтыруға бағытталған шаралар қолға алынуы тиіс екені түсінікті. Рухани жаңғыру бір сәттік акт емес, моральдық сананы оңтайлы арнаға қарай жаңартуға ықпалдасатын және ұлттық болмыстың рухани жақтарын ретнизациялайтын-идентификациялайтын, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды жаңғыртатын сатыға жетелейтін ерекше феномен.

Рухани жаңғыру негізі – сананың ашықтығы екендігін назарға алсақ, үш тұғырлы тіл саясаты шынтуайтында, полиглоттық сапаға көтерілудің бастамасы. Демек, үш тіл ғана емес, 4-5, одан да көп тілді меңгеру санамыздың ашықтығына одан әрі мүмкіндік берері айқын. Осыған орай, көп тілді білу жай ғана, лингвистика емес, ол тіл арқылы әлем халықтарының мәдениетін, дәстүрін, ділі мен дінін белгілі бір деңгейде түйсіндіретін құбылыс. Рухани жаңғыру идеясы – мемлекеттік саясат қана емес, әрбір жеке тұлғаның өзін-өзі ашатын және өзін-өзі бірегейлендіретін күрделі, өзекті, мәнді идеология. Бұл идеология қазіргі заман талабына сай ыңғайластырылуы тиіс. Рухтану – өткен мен бүгінді қамтитын, тарихилық пен логикалықтың бірлігін қамтамасыз ететін қайта жаңғырудың өзіндік үлгісі. Дүниежүзілік мәдениеттің контексінде ренессанс, яғни қайта түлеу, қайта жаңғыру деген ұғым бар. Бүгінгі Рухани жаңғыру қазақ даласындағы тарихи мұраларды, тұтасымен алғанда, діл мен руханиятты қайтадан түлетуге келіп саяды.

Рухани жаңғыру тек қана, қазіргімен өлшенбейді: өткен, қазіргі, болашақ сияқты үш парадигманы тұтас қамтуы тиіс. Өйткені, рух ұғымында кеңістік пен уақыт өлшемдері болмайды. Рух қаншама ғасырлар өтсе де сол күйінде сақталады және оның мекені, белгілі орналасқан кеңістігі жоқ. Осыған орай, Елбасы Рухани жаңғыру идеясын паш етті. Рухани жаңғыру тек қана бір жылғы акт емес, үнемі қайталанып отыру тиіс циклды мән-мағынаны қамтиды. Адамзат эволюциясын жете пайымдаған И.Пригожин синергетика ілімін ұсынды. Бұл ілімде табиғи орта өздігінен қайтадан жаңарып отыратындығы және табиғат өздігінен реттелетіндігі айтылады. Бірақ, руханилықты адам баласы өзі реттеуі керек. Сондықтан әрбір елде, әрбір халықта руханилық реттелуі тиіс. Міне, осыған орай, Н.Назарбаев халқымыздың руханиятын реттеу уақыты келгендігін жете сезінгеннен кейін өзінің мақаласын жариялады. Бұл мақала қазақ халқының зиялы қауымы ортасында қолдауға ие болды. Одан соң, ғалымдар, әсіресе, гуманитарлық сала өкілдері бұл идеяны толығымен құптады.

Рухани жаңғыру идеясының түпкі мәні рухани құндылықтарға жаңаша сипат беру. Мәселен, ұлттық дәстүріміздегі қымыз, шұбат тәрізді сусындарды қазіргі таңда Еуропа мемлекеттері құрмет тұтып, оны қайтадан өңдеп, оның денсаулыққа пайдалылығын әлемге жариялап отыр. Демек, жаңғыру тек жаңашылдыққа ұмтылу ғана емес, өткеннің құндылықтарына қайтадан жаңаша баға беріп, бүгінгі күнгі заманауи құндылықтар деңгейіне үйлестіре білу, демек, заман талабына сай жаңғырта түсу деген сөз.

Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру таяу жылдардағы міндеттер аясындағы басты жобалардың біріне айналып отыр. Елбасы мақаласында латыншаға көшудің логикасын алға тарта отырып, бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылым мен білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты болып отырғанына көңіл аударады.

Адамзат баласы тарихындағы түркі әлемі деген қастерлі ұғымның түпқазығы, рухани шаңырағы ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің Отаны – қасиетті Түркістанда бабалар рухы жаңғырып жатыр. Қазақ хандығының астанасы болған ежелгі Түркістан – тегі бір, ділі бір, діні бір күллі түркі халықтарының Атажұртында басын қосып, рухын асқақтататын руханият орталығы, рух астанасы. Кезінде «Дін - апиын» деген қағида ұстанған Кеңес өкіметінің тұсында Ясауи бабамыздың кесенесі де, Түркістан қаласы да «өгейлік» көрді. Кеңестік империя идеологиясы ұлт перзенттеріне байланысты сыңаржақ көзқарас қалыптастырғанымен, халық жадынан тарихи ақиқатты өшіре алған жоқ. Соңғы деректерге сүйенер болсақ, қазақ халқының Түркістанда жерленген хандары мен билерінің, даңқты батырларының жалпы саны 130-дан асып отыр.

Елбасы Түркістанды өзінің тарихи орнына сәйкес биікке көтеруді есінен шығарған емес. Тәуелсіздік қарсаңында аудан орталығы саналатын мекенде оқу орнын ашу жөніндегі Жарлыққа қол қою мұның айқын дәлелі. Міне, Түркістан облысының дүниеге келіп, ежелгі рухани астананың облыс орталығына айналуы да Президенттің ізгі ойларының жүзеге асуы болып табылады. Сондықтан рухани астанадағы университетте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы орталығының ашылуы орынды. Қазір осы бағытта сан-салалы ізгілікті шаралар қолға алынуда.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көтерген идеясы киелі Түркістанның ұлы қасиетінің жандана түсуіне, бүгінгідей ізгілікті істердің белең алуына басты негіз болды. Қасиетті мекеннің жасарып-жаңғыруында, өсіп-өркендеуінде тәуелсіздік қарсаңында дүниеге келген халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше рөл атқарып отыр. Білім ордасы Қазақ елі тәуелсіздігінің символына, күллі түркі халықтарының білімі мен ғылымының, мәдениетінің алтын бесігіне айналып келеді.

А.АБУОВ, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жетекшісі, философия ғылымдарының докторы.

Пікір қалдырыңыз